МҮГЕДЕКТЕРГЕ МЕЙІРІМДІ БОЛАЙЫҚ
Наурыз мейрамы күндері елордамызда мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдардың көрме-жәрмеңкесі өтеді. Игілікті шараны ұйымдастырушылардың бірі – «Мейiрiмдiлiк-М» қоғамдық қорының төрайымы Айгүл Сейіловамен жолығып, қайырымдылық акциясы туралы сұрап білген едік.
– Әз Наурыз мерекесіне қандай шара дайындап отырсыздар?
– Елбасы «Қазақстан жолы -2050:
бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»
атты Жолдауында мүгедектер мәселесіне ерекше тоқталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету қоғам алдындағы парыз деп баса айтқан еді. Мүгедектердің құқығы мен мүддесін қорғау дегеніміз олардың өмірлеріне мейірімділік шуағын төгіп, серпіліс беру қажеттігін жақсы түсінеміз. Көптеген жүректерге жол табатын қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жатырмыз. Наурыздың 21-23 аралығында «Asia park» сауда ойын-сауық орталығында «Армысың, әз Наурыз!» атты мүмкіндігі шектеулі балалардың қолымен жасалған өнімдердің көрме-жәрмеңкесін өткіземіз.
– Жәрмеңкенің ерекшелігі қандай болмақ?
– Экспозицияға мүгедек балалардың өз қолымен жасаған 100-ден астам туындысы қойылады. Атап айтқанда, суреттер, картиналар, моншақ, бисерден өрілген түрлі кәдесыйлар мен киізден, ағаштан жасалған бұйымдар сатылады.
Бұдан басқа, 5-15 жастағы өнерпаз балалардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамыз бар.
– Мүмкіндігі шектеулі сәбилердің жәрмеңкеге дайындығы қандай?
– Өте жақсы. Жүзге тарта тауарымызды буып-түйіп дайындап отырмыз. Жалпы, өзімізбен бір қоғамда жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға баршамыз мейірімді болуымыз керек деп ойлаймын. Қолдау мен қамқорлық болса олар қанаттанып, шабыттанып жүреді. Өмірге деген құштарлығы арта түседі. Осы көрмеге қатысқанымыздың өзі олар үшін үлкен демеу деп түсінемін. Сондықтан да осы шараны өткізудегі мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесіне қоғам назарын аудару, сонымен қатар, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ынталандыру болып отыр.
Айгүл УАЙСОВА