КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КӨРЕР ШАҚ АЛДА
Газды пайдалану – экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық тазалығы жағынан да тиімді. Астана қаласы біртіндеп көгілдір отынға көше бастады.
Экологиялық таза отынды алдымен елордалық қоғамдық көліктер пайдалануда. Былтыр Президент күні қарсаңында ел игілігіне жараған «Экотаксилер» тегіс газбен жүреді. Ал, биыл қала билігі сұйытылған отынмен жүретін 350 автобус сатып алмақшы. Бұл жолаушы көліктерінің 200-і Астана күні қарсаңында жеткізіледі деген жоспар бар. Ал, қалған 150-і 2014 жылдың соңына дейін әкелінетін болады.
Көліктерін көгілдір отынмен жүргізе бастаған Астананың өзіне газ қашан келеді? Бұл сауал, әсіресе, қаланың шеткері аймақтарындағы жұртшылықты толғандырып жүргені анық. Ағымдағы жылдың аяғына қарай «Қазмұнайгаз» ҰК Астанаға магистральды газ құбырын тартуды және автоматтандырылған екі газ тарату станасасы құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Егер газбен қамтуға арналған алғашқы жобалар сәтті аяқталса, алдымен шеткі аймақтағы жеке тұрғын үй секторлары мен Индустриалдық паркте көгілдір отын лаулайтын болады.
Жалпы алғанда, қалаға 1,2 млрд текше метр газ қажет көрінеді.