Қала тіршілігі

Кітапханалар қоры толықты



Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен оқу орындары кітапханалары жаңа еңбектермен толықты. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шыққан «Астана: өнер ордалары» мен тарихшы-ғалым Зиябек Қабылдиновтың қазақ пен орыс тілдерінде жарық көрген «Астана тарихы» кітаптарының мыңнан астам данасын кітапханалар мен білім беру орындары өкілдеріне қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов тапсырды.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттерді жүзеге асырудың шеңберінде көп жұмыс атқарылды. Жыл аяғында солардың бәріне қорытынды жасап жатырмыз. Соңғы төрт-бес айдың ішінде біз біраз шаруа тындырдық. Соның ішінде 10 шақты кітап шығардық. Бұл кітаптарды тек елорданың кітапханалар жүйесіне ғана емес, мектептер мен колледждерге, жоғары оқу орындарының кітапханаларына да сыйға тартамыз. Осы еңбектер оқырмандардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Себебі бұл кітаптарда Астананың байырғы күндерден бастап, қазіргі күндерге дейінгі тарихы қамтылды. Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, Тілдерді дамыту, Білім басқармаларымен бірігіп, келесі жылы тағы да өлке тарихы жайлы, ел­­орданың әр кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, оның жаңа бейнесін айшықтайтын кітаптарды басып шығаруды мақсат етіп отырмыз» деді Ерлан Қаналимов.
Келесі жылы Астана 20 жылдық мерейтойын өткізетінін, бұл шара жыл бойы аталып өтілетінін жеткізген басқарма басшысы оның аясындағы шараларға кітапханалар мен оқу орындары да белсене атсалысатынына сенім білдірді.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button