Мемлекеттік қызмет мінсіз атқарылуы керек
Қызмет көрсету сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудағы басты өлшем. Кеше Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша төрағасы Тілеген Қаскиннің жетекшілігімен өткен қоғамдық кеңес отырысында мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері талқыланды. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсету негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, аталған саланың дамуына назар аударуымыз қажет» деді Тәртіптік кеңес төрағасы Т.Қаскин.
Оның айтуынша, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, кейбір мекемелерде қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы және уақытылы көрсетілмеуі кездеседі. Ағымдағы жылдың соңғы сегіз айында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 57 239 138 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның басым бөлігі құжат беру аясында жүргізілген.
«Талдау көрсеткендей, мемлекеттік органдарда 8155 қызмет көрсету мерзімінің бұзылуы тіркелген. Оның 5267-сі – орталық мемлекеттік, ал 2528-і жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Бұдан бөлек, халыққа қызмет көрсетуде жүйелік мәселелер жетерлік. Негізінен, техникалық қателіктер, мемлекеттік және ведомстволық ұйым қызметкерінің өз міндетін тиісті деңгейде орындамауы, ақпараттық жүйеде арызды уақытылы тіркемеу, Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері қабылдаған керекті құжаттар тізімінің толық болмауы, кадр жетіспеушілігі қызмет көрсету уақытының бұзылуына әкеледі» дейді Т.Қаскин.
Қарапайым тұрғындар үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жөні бөлек. Мұнда құжат ресімдеп, түрлі анықтамалар алады. Десе де, салада түйткілді мәселелер баршылық. Бұл туралы Астана қаласы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК Астана қаласы бойынша филиалының директоры Гүлмира Бәбенова баяндады.
Президент халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіруді, халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету ісін қадағалауды, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелерін тездетуді тапсырғаны белгілі. Филиал директорының айтуынша, соған сәйкес кедергісіз қызмет көрсету, интернет желісі арқылы кезекті брондау басты назарға алынған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды жаңғырту және ыңғайландыру бойынша біршама жұмыстар атқарылған. «Мемлекеттік қызмет түрлері бойынша мәліметтер алуға ыңғайлы call орталығы жұмыс істейді. Байланыс жүйелерін қайта құру мақсатында ашылған орталық азаматтарды құжаттандыру, ұзын-сонар кезек үшін уақытты тиімді пайдалануды көздейді. Қазіргі таңда қоғамның дертіне айналған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу және сөзбұйдалықтың алдын алу шаралары Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолға алынуда. Қызметкерлер арасында жүйелі түрде насихат жұмыстары өткізіледі» дейді Г.Бәбенова. Ол өз баяндамасында жыл басынан бері елорда жұртшылығына көрсетілген электронды қызмет түрлері мен орын алған кемшіліктер туралы айтып берді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын одан әрі жетілдіру мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «2013 жылдан бастап қазақстандықтар мемлекет беретін барлық рұқсаттама қағаздарын да тек электронды түрде немесе ХҚКО арқылы алулары қажет» деген Президент тапсырмасы сала мамандарының басты назарында.
Ал, медициналық қызмет көрсетудің сапасына қанағаттанбаған кез келген адам жоғары сапалы медициналық қызметті талап ете алады. Кеңес отырысында сөз алған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева заңға сәйкес, осы талаптарды қарап, шешім қабылдауды сұрауға азаматтардың құқы бар екенін алға тартты. Жалпы, Астана қаласы әкімдігінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысы бойынша азаматтарға көрсететін электронды мемлекеттік қызметтер ережесі бекітілген. «Қазіргі кезде басқармада «Дәрігерді үйге шақыру», «Дәрігер қабылдауына жазылу» және «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық мекемеге тіркелу» секілді электронды мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. «Денсаулық сақтау басқармасы мен Ішкі саясат басқармасы медицина ұйымдарындағы проблемалы сұрақтарды анықтау және халықпен тікелей байланысты қамтамасыз ету мақсатында 13 қыркүйектен 23 қыркүйекке дейін «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің редакциясында амбулатория-емхана басшыларымен «Тікелей байланыс» ұйымдастырды. Нәтижесінде қала тұрғындарынан барлығы 102 қоңырау қабылданып, тиісті жауаптар берілді. Мұның өзі сапалы қызмет көрсетуді қаматамасыз етеді» дейді ол.
Сондай-ақ, қала әкімдігінің Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын сақтауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Руслан Бешеев және Астана қаласы ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы Бақытжан Малыбаев мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы туралы баяндама жасады.
Электронды қызмет көрсетуді жетілдіру, бағалау тетіктері мен оның сапасын қадағалау, азаматтардың шағымын уақытылы қарау, құжат айналымының бұзылуына жол бермеу мәселелері алдағы Кеңес отырысында тағы да көтерілетінін айтқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша төрағасы Тілеген Қаскин аталмыш саладағы түйткілді мәселелерді жедел қарастыру керек деп қорытындылады.
Гүлмира АЙМАҒАМБЕТ