Жаңалықтар

КӨПШІЛІК КӨҢІЛІ КӨНШІДІ



Ұлыстың Ұлы күні Алматы ауданының Қырқыншы кентіндегі №29 мектепте «Армысың, әз Наурыз» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.

Барлық исі мұсылман бірін-бірі көктем мерекесімен шынайы құттықтайтын бұл күнде осы ауданның тұрғындары аталмыш мектепке ағылды. Ұлттық нақышта безендірілген залдың ортасына ақ дастархан жайылып, оның үсті ұлттық тағамдарға толтырылыпты. Онда бауырсақтың түр-түрі, қазы-қарта, жал-жая, ірімшік, сүттен жасалған сан алуан тағамдар – бәрі тегіс қойылған.   Мерекені қызықтауға келгендер де шат-шадыман көңіл-күймен өкпе-реніштерін ұмытып, нау­рыз көжеден дәм татып, төс қа­ғыстырып, игі тілектерін білдіріп жатты. Осындай бір жарасымды сәтте ортаға шыққан Алматы ауданы әкімінің орынбасары Ә.Қуатбеков жиналғандарды көктемгі жаңару мерекесімен шын жүректен құттықтап, әр отбасына амандық, береке-бірлік, тыныштық тіледі.

– Күн нұрына жылынып, мал өсіп, ақ молайып, тіршілікке қасиет нұры құйылатын бұл мезгіл – бірліктің, ынтымақтың, береке мен татулықтың мерекесі. Ендеше, бірлігіміз нығайып, берекеміз арта берсін. Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді Әлихан Жұмаханұлы.

Шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы көрсетіліп, балаларға наурыз мерекесінің басты тағамы «Нау­рыз көже» туралы, «Қыдыр ата» жайында түсінік, мәлімет берілді. Соңынан спорттық шаралар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен мерекелік шараға қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button