Басты ақпарат

Наурызды ерекше тойлады

Биыл Наурыз мейрамы елордада ерекше леппен тойланды. Көктем мерекесіне орай бас қалада 100-ден аса іс-шаралар ұйымдастырылды. 22 наурыз күні астаналықтар қаладағы 20-дан аса алаңда мерекелік ойын-сауыққа қатысып, көңілдерін көтерді.Самарқанның көк тасы еріп, күн мен түн теңелген мезгілде түркі жұртшылығы Наурыз мерекесін атап өтеді. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жадырасып, ағайынмен құшақтасып көріседі. Елімізде бұл мереке 1926 жылға дейін тойланып, кейін кеңестік биліктің ықпалымен тыйым салынады. Араға 62 жыл салып 1988 жылы ақын, қайраткер М.Шахановтың арағайындық салуымен әз-Наурыз қазақ топырағына қайта оралады. Ал 2010 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәде­ниеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Осылай бұл мереке БҰҰ тарапынан мойындалған.

[smartslider3 slider=2488]

Елорда тұрғындары, бораған қарға қарамастан, бұл мерекені көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Көктемі кеш келетін қалада мерекеге орай 100-ге тарта әртүрлі шара өтіп, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтауға сеп болды. Бас шаһардың 4 ауданында, сонымен қатар шағын аудандарда сазды бағдарлама ұйымдастырылып, наурыз көже ұсынылды. Ұлттық дәмнен дастарқан жайылып, дәуірлерге жалғасқан дәстүрлеріміз дәріптелді.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын Наурыз мерекесімен қала әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.

«Қала тұрғындары бұл мерекені ылғи да ерекше ықыласпен күтеді, сол сияқты жұрттың бір-біріне көмек қолын созуы – отбасылық және мәдени құндылықтардың, халық бірлігінің жарқын көрінісі. Мереке күндері біз әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға азық-түлік себетін тарату акциясын тоқтаусыз жалғастырамыз» деді қала басшысы.

22 наурыз күні қаладағы 20-дан астам алаңда Наурыз мейрамы атап өтілді. Басты мәдени-спорттық іс-шаралар «Қазақ елі» монументі маңында, «Жастар» саябағында, Қаламгерлер аллеясында, «Ататүрік» және «Көктал» саябақтарында, ЭКСПО мен Demalys Promenade алаңдарында ұйымдастырылды. Алаңдарда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ән айтылып, күй шертілді. Алтыбақан аясына бозбала мен бойжеткендер топтасты. Сонымен қатар қазақша күрес, қошқар көтеру, арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру, асық ату мен ләңгі тебуден сайыс өтіп, жұрт арасынан жеңімпаздар анықталды. Оларға қомақты сыйлықтар берілді. Есіл ауданына қарасты «Үркер» тұрғын алабының тұрғындары да көктем мерекесін лайықты түрде қарсы алды. Жөн-жоралғылар жасалып, сайыстар өтті. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалдар мерекенің мәнін кіргізіп, ақ баталары шараның шырайын келтірді.

Ел астанасында өткен шарада таңдай қаққан шетелдік қонақтар да болды. Солардың бірі – Санжай Биди.

«Мені осындай керемет мерекеге арнайы шақырды. Мен Нұр-Сұлтанда болғаныма өте қуаныш­тымын. Қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Бәріңізге зор денсаулық, елімізге жарқын болашақ пен тыныштық тілеймін!» деді мереке қонағы.

Алматы ауданындағы әлеумет те әз мерекеден шет қалмады. «Наурыз думан-2022» шарасы «Нұрлы жол» теміржол вокзалының маңында, «Железнодорожный», «Промышленный», «Мичурино», «Интернациональный» тұрғын алаптарының орталық алаңдарында қызу өтті. Сондай-ақ А.Бөлекпаев көшесі, 8 және Қ.Рысқұлбеков көшесі, 31/1 мекенжайындағы «Марс» және «Саламат» ТК тұрғындары аулаларында жыл басын жылы қарсы алды. Қордай көшесінің №79, 79А, 83 үйлерінің тұрғындары да киіз үй тігіп, концерттік бағдарлама өткізген. Қалалықтарға наурыз көже таратқан.

Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау­да Байқоңыр ауданы да аянып қалмаған. Осы ауданға қарасты «Кирпичный», «Казгородок», «Өндіріс» тұрғын алаптарының алаңдарында ауқымды мерекелік шаралар өткізілді. Ататүрік саябағы мен Қаламгерлер аллеясында өткен шара өрнекті болды. Ұлттық киіммен келген тұрғындарға аудан әкімдігінің арнайы сыйлығы даярланды.

Тұрғындарды мерекемен құттықтай келген қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жиналғандарға ізгі тілегін жолдап, сахнада бүлдіршіннің тұсауын кесті. Сонымен қатар ұлы тұлғалар сомдалған көрініс көпшіліктің көңілінен шықты.

Сарыарқа ауданында өткен шараның салмағы басым болды. Осы күні аудан әкімі Ж.Жұмағұлов 100 жастағы кейуана Бәтима ­Орманбайдың шаңырағына барып, ғасыр куәсін айтулы мерекемен құттықтап, гүл шоғын табыстады. Бұл іске бек қуанған әжей батасын беріп, қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, тыныштық пен тоқшылық болсын деген тілегін айтты.

Мейрам күні «Шапағат» сауда орталығының алдында киіз үйлер тігіліп, әннен шашу шашылды. Бауырсақ пісіріліп, көже қайнатылды. Көпшілік содан ауыз тиіп, көктем мерекесін қауқылдасып өткізді. Ал «Әсем» СО-да кешкілік уақытта кәсіпкерлер барлық сатып алушыларға сиыр етіне 10 пайыз жеңілдік берді. Аталған акция мерекеден кейін де жалғасын табады деді саудагерлер.

Demalys Promenade пен «Көктал» саябағында өткен думанда халық қарасы қалың болды. Олардың жүзінен шаттық байқалып, биінен мол энергетика сезілді.

Мәдениет және білім ошақтарында, кітапханаларда, түрлі мекемелерде атап өтілген мереке айшықты болды. Атап айтқанда, «Құтқарушы» спорт кешенінде мереке кеңінен тойланды. Оған еліміздің ТЖ министрі Ю.Ильин, қала әкімінің орынбасары Е.Қизатов, сала ардагерлері, жеке құрам қатысты. Шара барысында спорт сайыстары өткізіліп, қатысушылар бақ сынады. Сонымен бірге елордадағы түзеу мекемелерінде бұқара мерекесі өткен болатын. Жазасын өтеушілер өз қолдарымен киіз үй макетін жасап, оны безендірген. Сотталғандардың арасындағы өнерлі жандар сазды бағдарлама ұйымдастырып, театрландырылған көріністер қойған.

Айта кетейік, бас шаһар әкімдігінің бастамасымен Наурыз мерекесі «Қайырымды істер» ұранымен өткізілді. Мереке мезіретінде қалада игі істер акциялары ұйымдастырылып, халықтың аз қамтылған тобына азық-түлік себеті таратылды.

Наурыз мейрамы қарсаңында азық-түлік жиынтығы 600-ден астам отбасыға таратылды, олардың арасында әлеуметтік әлсіз топтар, көпбалалы отбасылар, сондай-ақ жалғыз ілікті қарттар мен халықтың өзге де әлеуметтік санаты бар.

Байжан ЕМБЕРДІ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button