Білім

Тамақтандыру жүйесіне тәртіп керек

Кеше қалалық әкімдікте Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мектеп оқушыларының тамақтандыру жүйесіне байланысты брифинг өткізді.

Бүгінде елордалық 85 мектепте оқушыларды тамақтандыру жүйесі іске қосылған. Биылғы жаңа оқу жылында 76 мың бастауыш сыныптың оқушылары мен 1,2 мың аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар мемлекеттік тапсырыс­пен тегін тамақтанады. Бір реттік тамақтанудың бағасы – 338 теңге. Демеушілердің есебінен 620 балаға тегін тамақ берілуде. Әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатпайтын балалар үшін мектепте тамақ ақылы жолмен беріледі.
Білім басқармасы ата-аналар қауымдас­тығымен бірлесе отырып, мектептердегі тамақтану сапасын қадағалайтын ведомствоаралық эксперттік топ құрған. Оның басты мақсаты – білім мекемелеріндегі тамақтану сапасын тексеретін бракеражды комиссия жұмысын реттеу және т. б. шаралар міндеттелген. Эксперттік топ құрамына бірқатар жауапты өкілдер кірген.
Былтыр 78 мектепке тексеру жүргізіліпті. Соның нәтижесінде біраз кемшіліктер анықталған. Енді Білім басқармасы осы кемшіліктерді жою үшін біраз шараларды қолға алған. Әнуар Жанғозиннің айтуынша, асханаға қолма-қол ақшасыз төлем жасау пилоттық жобасы қаладағы №54, 59, 27 мектептерге енгізіліпті. Бұл жоба басқа мектептерге екінші тоқсанда жүргізілмек.
«Біз бұл жобаны LRT карточкалары арқылы жүзеге асырып жатырмыз. Astra Plat карточкаларындағы балансты ата-аналар терминал немесе онлайн жүйе арқылы толтырады. Осылай ата-аналар баласының ақшаны қайда жұмсағанын бақылайды. Сондай-ақ, біз алдағы жылдан бастап мектеп асханаларына бейнебақылау орнатып, ата-аналар тамақ дайындаудың процесін өз көзімен көре алатындай етуді қарастырамыз» деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, жиын барысында ата-аналар қауымдастығының өкілі Татьяна Коршунова: «Бірінші кезекте – директордың жауапкершілігін күшейту. Бракеражды комиссия барлық ескертулер мен актілерді мектеп сайтына жариялап, ата-ана барлық жағдайды біліп отыру керек» деген өз ұсыныстарын комиссияға енгізуді айтты.
Айтпақшы, жақында шаһардағы №85 мектеп-лицейінде оқушыларды мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен тамақтандырғаны туралы шу шыққан еді. Білім басқармасының басшысы бұл мәселеде көтерілген кемшіліктер анықталғандықтан, аталған мектепке азық-түлік жеткізетін мердігермен арадағы келісімшарт келесі айдан бастап тоқтайтынын жеткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button