Мәдениет

Көне кілемнің құпиясы

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы «Пазырық кілемі» виртуалды көрмесін ұсынды.

Біздің заманымызға дейінгі VI-III ғасырларға жататын Пазырық мәдениетінің қорғанынан табылған түкті кілем – құнды археологиялық олжаның дәлме-дәл көшірмесін береді. Әлемдегі ең көне түкті кілемнің түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі мемлекеттік Эрмитаж музейінде сақталған.
Кілем 1949 жылы ғалым С.Руденконың басшылығымен КСРО ҒА Археология институтының экспедициясы жүргізген тайпалық ақсүйектердің отбасылық зираты саналатын бес үлкен тас обаның бірі – бесінші Пазырық қорғанынан табылған.
Пазырық археологиялық мәдениеті Алтай және Қазақстан мен Моңғолияның шектес аумақтарында ерте темір дәуірінде өмір сүрген. Бұл мәдениет Шығыс Қазақстандағы Берел қорымы арқылы да жақсы мәлім. Аталған мәдениеттің басты ерекшелігі – «мәңгі тоң» сияқты табиғи құбылысқа байланысты болып келеді. Осындай «Мәңгі тоңның» арқасында металл, керамика, тастан жасалған заттар ғана емес, соның ішінде пазырық кілемі де бүгінге сол қалпында жетіп отыр. Пазырық кілемінің пішіні шаршыға жақын (183*200 см.), қой терісінен жасалған. Ашық, қызыл, жасыл, сары түстердің сақталған жіптері үлкен бастап­қы жарықтылық пен колорис­тикалық байлықты білдіреді. Кілемнің орталық алаңы бес жиекпен шектелген. Қазіргі күнге дейін кілемнің шығу тегі туралы әртүрлі көзқарастар бар. Алайда пазырық кілемі ежелгі өнер тарихының құнды жәдігері саналады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button