ӘлеуметБасты ақпарат

Сұранысқа ие мамандықтар

Заманына қарай адамы. Жаhандану заманында сұранысқа сай мамандықтардың қатары өзгерді. Қазір, сарапшылардың пайымынша, IT-дәрігер, биоинженер, урбанист-­эколог, жасанды интеллект және машина оқыту саласындағы маман, тренд бақылаушысы, деректер талдаушысы, жоба менеджері жоғары сұранысқа ие. Өкінішке қарай, біздің елімізге ауадай қажет техника, физика, химия, тау-кен ісі, инженер, металлург, құрылысшы, тағы басқа салаларға көңіл аз бөлінеді. Осыған орай, астаналық бизнес-палата өкілдері сұранысқа ие мамандықтар бойынша сауалнама ұйымдастырған болатын. Оған қаладағы барлық дерлік кәсіпорын қатысты.

Елорда: Қай маманға сұраныс көп?

Кәсіпкерлер палатасы жүргізетін жыл сайынғы сауалнама қорытындысы бойынша Астанада орта кәсіптік білімі бар мамандарға деген сұраныс алдағы үш жылда (13 мың бос орын) жоғары оқу орындарының түлектеріне деген сұраныстан екі еседен астам артты.

Елордадағы 3500 кәсіп­орын 2023-2025 жылдарға 21797 маман қажет екені туралы мәлімдеді. Сауда, өмір сүру және тамақтану қызметтері, құрылыс, білім беру, өңдеу, денсаулық сақтау, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, мемлекеттік басқару және қорғаныс, өнер, ­ойын-сауық және демалыс, қаржы және сақтандыру, электр және энергиямен жабдықтау, ауыл шаруашылығы, ­тау-кен өндірісі, сумен жабдықтау салаларындағы компаниялар мен мекемелерге жаңа қызметкерлер қажет.

Ең көп сұранысқа ие ма­мандықтардың қатарына сатушы (1391 бос жұмыс орны), маркетолог (885), бухгалтер (791) және бухгалтер-кассир (662) кірді. Астанада сауда қызметкерлерінің тапшылығы – 1775, қонақ үй секторы мен қоғамдық тамақтану – 601, құрылыс – 597, білім беру – 577, өңдеу өнеркәсібі 516 адамды құрайды.

Былтыр Президенттің тапсырмасымен гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни алдыңғы жылы білім беру грантының саны 51 мың болса, былтыр 56 мыңға дейін артты.

Деректер қандай?

2022 жылы талапкерлер арасында ең көп сұранысқа ие болған білім беру бағдарламаларын атап өтсек, кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі – 1056 (20 грант), стоматология – 1018 (20 грант), мәдениеттану – 1253 (30 грант), халықаралық қатынастар және дипломатия – 3176 (80 грант), филология – 3549 (100 грант), дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау – 6505 (210 грант), фармация – 1433 (50 грант), политология – 2594 (92 грант), құқық – 2758 (100 грант), түркітану және шығыстану – 2184 (80 грант). Басымдық техника бағытына берілген, жалпы грант санының 60 пайызға жуығы техникалық сипаттағы білім беру бағдарламаларына бөлінді.

Студент пен жұмыс беруші: Келісім қалай?

Бұрынғы Білім және ғылым министрлігі кәсіп­орындардың сұранысы бо­йынша кадрларды мақ­сатты оқыту бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асырғаны белгілі. Мұндай гранттар білім беру бағдарламасын жаңартуға және еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Жұмыс беруші кәсіпорын қажетті мамандарға сұраныс беру арқылы өз өндірісіне сай даярланған кадрларға ие болады. Оқу нәтижесі бо­йынша кәсіпорын студенттерден қорытынды емтихан қабылдайды. Сондай-ақ кәсіпорын «колледж-студент-кәсіпорын» үшжақты келісімшартына сәйкес, оқуын аяқтаған студентті жұмысқа орналастыруға міндетті. Мысалы, 200-ден астам әлеуметтік серіктес­тігі бар «Astana Polytechnic» жоғары колледжі түлектерінің жұмысқа орналасу динамикасы 96 пайызды құрайды.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтардың қатарына сатушы (1391 бос жұмыс орны), маркетолог (885), бухгалтер (791) және бухгалтер-кассир (662) кірді. Астанада сауда қыз­меткерлерінің тапшылығы – 1775, қонақ үй секторы мен қоғамдық тамақтану – 601, құрылыс – 597, білім беру – 577, өңдеу өнеркәсібі 516 адамды ­құрайды

Министрліктің мәлімдеуінше, университеттерге түсуге және өмірдегі жаңа кезеңнің басталуына дайындалатын соңғы сынып оқушылары үшін ыңғайлы жағдай биыл да жасалады. Былтырдан бері ҰБТ-ға қатысты бірнеше артықшылық енгізілді. Яғни бұл – тестілеуді 4 рет тапсыруға және грантқа түсуге 2 мүмкіндік. Бұл – ресми деректер. Сұранысқа ие мамандықтар тізімі, гранттар қай мамандыққа бөлінді, кәсіпорындардың талап-тілегі – бәрі жазылды.

Кім боламын?

Ал енді мектеп оқушыларын зерттеген проф­ориентолог мамандардың айтуынша, 10-11-сынып оқитын оқушылардың 90 пайызы қандай маман иесі атанарын білмейді. Ал 8-9-сынып оқушыларының 78 пайызы мамандық таңдау процесінен хабарсыз. Аталған статистиканы профориентолог мамандар ұсынып отыр.

«Кім боламын?» деген сауал әрбір оқушыны мазалайтыны рас. Мұндайда мектеп мұғалімі немесе мектеп психологы көмекке келуі тиіс. Оқушының қабілеті мен бейіміне қарап мамандық таңдауға бағыт-бағдар бергені, әрине, дұрыс болады. Осы тұста оқушы мен ата-анаға «Жаңа кәсіптер атласының» көмегі тиюі мүмкін. Атласта жаңа, өзгеретін және жойылып бара жатқан мамандықтар сипаттамасы берілген. Осыған сәйкес, 239 жаңа, 95 өзгеретін және жойылып бара жатқан 129 мамандық түрі анықталған. Себебі жаңа технология, автоматтандыру дегенін істеп, адам күшін ығыстырып жатыр. Болашақта бухгалтер, кітап­ханашы, даяшы, банкир, курьер және көлік жүргізуші мамандығы жойылып кетуі мүмкін. Аталған атлас бо­йынша тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс мамандықтарына зерттеу жүргізілген. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жаңа 18 мамандық пайда болып, 19 мамандық өзгеріп, 10 мамандық түрі жойылады. Жауаптылар 2025 жылға дейін жинау­шы-ораушы, жем беруші, жүк тиеуші, таңбалаушы мамандар жойылады деп отыр. Жоғарыдағы 9 сала бойынша да талдау жасалған. Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдау­ға басы қатып жүргендерге профориентолог көмектеседі. Аты айтып тұрғандай, мұндай мамандар елімізде саусақпен санарлық. Ол оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса, тест алады. Деректерге сүйенсек, кейбір профориентологтардың жеке консультациясы 50 мың теңгеден кем тұрмайды. Олардың айтуынша, болашақта IT-мамандар, медицина саласы мамандары, мұғалімдер, архитектор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM-маман, инженер мен HR-маманға сұраныс артады. Ендеше сұраныстағы мамандыққа құжат тапсыру мақсат емес. Сұраныстағы маман болуға талпыну – мақсат.

Елордада еркін экономикалық аймақ – өнеркәсіп кәсіпорындарының басын қосқан арнайы аймақ. Экономикалық аймақтың мақсаты – отандық өндірісті дамыту. Ал оны жүзеге асыратын – осындай білікті жас мамандар. Сапалы білім, саналы тәрбие, қайсар мінез – ұрпақ тәрбиесіндегі табысты болудың басты критерийі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button