ӘлеуметБасты ақпарат

Ләззат ҚАЛТАЕВА, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: Ерекше жандарға қолайлы орта қажет

Жыл сайын 3 желтоқсанда бүкіл әлем Халықаралық мүгедектер күнін атап өтеді. Осы дата қарсаңында жеті жасынан арбаға таңылса да, белсенді өмір салтын ұстанып келе жатқан ерекше жан, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат ҚАЛТАЕВАМЕН әңгімелесудің сәті түсті. Бұған дейін оның «Шырақ» мүгедек әйелдер бірлестігін басқарып, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болғанын оқырман қауым жақсы біледі. Бұл жолғы әңгіме мүгедектігі бар адамдардың проблемалары ­төңірегінде өрбіді.

– Ләззат Молдабекқызы, келе жатқан Халықаралық мүгедектер күні құтты болсын! Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша әлем халқының шамамен 15 пайызы мүгедектіктің қандай да бір түріне шалдыққан. Астанада олардың қатары 32 мыңнан асып барады. Жалпы, осындай ерекше қажеттілігі бар жандардың бүгінгі хал-­ахуалы қандай? Технология қарқынды дамып келе жатқан қазіргі әлемде ерекше жандардың оқуына, жұмыс істеуіне, шығармашылықпен, спортпен және т. б. айналысуына тең мүмкіндік қарастырылған ба?

– Шынында да, желтоқсанның 3-і – әлемдегі барлық мүмкіндігі шектеулі жан үшін аса маңызды күн. Менің ойымша, бұл – мереке емес, мүгедек адамдардың құқығын қолдау үшін бәріміз өз ойымызды ортаға салып, пікір білдіретін күн. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдардың және оларды біріктіретін ұйымдардың белсенділігі соңғы 3-4 жылда күшейе түсті. Мұндай адамдар бұрын қоғам алдына шығып, күрделі проблемаларды қозғай алмайтын. Бүгінде олар тек әлеуметтік қорғауға қатысты мәселелерді ғана емес, көпшілігіне өз құқығын жүзеге асыру үшін тең мүмкіндік құрудың қажеттілігін алға тартуда. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі заманғы ғылым, IT-технологиялар ерекше жандардың мүмкіндігін кеңейтті: жоғары технологиялы протездердің жаңа түрлері пайда болды, ыңғайлы және сенімді көлік құралдары шыға бастады, көру қабілеті нашар адамдардың өзіне қажетті барлық ақпаратты алуына мүмкіндік туды, олар дауыс-компьютер бағдарламалары арқылы қалаған адамы­мен сөйлесе алады, балалар экзоскелеттерді пайдаланады, ал есту қабілеті нашар адамдар сурдоаударманы онлайн ала алады. Бұл мүмкіндіктердің көбі біздің елімізде бар, алайда біз мүгедектігі бар кез келген бала немесе ересек адамның, Астанада немесе ауылда тұратынына қарамастан, осындай қызмет пен қолдау алуына қол жеткізуіміз, яғни олардың барлығына тең жағдай жасауымыз керек деп ойлаймын. Осындай адамдардың барлығы үшін тең стандарттарды құру мен қамтамасыз ету – Қазақстанның алдында тұрған маңызды міндет.

– Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында, өкінішке қарай, әйелдер де аз емес. Солардың басын біріктіріп, мүддесін қорғау мақсатында ашылған «Шырақ» қауымдас­тығына көп жыл жетекшілік еткеніңізден хабардармын. Осы орталықтың жұмысына тоқталсаңыз. Қазір немен айналысып жатыр, жалпы атқарылған істердің нәтижесі қандай?

– «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығын 2001 жылы осындай тағдырға тап болған әйелдердің өздері құрды. Ұйымның миссиясы – адам құқығы тәсілін және әйелдер мен ерлер теңдігін ілгерілету. Ұзақ уақыт бойы мүгедек әйелдер репродуктивті денсаулық, ана болу, жұмысқа орналасу секілді мәселелерге қатысты қиындығы немесе зорлық-зомбылық мәселесі сияқты ерекше қажеттіліктер туралы ойын ортаға салуға ыңғайсызданды. Дегенмен қауымдастық мүмкіндігі шектеулі әйелдерді көшбасшылар қатарына қосуда үлкен жұмыс жүргізді, ал қазір еліміздегі ең белсенді ұйымдарды басқарушылардың қатарында осы әйелдер тұр. Олардың көпшілігі Парламент пен мәслихат депутаттары, министрлер мен әкімдердің кеңесшілері, енді бірі бизнеспен табысты айналысса, басқалары білімін жетілдіруде, ал кейбіреулері жай ғана бақытты ана болып отыр.

Бүгінгі таңда «Шырақ» көтеретін ең өткір тақырыптың бірі – мүгедек қыздар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі. Әйелдердің бұл туралы ашық айта алуы өте маңызды, ал қоғам мен мемлекет мұндай зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін бәрін жасауда.

Кедергісіз орта құру – кез келген дамыған қоғамның бас­ты міндеті. Бұл бағытта Астанада біртіндеп жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Бірақ тағы да оның ел астанасында ғана емес, бүкіл елді мекенде болуы маңызды. Астана мүгедектігі бар адамдар үшін барған сайын ыңғайлы бола түсуде, бірақ оның туристер үшін тартымды болуына әлі де көп жұмыс істеу керек

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі мемлекеттен бөлінетін жәрдемақының аздығын алға тартады. Ал сіз оның мөлшері жалпы өмір деңгейіне сәйкес келмейтінін айтып жүрсіз. Бұл ретте қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Әрине, мүгедектік бо­йынша жәрдемақы мөлшерін арттыру қажет, адамдардың мұны талап етуі орынды. Біздің депутаттық сауалдарымызға Үкімет, жәрдемақыдан басқа, олар техникалық оңалту құралдары, атап айтсақ, арба, балдақ, тифло және сурдоқұралдар, санаторийде емделу, гранттар және т. б. түрінде ақшалай емес көмек пен қолдау алатынын айтып, жауап берді. Бұл көмек өте маңызды, ең бастысы, ол жеке адамның қажеттіліктерін қанағаттандырады, барлығына бірдей қарауға болмайды, әр адамға өзінше жеке көмек керек екенін естен шығармаған жөн. Бастысы, адам өзінің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, өзін жеке тұлға ретінде дамыту үшін жұмыс істеуге, бизнеспен айналысуға мүмкіндік алуы керек. Ол үшін заңнаманы және бүкіл қоғам мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың осы мәселеге деген көзқарасын өзгерту қажет. Парламент Сенатында олардың өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заңнамалық және институционал­дық базаны жетілдіруге қатысты жүйелі жұмыс жүзеге асырылуда. Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми және басқа да ұйымдар ынтымақтаса отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқығын қорғауға, олар үшін тең мүмкіндік жасауға және өмірдің барлық саласына қатысуына қол жеткізуді қамтамасыз етіп келеді.

Депутат ретінде алға қойған миссиямның бірі – мүгедектігі бар адамдарға арналған қызметтерді оңтайландыру. Парламент қабылдаған әртүрлі заңда белгілі бір дәрежеде мүгедектерге қатысты нормалар бар, мен осы нормалардың соларға пайдалы болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаудамын. Өз басым 2022 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына тікелей жауаптымын, ол қолданыстағы заңнамаға көптеген жаңа нормаларды енгізді.

Биыл әлеуметтік кодексті қабылдауға қатыстым, қазір БҰҰ мүгедектігі бар адамдардың құқығы туралы конвенцияның факультативтік хаттамасын ратификациялауға жауаптымын. Сонымен бірге медициналық-әлеуметтік мекемелерді деинституционализациялау және үлкейту, ақыл-ой кемістігі бар адамдардың құқығы, есту, көру және басқа да кемістігі бар адамдар үшін ақпарат пен IT-технологияларға қол жеткізу сияқты мәселелермен айналысудамын.

– Мүмкіндігі шектеулі адамдар физикалық, жы­ныстық және эмоционалдық зорлық-зомбылыққа үш есе жиі ұшырайды екен. Бірақ олар мұның алдын алуға әрекет ете алмайды. Осыған қатысты не дейсіз?

– Мүгедектігі бар балалар мен ересектерге қатысты зорлық-зомбылықтың қауіптілігі сол, мұндай зорлық-зомбылық көбіне жасырын жасалады, яғни зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар не болғаны немесе не болып жатқаны туралы айта алмайды немесе қорқады, ұялады. Ал ақыл-ойы бұзылған адамдарға тіпті қиын, өйткені олар бұл зорлық-зомбылық екенін түсінбеуі де мүмкін, сондықтан мұндай жағдайлар кездейсоқ және өте кеш анықталады. Осыған орай, мен депутаттық сауалдарымда бақылаушы органдар, жағдайды бақылайтын қамқоршылар болуы керектігін, бұл адамдарға көмек немесе кеңес алу үшін еркін жүгінуге мүмкіндік береді деген мәселені көтеріп жүрмін.

Жалпы, кедергісіз орта құру – кез келген дамыған қоғамның басты міндеті. Бұл бағытта Астанада біртіндеп жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Бірақ тағы да оның ел астанасында ғана емес, бүкіл елді мекенде болуы маңызды. Астана мүгедектігі бар адамдар үшін барған са­йын ыңғайлы бола түсуде, бірақ оның туристер үшін тартымды болуына әлі де көп жұмыс істеу керек.

– Ерекше жандардың көпшілігі протездеудің қымбаттығына шағымданады. Бұл туралы не айтасыз?

– Протездеу – еліміздегі мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін күрделі мәселенің бірі. Өкінішке қарай, протез-ортопедия саласы дамымаған, адамдар протез жасау үшін басқа қалалар мен аймақтарға баруы керек, олардың сапасы өте төмен. Жоғары технологиялы протездер бізде аз мөлшерде жасалады және көп адам оларды қаржыландырудың жетіспеуінен әрі біздің елде заманауи технологиялар мен өндірістің болмауынан ала алмайды. Бұл мәселені біз алдағы уақытта Сенат жанынан құрылған инклюзия кеңесінде қарастырамыз.

– Халық қалаулысы ретінде осы салада қандай өзгеріс­тердің болғанын қалайсыз?

– Мен үшін инклюзивті қоғам немесе инклюзивті орта – бұл жынысына, жасына, мүгедектігінің болуына, тұрғылықты жеріне, қалада немесе ауылда тұратынына қарамастан, барлығына ыңғайлы және жайлы қоғам. Мұндай қоғамда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүруі, оқуы, жұмыс істеуі немесе адамдармен араласуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Қысқасы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қажет. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі адамдар ешкімнен және ештеңеден қорықпаса екен, біреуден күткенше, алдымен өзі қадам жасап, араласып, өзін тануға және оңай қабылдауға көмектессе деймін. Кез келген ерекше жан өзі шешім қабылдауға тырысуы, өз өмірі үшін жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Өмірімнің көп жылын мүгедектігі бар адамдардың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі әйелдердің құқығын қорғауға арнаған жан ретінде айтарым: ерекше адамдар да өз көзқарасы бар қарапайым жандар, тек олардың әлемді қабылдауы, арманы ерекше. Олар біреуден көмек күтіп қана қоймайды, өздері басқаларға көмектесе алады, тек мұндай жандарға сену керек.

– Бізде мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке құқығы заңнамалық деңгейде бекітілген. Жұмыс берушілер жұмыс квотасын бөлуге және еңбек жағдайын жасауға міндеттелді. Дегенмен кейбір жұмыс берушілер оларды жұмысқа қабылдауға құлықсыз, неге?

– Иә, жұмыспен қамту және жұмысқа орналасу – біздің қоғам үшін әлі де үлкен проблема. Бұл тұста жұмыс берушілерді ынталандыру шаралары қарас­тырылуы қажет.

Жасыратыны жоқ, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа алғысы келмейтін жұмыс берушілерді мен де жиі кездестіремін. Олар мұндай жұмысшылардың қабілетіне сенімсіздікпен қарайды және жұмысты сапалы атқара алмаса, келісімшартты бұза алмайтынынан, демек туындайтын проблемалардан қорқады.

Қазір біз Сенатта осындай ынталандырудың жаңа тәсілдері туралы мәселені көтеріп жатырмыз. Алайда мүгедектігі бар адамдардың еңбек әлеуетін арттыру, оларды қажетті мамандықтарға оқыту, белсенді өмір сүруге ынталандыру маңызды. Көптеген адам үшін жұмысқа оралу немесе еңбекке қосылу – бұл үлкен психологиялық стресс, өзін-өзі жеңу. Сондықтан оларға жұмыспен қамтудың арнайы орталықтарының қолдауы қажет.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button