#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Рәшкүл Оспанәлиева: «Атақ-абырой адал еңбекпен келеді»

Оспанәлиева Рәшкүл Жәлелқызы 1961 жылы 20 қазанда дүниеге келген. Білімі жоғары, 1984 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының Алматы филиалын бітірген. Мамандығы – инженер-технолог.

 Еңбек жолын 1978-1979 жылы Жамбыл облысындағы Абай орта мектебінің мұғалімінен бастаған. 1984-1991 жылдары Шымкент қаласында «Шымкент астық өнімдері» комбинатының нұсқаушы-тәлімгері, инженер-метрологы, өндірістік-техникалық бөлімнің аға инженері, карбомид цехының техник-лаборанты, 1992-1994 жылдары Шымкент қаласындағы №35 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болды. Одан кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, «Айнұр» шаштараз салонын ашады. 1997-1998 жылдары Шымкент қаласында «Қанат» ЖШС-нің директоры қызметін атқарады. 1998 жылы «Береке» ЖШС-нің директоры болған Рәшкүл Жәлелқызы – қазір «Береке А корпорациясы» ЖШС-нің президенті.

  Бірнеше рет Оңтүстік Қазақстан облыстық және Шымкент қалалық мәслихаттарына депутат болып сайланды. Бірнеше мемлекеттік марапатқа ие. Жамбыл облысы Шу ауданының, Түркістан облысы Бәйдібек, Төлеби аудандарының Құрметті азаматы.

«Қазір жұмыла жұмыс істейтін уақыт»

– Рәшкүл Жәлелқызы, сіз халық игілігі мен мүддесі жолында аянбай тер төгіп келе жатқан елге белгілі, қадірі мен абыройы бар, сөзі өтімді ерек адамсыз. Мәслихат депутаты ретінде көпшіліктің көкейкесті мәселелерін шешуге де тікелей араласатыныңызды жұртшылық жақсы біледі. Жергілікті жердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, бизнеске байланысты түйткілді мәселелерін жақсы білетін беделі биік кәсіпкерсіз, халықпен де, билікпен де қарым-қатынасыңыз жақсы, жұрттың пікіріне жүрдім-бардым қарамай, құлақ асатын депутатсыз, айтыңызшы, қайта сайланған Мемлекет басшысының ұстанған саясаты мен көзқарасын көпшілік құптап отыр деп санайсыз ба?

– Мен жағымпаздық пен жалпақтауды суқаным сүймейтін адаммын. Егер жаңа өзің айтқан азды-көпті абырой-беделге ие болсам, оған адал еңбекпен жеттім, ешкімге жастық болып жалпақтағаным жоқ. «Барды бар, жоқты жоқ» деп бетке айтатын турашылдығымнан талай рет «таяқ жесем» де, сол мінезімнен айныған емеспін, айнымаймын да.

Шынын айтайын, Мемлекет басшысының саясаты мен бағыт-бағдары өте дұрыс. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты және табанды іс-әрекеті көптің көкейінен шығып отыр. Басқасын айтпағанда, Президенттің Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауын алайық. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы  жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарын атап берген жоқ па? Оның ішінде жаңадан кәсіп ашамын дегендерге үлкен қолдау бар. Оларға қайтарымсыз мемлекеттік грант берудің өзі зор демеу емес пе? Тіпті жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін айтты. Бұл – үлкен қолдау. Жеңілдетілген несие – жастар арасында кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндігі. Менің бизнес саласында еңбек етіп келе жатқаныма отыз жылға жуық уақыт болып қалды, бұған дейін жеңілдетілген несие дегенді көрген де, естіген де емеспін.

Болашақ ұрпақтың игілігі үшін «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қолға алынды. Бұл – әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көретін жағдай. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл адам капиталын дамытуға өз септігін тигізетіні анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әр саладағы кілтипан тұстарды жіпке тізіп беріп, одан арылу үшін түбегейлі реформа жүргізу қажеттігін айтты. Әрине,оның іске асуына уақыт керек. Қазіргі таңдағы қарқынды қимыл-әрекетке қарағанда, реформалардың ойдағыдай орындалатынына сенуге болады.

Қарап отырсақ, Президенттің дұрыс саясаты арқасында қазір мемлекет пен халық бір-біріне етене жақындай түсті. Түрлі әлеуметтік желі арқылы мемлекет тұрғындармен белсенді байланыс жасап отыр.

Шынын айтайын, Мемлекет басшысының саясаты мен бағыт-бағдары өте дұрыс. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы нақты және табанды іс-әрекеті көптің көкейінен шығып отыр

Мәжіліс пен мәслихаттарға депутаттарды сайлау жаңа сипатта өткізілмек. Жалпы, Мемлекет басшысының экономика мен саяси жүйеге, әлеуметтік және басқа да салаларға байланысты қолға алған ауқымды істеріне көңіл сүйсінеді. Енді соны сырттай бақылап отыр­май, әрқайсымыз қолдан келер үлесімізді қосуымыз қажет. Қазір жұмыла жұмыс істейтін уақыт. Сонда ғана мемлекетіміз дамып, халықтың әл-ауқаты артады.

– Сіздің депутаттық додаға тағы да түсу жоспарыңызда бар ма?

– Бұл сұрағыңызға жауап бермес бұрын сәл-пәл шегініс жасайық. Кешегі кеңестік жүйе кезінде қарапайым жұмыс істейтін, белсенділігі байқала қоймайтын әйелдерді қолынан жетелеп апарып «жасанды депутат» жасайтын еді ғой. Тіпті бұл күні еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де жалғасқан жоқ па? Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы, біреудің көкесі жақсы дегендей, депутаттық корпусқа кездейсоқ адамдар өтіп кетті. Соны көріп жүрген мен осындай келеңсіздікке шыдай алмай, 2003 жылы алғаш рет облыстық мәслихат депутаттығына сайлану үшін бақ сынағым келді. Алайда кейбір кісілер кандидатурамды қайтып алдыртты. Тіпті рэкеттерді де жібергені бар. Арада екі жылдай уақыт өткенде Шымкент қалалық мәслихатындағы босаған орынға депутат болып сайландым. Одан облыстық мәслихаттың мандатын иелену бағыма бұйырды.

Қазір заман өзгерді, уақыт басқа. Бүгінгі таңда әбден ысылған, өмір көрген, өзін саясат сахнасында көрсете алған қыз-келіншектерге депутат болуға мүмкіндік бар. Сондықтан неге жаңа сипатта өткелі отырған депутаттық додаға тағы да түсіп,  бағымды сынап көрмеске?.

– Кейбіреулер «Кәсіпкерлер жеке бизнесі үшін депутаттық мандатқа таласады» дегендей пікір айтады. Осы қаншалықты рас?

Бұл – жалған пікір. Менің қалалық және облыстық мәслихатқа депутат болғаныма он жеті жыл болды. Халық сайлады, сенім білдірді. Бірақ мен үшін жеке бизнес пен депутаттықты қатар алып жүру пайда әкелген жоқ, керісінше кедергі жасады. Депутаттық мандатты иеленгенге дейін ешқайда алаңдамай, жеке бизнесімді ойдағыдай жүргізуге уақыт жететін еді, қазір жетпейді. Себебі сайлаушылардың аманаттары аз емес. Оның бәрін орындауға қыруар қажыр-қайратың мен уақытың кетеді. Оны қойшы, жаныңды жаралайтын тағы бір жағдай бар: депутат ретінде көпшілікке ортақ мәселе көтерсеңіз болды, кейбіреулер «Тендер ала алмай қалғаннан кейін осылай байбалам салып жатыр» дегендей қисынсыз әңгімелердің ұшын шығарғысы келеді. Мұның менің кәсібіме залал келтіретін жағы да жоқ емес. Кейде депутат ретінде қаттырақ сөйлеп қойсам, корпорацияны тексеріп, қорқытқысы келгендер де болды. Былайша айтқанда, халықтың жағдайына байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, батыл сөйлесең, тізесін батырғысы келетіндер депутат болған алғашқы жылдары кездесті. Бірақ, бәрібір шындықты айтпай жүре алмайсың ғой. Оның үстіне қалада болсын, ауылда болсын, арыз жазуды әдетке айналдырғандар бар. Олар жан-жаққа жіберетін арыздарын депутат екенімнен бастайтынын қайтерсіз? Бірақ, қанға сіңген қасиет, бәрібір шындықты айтпай жүре алмаймын. Ақиқат бәрінен қымбат.

– Рәшкүл Жәлелқызы, қалалық мәслихатта Жолдауды талқылаған бір басқосуда халық санын көбейтуге байланысты да өз ұсынысыңызды  айтқаныңыз бар еді?

– Иә, айтқаным рас. Қазақстанда он тоғыз миллион халық тұрады, оның ішінде он екі миллионы – қазақ. Олардың отыз пайызы – жастар. Жастарға жағдай жасалса, тезірек отбасын құруға тырысады. Үйі жоқ, күйі жоқ болса, уақыт өткізіп жүріп алады. Біз көпбалалы жас отбасыларға жалдамалы пәтерлерді жеңілдікпен беруіміз қажет. Жас шаңырақ иелеріне жұмыс істейтіндей жағдай жасап, барынша қолдау білдіру керек. Сонда ғана Қазақстанда бала туу мен өсу көрсеткіші жақсы болады.

– Суррогат аналарға байланысты да жақсы ой айтқан едіңіз?

– Ғаламтордағы кей жарнаманы қарасаңыз, баланы тоғыз ай көтеріп, босанғаны үшін суррогат ана тоғыз миллион теңге алады екен. Мамандар бұдан бөлек ай сайын арнайы төлемақы мен пәтерақы да төленетінін айтып отыр. Репродуктолог Мира Нұрашованың айтуынша, әйелдер бұған көбіне жұмыссыздықтан баратын көрінеді.

Бірақ, қазаққа жат «мұндай жұмыс» жақсылыққа апармайды. Бәлкім, әйелдер тұрмыс жағдайларын жақсартуға талпынатын шығар. Бірақ мұндай әрекетке барған аналар тоғыз ай бойы көтерген баласын біреуге берген кезінен бастап, өмір бақи өзін кінәлап өтуі мүмкін. Оның үстіне осындай жолмен өмірге келген сәбилер Қазақстанның бала өсімін көбейтпейді. Өйткені олар шетел асып кетеді. Қазақстандық аналарға көбіне ресейліктерден сұраныс көп түседі екен. Демек, суррогат аналар – осы ел халқының санын көбейтеді деген сөз.

– Бала туралы әңгіме қозғап қалдық ғой, осыған сабақтас тағы бір мәселе бар, «Шымкентте балалар дәрігері жетпейді» деп шырылдап жүргеніңізге біршама уақыт болды…

– Бұл да – өзекті мәселенің бірі. Шымкентте балалар дәрігерлері тапшы екені рас. Бүлдіршіндерді емханаларда терапевтер қарайды. Ал екпені балабақша мен мектеп медбикелері салады екен. Осы мәселені өзім ғана емес, қалалық мәслихат депутаттарының көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды. Менің пікірім, медициналық мекемелерде балалар үлкен жастағы азаматтармен бірге кезекте тұруы дұрыс емес. Педиатр дәрігерлерді көбейтудің жолын іздеген жөн. Бұл – тек Шымкент қаласына ғана емес, республиканың басқа да өңірлеріне тән өзекті мәселе.

«Сауапты іс адамды мың түрлі пәледен сақтайды»

– Қазір Түркістан өңірінде, көзіңізге мақтағандық емес, бедел-абыройыңыз биік. Бұл адал еңбектің арқасында екенін сөз басында айтып қалдыңыз. Әйтсе де осындай деңгейге жетуде отбасындағы тәрбиенің, әке-шешенің де ықпалы болған шығар…

– Әрине, болды. Мен Жамбыл облысының Шу ауданында көпбалалы отбасында өстім. Он ұл-қыздың тұңғышымын. Әкем қырық тоғыз жасында  өмірден өтті. Бірақ сол аз ғұмырының өзінде елге сыйлы, қадірлі бола білді. Бәрімізді бала күнімізден еңбекке, адалдыққа тәрбиеледі. «Біреудің ала жібін аттама, ешкімге қиянат жасама, тура жүр, шамаң жетсе жақсылық жаса, қамқорлық көрсет, өсіп-өнген ортаңды, ауылдастарыңды ұмытпа» деп айтудан жалықпайтын еді, жарықтық әкем. Бойымдағы турашылдық да – әкемнен жұққан қасиет. Мінезім әкеме тартқан дейтін себебім, шындықты бетке айтып тастаймын да, соңынан кек сақтамаймын. Тез ұмытамын. Әкем де осындай болатын.

Анамның қайтыс болғанына көп уақыт болған жоқ. Көзі жұмылғанша ауылдағы қарашаңырақта тұрды. Немерелерін тәрбиеледі.

Бауырларымның барлығы шама-шарқынша жоғары оқу орнын бітіріп, бір-бір мамандық иесі болды. Арамызда мұғалім де,  дәрігер де, қаржыгер де, экономист те, кәсіпкер де бар.

Ата-анамның өмір жолынан, туып-өскен отбасымдағы жағдайдан көңілге түйгенім, осы уақытқа дейін жинаған дүниеміз де, абыройымыз да, атағымыз да – балаларымыз. Өйткені есіктегі басыңды төрге сүйрейтін де, керісінше төрдегі басыңды босағаға апаратын да – осы балаларың, олардың іс-әрекеті. Өмірдің мәні перзентпен өлшенеді екен. Аллаға мың мәрте шүкірлік етемін. Ұл-қыздарым көштен қалмай, лайықты жоғары білім алды, қазір өз қолдары өз ауыздарына жетті, кәсіпкерлікті дөңгелетіп отырғандары да бар. Тәуба!

– Осы оңтүстік өңірде талай сауапты іс жасағаныңызды жақсы білеміз, ал ауылыңызда мешіт салуға не себеп болды?

– Жоғарыда айтып кеттім, менің кіндік қаным тамған жер – Жамбыл облысы Шу ауданының Абай ауылы. Шу қарасораның ордасы екені жұртшылыққа мәлім. Мешіт салдыртуымның негізгі себебі – қарасораның елге тигізіп жатқан орасан зиянына байланыс­ты болды.

Мен сізге есірткіге байланыс­ты бір жағдайды айтайын. Бала күнімде, одан кейін студент болған бірінші жылы да ауылдағы бауда адамның бойымен шамалас болып, серейіп өсіп тұратын шөп есірткі екенін білмеппін ғой. Әлі есімде, Алматыға институтқа түскен алғашқы жыл болатын. Студенттердің қолынан дипломат көрсек, қызығып қарайтын уақыт. Көбіміздің қолымыз жете бермейтін. Бір күні Қарағандының бір жігіті қара дипломатты көрсетіп, «Рәшкүл, ауылдарыңда анаша өседі екен ғой, мен осы дипломатты саған беремін, сен маған анаша әкеліп берші» деді. Сол сәтте «Оңай жерден олжалы болдым ғой» деп қуанып кеттім. «Ауылға келіп, бұл жайлы ең алдымен, әкеме айттым. Әкем шошып кетті, «Ол үшін адам сотталады» деді. Анаша үшін адам сотталатынын сол кезде алғаш рет естідім.  Кейін осы кесапат шөптің кесірінен талай адамның темір торға қамалып, тағдыры талқан, отбасы ойран болғанын көзім көрді. Ауылда қара сораның кесірінен сотталған жастардың қатары көбейіп кетті. Ауыл азғындап, сораның кесапатынан жастар сорлап жатқанын көргеннен кейін мешіт салу ойыма келді. Осы арқылы жастарды дұрыс жолға салуға бел будым.

– Рәшкүл Жәлелқызы, сізге «Жақсы іске жанашыр, адамдарға жақсылық жасауға жақын тұрады» деп баға берген сөзді талай адамның аузынан естідім. Бұл атыңызды шығару үшін бе, жоқ әлде басқадай себебі бар ма?

– Бұл – әкем мен анамның бала жасымнан құлағыма құйған пәлсафасы. Олар «Шамаң жетсе, қолыңнан келсе, адамдарға жақсылық жасаудан тайынба, қол ұшыңды бер!» дейтін. Сол сөз санамда жатталып қалды. «Береке А» корпорациясын құрғаннан кейін жұмысымыз алға басып, тұрмыс-тіршілігіміз түзеліп, жағдайы жоқтарға қарайласатындай мүмкіндігіміз болды ғой. Жасыратыны жоқ, кейде негізгі жұмысымды ысырып қойып, көмек сұрап келгендердің қарасы көп болғандықтан, соларға көбірек көңіл бөлуіме тура келген кездер де болды. Бірақ, бір байқағаным, масылдық өмірге төселіп алатындар да болады екен. Олар, қол-аяғы сау, ақыл-есі дұрыс, бірақ адал еңбекпен ақша тапқысы келмейді, есесіне қайта-қайта алақан жайып келе бергенге еш арланбайды. Соған көзім жетті. «Егер шын қиналып жүрсеңіз қолымнан келген көмегімді жасайын, еріңізді немесе балаңызды жұмысқа алайын, еңбек етіп, нәпақасын тапсын» десем, «Не сенен жұмыс сұрап келдім бе, берсең ақшаңды бер, бермесең басымды қатырма» деп өзіме тап бергендер де болды. Кейде ойлаймын, мен кәсібімді бастау үшін ешкімге алақан жаймай, техника, басқа да керек-жарақ жабдықтарды алу үшін миллиондаған доллар несие алғанымды, оны айтарлықтай өсіммен қайтаруым керек екенін кейбіреулер білмейді-ау шамасы. Маған ақша аспаннан жауып жатқан жоқ. Табыс тынымсыз тірлік, күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндер, жүйелі жұмыс  арқылы келеді.

Негізі «Береке А» корпорациясы қайырымдылық шаралардан еш уақытта шет қалған емес. Әсіресе, қарапайым адамдар қиын жағдайға тап болғанда, жаным жай тауып отыра алмаймын. 2008 жылы Сарыағаштың бірнеше ауылын су басты. Барар жер, басар тауы жоқ жұрт баспанасыз, далада қалды. Осыған көз жұма қарай алмадым. Көрмегендей, білмегендей кейіп танытқымыз келмеді. Корпорация тез арада он үй салып берді. «Дос­тық» ауылында аз қамтамасыз етілген отбасыларға алты үй, Қазығұрт ауданында он үй салынды.

Аты-шулы ВИЧ оқиғасы кезінде де корпорация сырт қалған жоқ. Бір баланың тұрақты емделуіне бар керекті қаржысын төлеп бердік.

Шымкент қаласы күні кешегіге дейін сәулетті ғимараттарымен мақтана алмағанын жұртшылық жақсы біледі. Басқасын айтпағанда, дүниеге сәби әкелуден Қазақстан бойынша алдыңғы орында тұрған шаһарда Неке сарайы жоқ болатын. Осыған байланысты облыс әкімі кәсіпкерлермен кеңес өткізгенде, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы құрылысты қолға алуға ниет еттім. Бұл корпорация үшін табысты болмаса да, осындай тәуекелге бардым. Рас, қаржыны маңдай терімізді сығып жүріп, тірнектеп табатынымызға ешкім талас тудырмайды. Бірақ тәуелсіз еліміз болмаса, ол қаржыны қайдан алар едік? Кім береді оны бізге? Ешкім де бермейді. Тапқан табысымызды кәсібімізді дөңгелетіп отырған қаланың көркейіп, сәулеттенуі үшін жұмсасақ, оның несі айып?!.

Бәрін тізіп айта берсем, мақтан­ғандай боламын ғой. Пандемия кезінде жұмыс тоқтағанына қарамастан, адамдарға шарапатымыз тисін деген ниетпен дәрі-дәрмек, екпе үшін жиырма бес миллион теңге аудардық.

Біздің корпорация Шымкент қаласында ғана емес  Қазығұрт, Төле би, Сарыағаш және Бәйдібек аудандарында да көптеген қайырымдылық іс-шараларға араласты.

«Адам баласы бағындыра алмайтын биік болмайды»

– Рәшкүл Жәлелқызы, шыныңызды айтыңызшы, мықты кәсіпкер болу кез келген адамның қолынан келе ме?

– Егер адам алдына үлкен мақсат қойып, соған жету үшін қажымас қажыр-қайрат көрсетсе, бағындыра алмайтын биік болмайды. Әрине, бәрі тақтайдай тегіс болады деп айту қиын. Сүрінесің, құлайсың, шалдығасың, меселің қайтады… Егер соған еңсең езіліп, тауың шағылса, онда асқақ арманың адыра қалады. Бастаған ісіңді жарты жолда қалдырмай, соңына дейін жеткізуге күш-жігеріңді сарқа жұмсауың керек. Мұны өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жұбайым Әлішер Толыбаев екеуміз бизнесті бастаған уақытта, лайықты баспанамыз да болмады. Екеуміздің істемеген кәсібіміз жоқ шығар. 1984-1990 жылдар аралығында өкіметтің жұмысын істей жүріп, бал арасын асыраумен айналыс­тық. Күз мезгілінде Шымкентте түнге қарай салқын болады. Ал ара үшін ауа райы жылы болуы керек. Бұл уақытта Тәжікстанда күн жып-жылы. Омарталарды сонда көшіретінбіз. Бұл айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде өте қиын.

Одан кейін балапан да өсірдік, мал да бақтық. Әйтеуір Әлішер екеу­міз үйленген күннен бастап негізгі жұмысымызбен қатар кәсіппен де айналыса бастадық. Қол қусырып, қам-қарекетсіз отырған күніміз болған емес. Өйткені бір айлыққа қарап отырсақ, күнкөрісіміз мәз болмаушы еді.

Өкінішке қарай, осыдан үш жылдай бұрын жолдасым Әлішер қатты сырқаттанып, қайтыс болып кетті, қазір корпорацияның жұмысын одан әрі өзім жалғастырып отырған жайым бар.

– Корпорацияның негізгі айналысатын ісі қандай?

– Жол құрылысы. Көпір саламыз. Тек Түркістан өңірінде ғана емес, республика көлемінде атқарған ауқымды жобаларымыз бар. Басқасын айтпағанда, ғасырлық жоба «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автомагистраліне өз үлесімізді қосқанымызды мақтаныш етеміз.

Жол құрылысы материалдарын да өзіміз дайындаймыз. Асфальт зауыттарымыз бар. Ондағы жұмыс толық компьютерлендірілген. Жол салатын, тегістейтін технологияларды ұдайы жаңалап тұрамыз. Германия, Қытай секілді мемлекеттерден арнаулы мамандар шақырып, жаңа қондырғылардың қыр-сырына жұмысшыларды үйретіп, кәсіби шеберліктерін шыңдауға да жете мән береміз.

– Рахмет, сұхбатыңызға! ­Жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button