Руханият

Мұстафа Шоқай және азаттық күресі

Мұстафа Шоқай – осыдан бір ғасыр бұрын 1917 жылы қазан айында іргетасы қаланған Кеңес Одағынан Қазақ елі, тіпті, бүкіл орталық Азия халықтарының тәуелсіз ел болуы жолындағы сая­си күреске бүкіл саналы ғұмырын арнаған дара тұлға. Өкінішке қарай, кеңестік кезең тарихшылары қазақ халқының, тіпті, бүкіл түркі халқының біртуар осы қаһарман перзентін «сатқын, фашистермен ауыз жаласқан опасыз» сынды түрлі жалалармен құбыжық ретінде көрсетуге тырысып бақты.

20171225080550 735x400

Өкінішке қарай, осы жалған деректер 74 жылдық Кеңестік билік кезінде халықтың санасына сіңіруге күш жұмсалынды. Құдайға шүкір, тәуелсіздіктен кейін бұлардан арылып келеміз. Дегенмен, әлі де болса, мұның әсері, ықпалы жоқ емес. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл зиялы қауымды және халықты дүр сілкіндірді. Біз тарихымызға қайта қарап, жаңғыртуға тиіспіз.
Шоқай Еуропа елдеріне шықпас бұрын туған жеріндегі ұлттық мемлекет құру жөніндегі бар күшін жұмсаған Алаш қайраткерлерімен бірге ірі оқиғалардың ішінде жүріп, көп тәжірибе жинақтағанын көреміз. Атап айтқанда, 1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның нұсқауымен алдымен Ташкент, кейін Қоқандағы саяси іс-қимылдардың бел ортасында жүрген Шоқай сонда 1917 жылы 27 қараша күні Түркістан автономиясының жариялануына атсалысты. Оның Мұхаметжан Тынышбаевтан кейінгі президенті қызметін атқарады. Ол сонымен қатар Орынборда 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері өткізілген Алашорда құрылтайына да қатысып, өз үлесін қосты. Большевиктердің осы екі ұлттық саяси құрылымды да күшпен басып-жаншуынан кейін Шоқай саяси күресін жалғастыру үшін шетелдерге кетуге мәжбүр болды.
Мұстафа Шоқайдың 1921-1941 жылдары арасында 20 жылға жалғасқан шетелдердегі тәуелсіздік күресіне көз жүгірткенімізде, оның баспасөзге ерекше мән бергенін көреміз. Осы орайда ол журнал шығарды, кітап жариялады және еуропалық көптеген газет-журналдарда мақалалары жарық көрді. Шоқай осы және басқа да саяси жұмыстарында екі ұйымға сүйенді. Оның бірі – Түркістан ұлттық одағы, екіншісі – «Прометей одағы».
Еуропа елдеріндегі Түркістанға қатысты саяси және мәдени іс-әрекеттерін үйлестірген Түркістан ұлттық одағының іргетасы 1920 жылдың маусым айында Бұхара қаласында қаланған. Бұхарада большевиктер мен Бұхара әміріне қарсы одақ құру үшін ұйымдастырылған жиналысқа Башқұртстан, Қазақстан және Құлжадан зиялылар мен Ферғана басмашы қозғалысының өкілдері шақырылды. Жиналысқа қатыс­қандар арасында башқұрттардан Зәки Уәлиди, Сейіткерей Магазов, Ферғана басмашыларынан Шірмехмет Бек, Ылдырхан Мутин, Харис Игликов, Рахманкул Корбашы, Мұстафа Шахкул, түрікмендерден адвокат Какажан Бердиев, қазақтардан Алашорда өкілі Хайреддин Болғанбаев, Мұхтар Әуезов және Дінше бар еді. Сондай-ақ, Бұхара мен Ташкент зиялылары атынан Мүнневвер Кари, Абдулкадир Мухиддинов, Фейзуллах Хожаев және Садреддин Айни секілді тұлғалар да жиналысқа қатысты.
Бұл платформаға «Орта Азия мұсылман ұлттық бұқарасы төңкеріс қоғамдарының одағы» деген ат берілді. Оның күресінің бағдарламасы бекітіліп, төмендегі жеті бап енгізілді:
1. Азаттық;
2. Демократиялық республика;
3. Ұлттық армия;
4. Экономикалық басқарудың, темір жол құрылысы мен каналдар құрылысының Түркістанның тәуелсіздігіне сәйкес жүргізілуі;
5. Ағарту ісін жаңашылдандыру және батыс өркениетімен тікелей байланысып, арадағы орыс дәнекерлігін жою;
6. Ұлт мәселесінің, халық ағарту мен табиғи байлықтарды пайдалану секілді мәселелердің, этникалық топтардың халық санына қарай шешілуі;
7. Дінге толықтай бостандық берілуі және дін мен мемлекеттік істерді бір-бірінен ажырату.
Кейін аты қысқартылып «Түркі­с­тан ұлттық одағы» деп өзгертілген ұйым большевиктер үстемдік орнатуынан кейін Еуропа елдерінде іс-қимылдарын жүргізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп оның еуропадағы алғашқы конгресі 1924 жылы 23-24 қараша күндері Берлинде өтті. Конгреске Парижден келген Шоқай да қатысты. Осы конгресте Шоқай ант беріп, ұйымға мүше болып кірді.
Конгресте кеңестік биліктің Түркістандағы Қазақстан, Қыр­­ғызстан, Тәжікстан, Түркімен­стан және Өзбекстан сияқты бес республикаға бөлу саясаты талқыланды. Конгреске қатысу­шылар мұны Түркістан халқын бес бөлек ұлтқа бөлу амалы деп бағалады. Осы мақсатқа сай, кеңестердің әрбір республика халқы үшін бөлек-бөлек грамматика мен сөздіктер дайындап, диалектілер жеке тілдерге айналдыратындығы айтылды. Мұнымен кеңестердің діттеген түпкі мақсатының Түркістан халықтарының диалектілерін алдымен түркі тілдері тобынан бөлу және өміршеңдігін жою, кейін олардың орнына орыс тілін өткізу болып табылатыны жөнінде қорытынды жасалды. Түркістан ұлттық одағы екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1939 жылға дейін жұмыс жүргізді.
Шоқайдың Кеңестік билікке қарсы жүргізген пікір-күресінде ең маңызды қолдауды, Польша үкіметінің қамқорлығында құрылған «Прометей одағынан» тапқанын айта аламыз.
«Прометей одағы» 1929 жылдың қарашасында украина мен Кавказ халықтарының одағы ретінде өз жұмысын бастады. Шоқай Түркістан ұлттық одағы атынан «Прометей одағына» мүше болып, 1927 жылдың көктемінде кірді. 1927 жылы Стамбулда өткен конгресте Түркістан Ұлттық одағының «Прометей одағына» кіруіне шешім қабылданды. Конгресс Шоқай мен бұхаралық Ахмет Наимге Парижде украиндықтармен, кавказдықтармен ынтымақтастық жасау және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлем мемлекеттері алдында жұмыстар атқару міндетін жүктеді.
«Прометей одағы» шынтуайтында, саяси іс-әрекеттер орталығынан гөрі, баспасөз жұмыстарын, атап айтқанда, газет-журнал шығару іс-қимылдарын үйлестіру орталығы еді. Одан «Прометей» атты бір ортақ журнал мен одаққа кіретін ұйымдардың баспасөз органдарының жұмыстарын реттеу қызметін атқарды. Прометей журналының тысында, одаққа мүше ұйымдардың бірқатар жеке тәуелсіз баспасөз органдары бар еді. Парижде грузиндердің «Шахартхвело», Костенже қаласында (Румыния) қырым татарларының «Эмель», Варшавада солтүстік кавказдықтардың орыс тіліндегі «Северный кавказ» және түрік тіліндегі «Шимали Кафкася» азербайжандардың «Куртулуш», Берлинде еділ-жайық татарларының «Йанга милли йол», түркістандықтардың алдымен Стамбулда шыққан «Йени Түркістан» және кейіннен Берлинде басылып тұрған «Яш Түркістан» журналдары жарияланды. «Прометей одағының» ресми мүшесі болмағанымен, Варшавадағы Ориент институтының поляк және ағылшын тілдерінде жарияланатын «Ориент-Вход» журналын да бұлардың қатарына қосуға болады. Өйткені журналдың баспасөз саясаты «Прометей одағының» журналдарының бағытымен үндесіп жатты. Міне, «Прометей одағы» осы журналдардың барлығының үйлесімді түрде жұмыс атқаруына қамтамасыз ететін еді. Бұл жағынан алғанда, «Прометей одағын» КСРО-ға қарсы идеялар клубы деуге болады.
«Прометей одағына» қауіп-қатер күтілгеніндей коммунизмнен емес, фашизмнен төнді. 1933 жылы Германияда билік басына келген нацистердің 1936 жылдың наурыз айынан бастап Еуропаға қыр көрсете бастауы және коммунизм мен кеңестерге қарсы жаппай күшті науқандар жүргізуі «Прометей одағының» жұмыстарына кері әсерін тигізбей қоймады. Бұл жағдай «Прометей» үшін ішкі және сыртқы нәтижелер туғызды. Германиядағы фашистік биліктің күн өткен сайын Еуропада кең қанат жая бастауы Еуропа жұртшылығының назарын коммунизмнен фашизмге аударды. Сондай-ақ, Коминтерн де бір шешім қабылдап фашизм қаупіне қарсы, оған дейін бас дұшпан деп есептеп келген социалистік партиялармен ынтымақтасуға шақырды.
Осы жаңа саясат, мүшелерінің көпшілігі социалистік көзқарастағы прометейшілердің Еуропалық социалистік бағыттағы партияларына деген әсерін нашарлатты. Социалистік орталарда қару ретінде жиі қолданылатын коммунизм қарсыластығы, енді, әсіре оңшылдарға ғана тән болды. Еуропалық социалистер үшін негізгі қауіп енді коммунизм емес, нацизм мен фашизм еді. Сөйтіп, прометейшілер Еуропалық социалист одақтастарының күшті қолдауларынан көз жазып қалды. Бұл жағдайдың прометейшілер тұрғысынан қарағанда, бір парадокс екені күмәнсіз. Өйткені КСРО-дағы коммунистік билікке қарсы күресті басты принцип етіп алған «Прометей одағы» коммунизмнен гөрі, коммунизмді қас жауы етіп жариялаған нацизмнен зиян шегуде еді.
Сөйтіп соғыстың басталуымен Прометей одағы және Шоқайдың бүкіл саяси жұмыстары тоқтап қалды. Енді соғыс кезінде Кеңес Одағына қарсы екінші жоба басталды. Ол – нацистердің «Түркістан легионы» жобасы. Сөз ретінде келгенде бұл жобаға Мұстафа Шоқайдың ешқандай қатысы жоқ екенін, тіпті, қарсы болғандығын атап өткім келеді.
Кеңестік үгіт-насихат бұл турасында жалған ақпарат таратып, халықтың санасына бұл жобаның басшысы ретінде Мұстафа Шоқай­ды көрсетуге күш жұмсады. Бірақ, Шоқай нацистердің Кеңес Ода­ғына қарсы жеңіске жеткен жағдайда Түркістанға тәуелсіздік бермейтіндігін, тіпті, оны большевиктерден де жабайы және қарқынды түрде қанайтынын жақсы білетін еді. Сондықтан оған осы жобаға басшы болу жөнінде Шығыс министрі (Остминис­тер) Альфред Розенберг жасаған ұсынысты кідірместен кері қақты. Осыдан кейін Ченстохав тұтқын лагерінен Париждегі үйіне қайту жолында Берлинде 1941 жылы 27 желтоқсанда беймәлім жағдайда дүниеден озды. Легион болса ол дүние салғаннан бес айдан соң, атап айтқанда, 1942 жылы сәуір айында құрылды. Шоқайдың Гестапо тарапынан у беріліп өлтірілгені жайында болжамдар баршылық. Өкінішке қарай, легион жобасына қатысудан бас тарқаны үшін құрбан болған Шоқайға ең үлкен қия­нат – оған фашистермен ымыра­ласты деген жаланы алға тарту болады.
Сонымен қорытып айтар болсақ, Мұстафа Шоқай Кеңестік билік пен оның идеологиясына қарсы 1921-1941 жылдар арасында Еуропа елдерінде әсерлі күрес жүргізгенін айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткеніндей мықты, әрі жауапкершілігі жоғары «біртұтас ұлт болу» үшін бұқаралық сананы дұрыс қалыптастыру барысында Шоқай сынды тарихи тұлғаларды дұрыс танып білген жөн. Ол елі үшін, халқы үшін тәуелсіздік күресі жолында құрбан болған. Осы орайда, Шоқай Түркістан ұлттық одағы мен «Прометей одағымен» тізе қоса отырып жұмыс жүргізді. Оның саяси басылымдары арасында «Яш Түркістан» журналының орны ерекше, 117 саны жарық көрген журнал Шоқай пікірлерінің топтамасы болып табылады. Ол бұл күресі барысында Алаш қайраткерлерінің автономия талаптарын тәуелсіздік сатысына көтерді. Міне, бұл Мұстафа Шоқайдың Қазақстан тәуелсіздік тарихының мәнін көтеріп, мазмұнын тереңдететін ең маңызды қызметі болып табылады.

Әбдіуақап ҚАРА,
тарих ғылымдарының докторы,
Мимар Синан көркемөнер
университетінің профессоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button