Басты ақпаратЕлорда тынысы

Күн суықта ыстық тамақ таратылды

Елорда мешітінің имамдары мен меценаттары, аязға қарамастан, Астана көшелерін қардан тазалап жүрген коммуналдық қызметкерлерге алғысын білдіріп, ізгі көңілмен жан жылуын сыйлады. Қолына күрек ұстап жұмыс істеген адамның бойына түскі ас күш-қуат береді. Осыны ескеріп, «Көктал» мешітінің имамдары мен жамағаты палау мен шай тарату науқанын бастады. Эстафетаны елорданың барлық мешіттері қабылдады.

«Бұл бір реттік шара емес. Қатты аяз кезінде тұрғындарымызға қолдау көрсеткіміз келеді. Ауа райы жақсарғанша осындай қайырымдылық шарасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Акцияға белсенділік танытып, ұйымшылдық танытқан елорда имамдарына алғыс білдіремін» деді Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.

Ұйымдастырушылар бірнеше әлеуметтік нысандағы және көшеде қар тазалап жүрген 200-ден астам адамға ыстық шай мен палау таратты.

«Бұл салада қызмет еткеніме алты жылдан асты. Суық күндері жұмыс өнімсіз болады. Осындай сәтте қайырымды жандар бойға жылу беріп, жұмысқа шабыт сыйлады. Бәріне алғыс білдіремін» дейді жол жөндеуші Ардақ Әбілова.

Акцияға «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері де қатысты. Олармен бірге астаналық мешіттер қолайсыз ауа райында астаналықтарды қолдау мақсатында бұған дейін де бірнеше қайырымдылық шарасын өткізген болатын.

Қатты аязды, әсіресе, таң ата жұмысқа барып, кешқұрым үйге автобуспен қайтатындар ерекше сезінеді. Бүрсең қаққан астаналықтарды аязды күні барар жеріне тоңбай әрі тегін жеткізу мақсатында астаналық мешіттер «тегін такси» науқанын өткізді.

20 көлікті тізгіндеген имамдар мен шәкірттер таңғы 08:00-ден бастап әртүрлі бағытқа бет алған тұрғындарды барар жеріне тегін жеткізуде.

«Мұндай акцияларды бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Астананың аязды күндерінде азаматтарымызға қол ұшын созғымыз келеді. Басқа жүргізушілерді де акцияға қосылуға және тұрғындарға көмектесуге шақырамыз» деді Астана қаласының және Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы ­Ерболат Жүсіпов.

Қала тұрғындары «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осынау іс-шараға белсене атсалысып, өздерінің игі мақсаттағы көмегін тигізіп жатқан көлік жүргізушілеріне алғысын жаудырып жатыр. Игілікке шақырып, жан жылуымен бөлісетін науқан аяздың беті қайтқанша жалғасады. Тегін таксилерді көліктегі жапсырма арқылы ажыратуға болады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button