Басты ақпаратҚоғам

Мұражайлар туристерді тартады

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен мұражайлар дирекциясы бірнеше музейді біріктіріп отыр. Атап айтқанда, «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешені, Сәкен Сейфуллин мұражайы және Тарихи-мәдени мұра объектілері мен ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы аталмыш дирекцияға қарайды. Осы руханият ордаларында кәсіби мерекелеріне орай өтетін шаралар және елордада музей саласына қатысты өзекті мәселелер жайында Бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының міндетін атқарушы Самат Тергембаев айтып берді.

«МУЗЕЙ ТҮНІ» ӨТЕДІ

– Халықаралық музейлер күніне орай екі музейімізде «Музей түні» шарасы өтеді. Сәкен Сейфулллин мұражайында ашық есік күні ұйымдастырылып, тегін экскурсия жүргізіледі. Мұражайда төрт көрме залы бар. Онда Сәкеннің мұрасы мен Қазақ еліне сіңірген еңбегі қамтылған, – дейді Самат Тергембаев.

Оның айтуынша, осы мұражайға мектеп оқушылары көп келеді. Себебі мектеп бағдарламасына Сәкен Сейфуллиннің шығармалары енген. Елордада оның атына орта білім беру орны да берілген.

– «АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде де «Музей түні» өтеді. Бірақ бұл музей қаладан алыс орналасқандықтан, 18 мамыр күні сағат 22.00-23.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Соның барысында деректі фильмдерді көрсетеміз, музей тарихымен, қазақ тарихының қаралы беттерімен таныс­тырамыз, – дейді Самат Ілиясұлы.

Ал «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінде Халықаралық музейлер күніне орай қазақ тілі мен салт-дәстүрлеріне байланысты шаралар ұйымдастырылады. Тарихи-мәдени мұра объектілері мен ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығы да Музейлер күнінен тыс қалмай, мемлекет қайраткерлері мен қазақтың батырларының өмірі мен еңбегіне қатысты мағлұматтармен таныстырады, белгілі адамдармен кездесулер ұйымдастырып, дәрістер өткізеді.

ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ МЕН ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚ КЕРЕК

Жақында «Астана ақшамы» газетінде елордада тарихи өлкетану музейінің жоқтығы жайында жазылды. Самат Тергембаев бұл өте дұрыс көтерілген мәселе деп есептейді.

– Елорда мен ежелгі Қараөткел, Ақмола өңірінің тарихын таныстыратын өлкетану музейі, әрине, керек. Бұл Астанаға келетін туристің қаламен танысуына үлкен мүмкіндік беретін орын болар еді. Өлкетану музейінде бүгінгі тәуелсіздік тарихы ғана емес, өңірдің көне тарихы сайрап тұрар еді. Мысалы, Қараөткел жәрмеңкесі, осы жерде өткен Балуан Шолақтан бастап, Иманжүсіп, бұл жердің тумасы Қажымұқан сынды өнер, мәдениет, спорт қайраткерлері жайында мағлұматтар, бері келгенде тың тарихы, қазақ жерін сақтап қалған Жұмабек Тәшенев тарихы қамтылуы керек. Себебі мұның бәрін тарихтан сызып тас­тауға болмайды. Тәуелсіздік кезеңінен бері тартқанда да қаншама материал бар. Елордада әлемдік деңгейде қаншама үлкен-үлкен жиындар өтті. Шекараны шегендеу тәрізді, басқа да тағдыршешті мәселелер шешімін тапты. Соның бәрінен хабар беретін материалдар мен жәдігерлер өлкетану музейінде тұрса, өткеннен сабақ алып, болашаққа бағдар құруға себі тиер еді, – дейді Самат Тергембаев.

Оның пікірінше, елордада қазақтың тұрмысы, мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрлерімен таныстыратын орталық болуы керек.

– Астанаға шетелдерден келетін туристерді қазақтың дәстүрімен, жыр, дастан, терме сынды халық ауыз әдебиеті үлгілерімен, қол­өнер бұйымдарымен, ұлттық тағамдарымен таныстыратын орын жоқ. Қазақ мықты халық деп ауызекі тілде ғана айтамыз. Бірақ балды «тәтті, тәтті» дей бергеннен ештеңе шықпайды, оны ауызға бір тамызғанда нәтиже болады. Сол сияқты қазақтың мықтылығын нақты мысалдармен көрсету керек. Астанада қазақтың ұлттық мәдени орталығы болса, онда таңды таңға ұрып жырлайтын жыршы, жыраулар отырса ғажап болар еді. Сонда әр шығарманың шығу тарихы айтылса, қазақ тарихының парақтары да сайрап шыға келер еді, – дейді Самат Ілиясұлы.

САЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР АШЫЛА МА?

Елордада Ұлттық музей бар. Самат Тергембаевтың пікірінше, бұл руханият ордасы бөлімдерге бөлінгендіктен, онда қазақ өміріне қатысты ақпарат шашыраңқы беріледі. Сол себептен жеке қазақтың ұлттық мәдени орталығын ашу керек.

– Астанада музейлер саны әлі де жеткіліксіз. Бірақ меніңше, қалаға үлкен музейлер керек емес, қазір нақты бір бағытқа арналған салалық мұражайлар қажет. Мысалы, атқа міну мәдениетіне қатысты бір музей ашуға болады. Онда Ботай мәдениетінен бастап ат әбзелдері, жылқы түрлері туралы көптеген мағлұмат қамтылар еді. Ал мал шаруашылығы, төрт түлікке қатысты музей, тіпті ауқымды болар еді. Сол сияқ­ты қазақтың ою-өрнектері, қолөнеріне, бейнелеу өнеріне байланысты музейлерді ашуға да болады. Сол сияқты ел қызығатын тақырыптық музейлер керек, – дейді ­Самат Тергембаев.

Алда Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні келе жатыр. Соның қарсаңында ­«АЛЖИР» мемориалды мұражай кешенінде бірқатар шара өтеді. Атап айтқанда, 18 мамыр күні «АЛЖИР» тұтқыны Мағрифа Қазбекованың 120 жылдығына орай оның ұрпақтарының қатысуымен шара, 22 мамырда Алаш қайраткерлері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерге арналған конференция мен көрме, 29 мамырда ­«АЛЖИР» музейіне қатысты кітаптар мен құжаттарды тапсыру рәсімі, ал 31 мамырда үлкен ресми шара ұйымдастырылады. Самат Тергембаевтың айтуынша, қазір ең сұранысқа ие, адам көп келетін музейлердің бірі осы «АЛЖИР» болып отыр. Оған 10 маусымға дейін экскурсияға адамдар толық жазылып қойған.

– Пандемия мәдени ошақ­тардың жұмысына кедергі келтірді. Бірақ індеттің бір пайдасы – онлайн жұмыс істеуге үйрендік. Қазір онлайн көрмелерді де өткізе береміз, – дейді Самат ­Ілиясұлы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button