Білім

Он саусағынан өнер тамған

Елорда мектептерінде бейнелеу өнері арқылы оқушыларға көркем білім берудің әсері мол. Көркем еңбек мұғалімі балаларды оқытуды еңбекке баулу, тәрбиелеу бағдарламалары мен әдістемелеріне сәйкес жүргізеді. Білім алушылардың еңбек қабілеті мен дағдысын, оларды практикада пайдалана алу дайындығын қалыптастырады.

Ерлан Ахметқалиев – Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің көркем еңбек пәні мұғалімі, кескіндеме (живопись) салумен айналысады. Бұл мектепте 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Жаратылысынан тұйық мінезді, сабырлы, сыпайы, байыпты Ерлан Әлімханұлы әр жұмысын асқан махаббатпен жасайды.

– Ес білгелі сурет саламын, бірақ нақты осы жаста деп айта алмаймын. Бір білетінім, айналамда әдемі, жарық түстер көрсем, табиғаттың өз әдемілігі маған шабыт беретінін ғана түсінемін. Семей қаласындағы педагогика институтының көркемсурет факультетін тәмамдаған соң, еңбек жолымды туған жердің көркеюі үшін еңбек етуден бастадым. №37 мектеп-лицейде 10 жылдан астам көркем еңбек пәнінен сабақ беріп келемін. Маған оқушымен жұмыс істеуде нақтылық, ұқыптылық пен тазалық, табандылық ұнайды. Егер баладан талпыныс, осы өнерге деген құштарлықты көре алмасам, баланы әрі қарай қинамаймын. Себебі әр адамның өз жолы болуы керек, – дейді Ерлан Әлімханұлы.

Көркем еңбек пәні мұғалімінің қаламынан туған таңғажайып көрініс, сұлу табиғат керемет, жағымды әсер қалдырады. Маманның бойындағы мейірімділік, шыдамдылық, сыпайылық, сезімталдық, әдептілік сияқ­ты мінез-құлық қасиет­тері оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, жетелей түседі. Материал­ды тиімді әрі қызықты жеткізе білген оның бойында ынталандыру мен шығармашылық қабілет бар. Себебі кіршіксіз өнерге, еңбекке деген махаббаты әр жұмысынан көрінеді. Ерлан Әлімханұлы жүлде алайын, бірінші болайын деп емес, тек жаны қанағаттанатын дүниелер жасайды. Әрине, шынайы көңілмен, таза еңбекпен жасалған дүние міндетті түрде жеңістің жемісін жегізеді.

Кәсіби еңбек жолында Ерлан Әлімханұлы түрлі қалалық, облыстық, рес­публикалық деңгейдегі жарыстардан жүлдесіз оралған емес. Өзінің және шәкірттерінің де жетіс­тігі аз емес. Педагог әрбір шәкірттің өз пәніне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, тұлға болып қалыптасуына оң әсер етуде.

– Ерлан ағайдың бізге көркем еңбек пәнінен сабақ беріп жүргеніне 3 жылдай болды. Осы уақытта байқағаным, ағай өте еңбекқор, ол кісі жасап жатқан заттың табиғатын қоса түсіндіреді, сосын сапасына ерекше мән береді. Қай затты қандай материалдан дайындағанда ұзағырақ сақталады деген тұрғыдан қарайды. Мен ол кісіні бойымдағы еңбексүйгіштікке үлес қосқан бірден-бір жан ретінде құрметтеймін. Ерлан ағай әрбір сабағында бізді шеберлікке үйретеді. Кез келген бұйымды иіріп алып кете беретініне таңғаламын. Жарамсыз заттарға «екінші өмір» сыйлай отырып, оны қалай түрлендіріп, пайдаға асырудың жолын көрсете біледі. Тұрмыста қажет құрал-жабдықтарды қал­пына келтірудегі шеберлігін көріп, сол кісіге ұқсағым келеді, – дейді 10-сынып оқушысы Аян Сапарханұлы.

Ерлан Әлімханұлының мектеп қабырғасын безендіру жұмыстары мен мектеп дәлізіндегі орындықтарды қайта қалпына келтіруде өз қолтаңбасы бар. Он саусағынан өнер тамған ұстаздың, сурет салудың хас шебері Ерлан Ахметқалиев­тің еңбегі шәкірттеріне берген білімімен жалғаса бермек.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button