Басты ақпарат

Жандарбек МӘЛІБЕКОВ: Әр ғимаратқа ұлттық нақыш қажет

Құрметті сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек ­Мәлібековті жұрт Елтаңбамыз­дың авторы ретінде таниды. Көршілес Өзбекстанда айшықты қолтаңбасын қалдырған сәулетшінің өрісін еліміздің тәуелсіздік алуы кеңейтті. Биыл мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануына 30 жыл толса, Жандарбек ­Мәлібекұлы сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Сәулетшіні мерейтойымен Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді. Президент өз құттықтауында Елтаңба авторының Тәуелсіз Қазақстан мен елорданы құру және дамыту ісіндегі сіңірген еңбегін атап өтіп, оған зор денсаулық, шығармашылық шабыт және отбасына бақ-береке тіледі. Мерейтойы қарсаңында біз сәулет өнері жайында айтары көп азаматпен кездесіп, сұхбаттасқан едік.

[smartslider3 slider=2487]

ҰЛТТЫҚ ҮЛГІДЕГІ ҒИМАРАТТАР ҚАЖЕТ   

– Аға, Елтаңбамыздан бөлек басқа да жобаларыңыз бар болуы керек деп шамалаймыз. Мәселен, елордадағы «Егемен Қазақстан» газеті редакция­сы кешенінің авторы сіз екенін білеміз. Әңгімеміздің әлқиссасын астанадан бастайық. Елордаға қай уақытта келдіңіз? Келген бетте қандай жобаларды ұсындыңыз?

– Астанаға 2001 жылы келдім. Оған былтыр жиырма жыл болды. Сол уақытта өзіммен бірге «Нұр Астана» мешітінің макеттерін әкеліп, құрылыс жөнінде қалалық кеңеске тапсырдым. Ол кезде бас мүфти – Әбсаттар қажы Дербісәлі. Бұл кісі және Елбасы жобамды екі рет көрді. Мешіттің алтын түстес күмбезін мен ұсынған едім. Жалпы жасыл түс Ислам дінінің түсі болып есептеледі. Самарқандта болсын, басқа тарихи шаһарлардағы мешіттерде болсын күмбез көк түске боялған. Ал түс гаммасы бойынша жасыл мен алтындай сары түс бірге жүреді. Мен ұсынған «Нұр Астана» күмбезінің түсі Елбасыға ұнап, ол осы түсті қалдырды. Бірақ ливандық сәулетші Чарльз Хафизаның жобасы қабылданды. Ал мешіт құрылысын түрік ағайындарымыз жүргізді. Менің де үлесім бар екенін көріп отырсыздар.

Ұлттық нейрохирургия орталығының жобасын да алғашқы болып мен ұсынғанмын. Бұл жобаның да элементтері нысанның құрылысына енгізілді. «Алатау» тұрғын үй кешені – қатар тұрған әрқайсысы 18 қабатты үш үй тұтасымен менің жобаммен тұрғызылды. Ең көлемді жұмысымның бірі – «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Нұр Әлем» сферасы. Мен ұсынған көрменің жобасында осындай шар бар еді.

Бірнеше жыл бұрын «Шығыс қаласы» аталатын жобаны ұсындым. Бұл ұлттық үлгідегі шағын аудан десем де болады. Осындай шағын аудан туризмді дамыту, туристерді тарту үшін керек. Қазір елордада шетелдік үлгідегі ғимараттар көп. Олармен шетелдіктерді таңғалдыра алмаймыз. Нұр-Сұлтан қаласына ұлттық үлгідегі, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді танытатын ғимараттар қажет.

Ташкентте қырық жыл тұрдым. Алған мамандығым да, жұмысым да қала құрылысына тікелей қатысты болды. Бұл жағынан тәжірибем жеткілікті. Өзбекстанда драма театры сияқты, жалпы жүзден астам нысанның жобасын жасадым.

 МЕМЛЕКЕТТІҢ АСТАНАСЫ – ЕЛДІҢ АҒЗАСЫ

– «Жаңа Қазақстанды» құрғалы жатырмыз. Сіздің пікіріңізше, нені жетілдіруіміз керек? Осы жерде сәулет саласындағы мәселелерді де айтсаңыз. 

– Тұңғыш Президент-­Елбасының еңбегін ешқашан жоққа шығара алмаймыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың шекарамызды шегендеп бергенін, жаңа астананы құруын ештеңемен теңестіруге келмейді. Сол арқылы Нұр-Сұлтан қаласы үлкен елдің астанасы болып қалыптасты. Қала елдің мәдениетін көрсетеді. Ал мемлекеттің астанасы – елдің ағзасы.

Ежелгі Сауран, Сығанақ, Отырар қалаларын мысалға алуға болады. «Отырар кітап­ханасы» бір мемлекеттің байлығы еді. Меніңше, біздің шығыс ғұламалары сол кітап­ханадан нәр алған. Осы кітапхананың даламызға Ислам дінінің таралуына да ықпалы болды деп есептеймін. Бірақ сол ежелгі қалалардың бәрі қиратылды. Сол кезде бізді киіз үйіміз сақтап қалды. Соның ішінде қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі дамыды. Біздің философиямыз, сана-сезіміміз, парасатымыз киіз үйдің ішінде қалыптасты. Қазір ақсақалдар институтын, ене мен келіннің қарым-қатынасын құртып алдық. Өйткені кеңес заманы кезінде бізге Никита Хрущевтің панельді, жұрт ауызекі тілде «хрущевка» деп атайтын үйлер келді. Ал киіз үйде отбасы мүшелерінің өздерінің өз орны, басқаша айтқанда, өз аймағы болған еді. «Хрущевкадағы» ас үй бөлмесі болса, алты-ақ шаршы метр. Келін мен ененің ұрысы содан басталды. Себебі қуықтай бөлмеде ененің де, келіннің де орны болмады.

Мен осы тарапта үш жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіздім. Қазір өзімнің жасым сексенге, қарттар жасына жетті. Менен ақсақал шыға ма? Шықпайды. Бізді зиялы қауым, шал немесе қария деп атауға болады. Ақсақал болу керек. Бұрын әр ауылдың ақсақалы болған. Жұрт оны тыңдаған. Ол әділ, дана, өнегелі адам еді. Қазір қалада да, ауылда да сол жүйені жаңғырту керек. Ақсақалдың орны төр еді. Бүгінгідей тар үйлерде ол отыратын төр табу да қиын. Мен сол себептен «Ойтек» архитектурасы» атты ғылыми-зерттеу орталығын құрдым. Бұған Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің ректоры Ерлан Сыдықов қолдау көрсетіп, орталықтың ашылуына жағдай жасады. Архитектура дұрыс болса, тіліміз түзеліп, салт-дәстүріміз жаңғыра түсіп, отбасы мүшелерінің бір-біріне сыйластығы, құрметі қалыптасады. Ажырасу азаяды. Бізге ұлы даланың мәдениетін қалыптасыру керек. Жалпы күнделікті тіршілігіміз, көшелеріміз де, жолдарымыз да, аулаларымыз да қазақы таным-түсінікке негізделуі керек.

– Ұлттық тәрбие бала жастан беріледі ғой…

– Дұрыс. Білім саласында сансыз реформалар жүргізілді. Біз шетелдік тәжірибеге құмармыз. Мысалы, «Болон» жүйесі енгізілді. Одан ақыл қосылмайды. Ақпарат қана беріледі. Біздің даналарымыз, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер 10-12 жастарында төрелік айтқан. Үлкендер олардың уәжіне тоқтаған. Балаларды сондай даналыққа үйретуіміз керек. Менің жалпы бұл тарапта да жасаған жүйем бар. 12 жасқа немесе бесінші сыныпқа дейінгі кезеңді ақыл жинау деп атаймын. Осы жасқа шейін бала төл тарихын оқып, ұлтының салт-дәстүрін үйренуі керек. Сөйтіп алдағы өмірінің іргетасын қалап, рухани азық алады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет сол кезеңге дейін қалыптасады. Ал 12-16 жас аралығы – есею жылдары. 16 жастан жастық шақ басталады. Осы жастан ұлы Абай айтқан «толық адам» болуды көздеу керек. Яғни, тоқтамай іздену, даму керек. Ақыл, парасат, сана ұлттық бағытта дамуы керек.

– Өзіңіз университетте шәкірт тәрбиелеп отырсыз. Қазіргі жастардың тәрбиесі туралы не айтасыз? 

– Біз соғыс жылдары туған буынбыз. Дүние ақшамен өлшенбеу керек. Бала кезімізде «жетпей қалды», «ашпыз» деп ешқашан айтқан жоқпыз. Өзім ақсақалдардың тәрбиесін көп көрдім. Біз солардың қолына таласып, су құятынбыз. Мен – теміржолшының ұрпағымын. Біздің үйде Жамал Омарова, Нартай Бекежанов, Қалмақан Әбдіқадыров қонақ болған. Солардың барлығы көшпелі мәдениеттің үлгісіндей еді. Біз сондай тәрбиені көрдік.

 ЕЛТАҢБАНЫҢ ІШІНДЕ БОСҚА ТҰРҒАН ЭЛЕМЕНТ ЖОҚ

– Жаңа киіз үй туралы айттыңыз. Соның бөлшектерін Елтаңбада да пайдаландыңыз ғой.

– Елтаңбаға конкурс жарияланғанда қандай жоба ұсынамын деп ойландым. Өзге елдердің елтаңбаларын зерттедім. Ресейдікі империя­лық елтаңба болып саналады. Екі басы бар құс бұл – сес беретін империялықтың белгісі. Ал Австралияның елтаңбасында кенгуру бейнеленген. Африканың кейбір елдерінде қолтырауын, тасбақа кездеседі. Сосын маған: «Елтаңбаға тұлпарымызды, қошқармүйізді енгізейін» деген ой келді. Бұл сақ дәуіріндегі аңдар стиліне де келеді. Жалпы қазақтың тарихына жүгіндім.

Ал киіз үй қазақпен бірге ертеден келе жатыр. Қазақта «шаңырағың кең, босағаң берік болсын» деген сөз бар. Менің ойым да: «Қазақстан, сен совет өкіметінен жеке отау болып бөлек шықтың. Енді соны берік қылып ұстау керексің» дегенге сайды. Елтаңбамыздың ішіндегі босқа тұрған элемент жоқ. Соның барлығы қазақтың тарихынан сыр шертеді. Қош­қармүйіз үйге «көз тимесін» деген ырыммен ілінеді. Соны енгізгенде де тәуелсіздігіміз баянды болсын деп ойладым. Ал қошқармүйіздің ішіне жеті сақина енгіздім. Оның астарында тектіліктің белгілері жасырынып жатыр. Ақселеу Сейдімбектің тектілік жайлы жазғаны бар. Сонда «жеті атаны білмеген қазақ емес» деп жазған. Ұлтымызда «жеті атасын білмеген жетесіз» деген сөз де бар екенін білесің.

ӘР ҒИМАРАТ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ

– «Ойтек» архитектурасы ұлттық бағытқа негізделгенін түсіндік. Ал бұл жобаны неге дәл осылай атадыңыз?

– Бұл ақыл мен ұлттың тектілігі деген ұғымдардан құралған. Ақыл бәрімізде де бар. Ал тектілік ата-бабаларымыздың қаны, рухынан адамға беріледі. «Ойтектегі» «ой» әр нәрсені қабылдау, логика болса, «тек» қазақтың шыққан тегіне жүгіндіреді. Қандай архитектуралық жобаның да өз мағынасы болуы керек. Басқаша айт­қанда, әр сызықтың мәні болғаны жөн. Сол ұлттың тегіне негізделуі қажет. Әр ғимараттың көрінісі арқылы ұлттық тәрбие берілуі керек. Әр ғимарат – ұлттық тәрбие­нің көзі.

– Күні кеше ғана Мемлекет басшысының қолынан бірінші дәрежелі «Барыс» орденің алдыңыз. Құтты болсын! Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа Жолдауы туралы не айтарыңыз бар?

– Президент Жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Осы сөзі маған ерекше ұнады. Ұлттық құрылтай деген сөз тарихтан белгілі Ордабасыдағы, Күлтөбедегі жиындарды еске түсіреді. Баяғы замандарда барлық ру-тайпалардың өкілдері жиналып, бір мәмілеге келетін, уәжге тоқтайтын. Құрылғалы жатқан Ұлттық құрылтай да билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады деп ойлаймын. Еркін пікір білдіретін уақыт та келді.

Әйтпесе отыз жылдан бері «тіл, тіл» деп айғайлап келе жатырмыз. Содан өзгерген ештеңе жоқ. Балабақшада да, мектепте де жағдай одан сайын күрделеніп барады. Мен орыс тіліне қарсы емеспін. Бірақ шовинизге  қарсымын. Біз орыстардан да орысша жақсы сөйлейміз. Алайда «орыс мектептерін жауып жатыр» деп байбалам салатындар бар. Ал шын мәнінде ешкімге ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button