КИНОЭПОПЕЯ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Мереке күндері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған «Елбасы жолы» атты киноэпопеяның тұсаукесері өтті.
«Елбасы жолы» киноэпопеясы осыдан 2 жыл бұрын жарыққа шыққан «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы. Ол «От өзен» және «Темір тау» деген екі фильмнен құралған.
– Кинотуынды 1,5 жыл түсірілді. Елбасы өмірбаянының ізімен жүріп 58-жылдан бастап 68 жылға дейінгі 10 жыл аралығын қамтып, 1,5 жылда достарыммен, шығармашылық тобыммен тоқтамай күні-түні түсірдік. Екі толықметражды фильм дүниеге келді, – деді киноэпопея режиссері Рүстем Әбдірашев тұсаукесерде.
Айтуынша, киноэпопея түсіріліміне жүзден аса әртіс жұмылдырылған. Олардың қатарында Бибігүл Төлегенова, Нұржұман Ықтымбаев, Нұрлан Әлімжанов, Мәдина Есманова, Наталья Арынбасарова, Айдос Бектеміров, тағы басқалар бар.
Фильмнің сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашов бірлесіп жазған.
«Киноэпопеяның жалғасы болады. Бұл екі картина Елбасының билік шыңына дейінгі жолын баяндайды», – деп түсіндірді фильм режиссері.