Басты ақпаратЖаңалықтар

ЛИФТ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Бүгінде Астанада 5900-ден аса лифт бар.  Оларға мамандан­ды­рылған 63 лифт шаруашылығы ұйымы қызмет көрсетеді. Алайда, лифтілердің бәрі бірдей өндіріс қауіпсіздігі талаптарына сай келеді деу қиын. Арнайы белгіленген техникалық нұсқаулық бо­йынша, жедел­сатылардың қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан аспауы тиіс.

ERM_4299

Соған қарамастан елордада пай­далануға мерзімі тиісті уақытынан баяғыда асып кеткен лифтілер бар­шылық. Астана қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқармасы Көтергіш құрылғыларды бақылау бөлімінің басшысы Думан Жайлыбековтің айтуынша, бір көтергіш құралды ауыстыруға көп қаражат кетеді. Оның сыртында, лифт шаруашылығымен айналысатын ұйымдардың құрал-саймандары, материалды-техникалық базасы, апаттық жағдайдағы жедел қауіпсіздік қызметі, қосалқы бөлшектер қоры та­лапқа сай келе бермейді. Осы мәсе­леге басымдық беретін тұрғындар да аз, өкінішке қарай. Көбі төмен бағаға қызмет көрсету ұйымдарын іздейді дейді басқармадағылар.

– Төмен бағамен қызмет көрсету­шілердің бір мысалы ретінде «Азия ЛифтСервис» ЖШС-ін айта аламын. Тұрғындар қызметтің арзандығына қызыққан. Әр лифт үшін айына 600 теңгеге қызмет жасайды. Осылайша, 2015 жылдың маусымынан бастап аталмыш ЖШС өзінің жауапкершілігіне Астанадағы тұрғын үйлердегі 100-ден аса лифтіні алады. Кейіннен бізге лифт жұмысына байланысты шағымдар түсе бастайды. Тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде серіктестіктің лифтілерді күтіп-баптаудағы жұмысы заңнамалық талаптарға сай болмай шықты. Не өндіріс базасы, не білікті мамандары да жоқ. Сөйтіп, осы жылдың тамыз айында аталмыш ұйым қараған 50 лифт жарамсыз болып қалды. Аз жұмсаймыз деген тұрғындар енді қаншама есе көп шығындалады. Се­бебі, лифт қажет ететін жөндеу жұмыстары тұрғындардың мақсатты алымдары арқылы жүргізіледі, – дейді Думан Жайлыбеков.

Лифтінің қызмет көрсету мерзімі 25 жылға жобаланғанын жоғарыда айттық. Бірақ жеделсатының профилактикалық және жөндеу жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отырса, бұл қондырғы ширек ғасырдан да артық жүріп-тұруы мүмкін екен. Сонда лифт жағдайына алдымен кім көңіл бөлуі керек?

content_pvt8

– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы бойынша лифт тұрғындардың ұжымдық меншігі болып табылады. Лифт ауыстыруды қажет етсе, пәтер иелеріне қаражат жинап, жаңасын орнатуға тура келеді. Үйдегі қабат санына, лифт моделіне байланысты бұған орта есеппен 6 млн-нан 11 млн теңгеге дейін қаржы қажет, – дейді Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Думан Жайлыбеков. – Көптеген үйдегі лифттердің тозығы жеткен. Көбіне монтаж сапасыз жасалған, не болмаса тұрғындардың өзі ұқыпсыз пайдаланады. Лифт тұрғындар меншігі саналатындықтан, қызмет көрсетуші ұйымды да пәтер иелері таңдайды.

Лифттің уақытылы жөндеу жұ­мыс­тары мен білікті мамандардың техникалық қызметін талап ететін күр­делі механизм екенін ескеру керек. Оның зырылдап жұмыс істеуі үшін оған дер кезінде дұрыс күтім көрсету қажет.

Бүгінде Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясы басқармасы қала­мыздағы лифтілік ұйымдардың заң­намалық талаптарын бақылап, қызмет көрсетудің рейтингін жасап жатыр. Жоғарыда сөз болған лифт мәселесіне қатысты кез келген сұрақ бойынша елорда тұрғындары Жүк көтергіш құрылғыларды бақылау бөлімінің 32-13-58 нөміріне хабарласа алады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button