Мәдениет

«Күлше қызды» көрсетеді

5-6 ақпан күндері «Астана Балет» ­театрының сахнасында Надежда Калинина хорео­графиясын қойған «Күлше қыз» балеті өтеді. Әйгілі композитор Сергей Прокофьев музыкасын жазған туындыны театрдың симфониялық оркестрі (қоюшы-дирижері Арман Оразғалиев) орындайды.

[smartslider3 slider=1953]

Аталмыш театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, баршамыз­ға кішкентайымыздан белгілі ертегі жаңа қырынан ашылып, көрермен қауымды құпия сыр мен ғажайыптарға толы атмосфераға жетелейді. Балетмейстер Н.Калинина әр кейіпкерге тән мәнерлі би, әсем вариациялар мен дивертисменттер шығарған. Классикалық балет пен заманауи би стилін біріктірген бірегей хореографияның арқасында сюжет желісін еркін танып отырасыз.

Кейіпкерлердің мінезі дәл суреттелген. Бишінің әр қимылы оқиға барысын аңдатады. Балетте езу тартқызар сәттер де көп. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетовтың айтуынша, сырт қарағанда жеңіл көрінетін спектакль, шын мәнінде, өте күрделі туынды. Сол себептен әртіс­тердің орындаушылық шеберліктерімен қатар актерлік ойын өрнегін де талап етеді.

Суретші Сергей Нови­ков­тың көркем декорация­ларын атап өту керек. Соның арқасында көрермен қауым шынайы өмірден сән-салтанат пен ғажайыптарға толы ертегі әлеміне қарай қадам басады.

5 ақпанда Күлше қыз бейнесінде театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, ал 6 ақпанда Назерке Аймұхаметова көрінеді. Ханзада партиясын, сәйкесінше, Қазбек Ахмедьяров пен Сүндет Сұлтанов орындайды. Өгей шешені Айжан Мұқатова мен Аңсаған Көбентай сомдайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button