Білім

Дарынды балаларға қолдау керек

Қазіргі әлемде да­рын­ды және талантты балаларды анықтау, диагностикалау, болжау, қалыптастыру, оқыту және дамыту мәселелері өте өзекті. Олардың сыртқы әлеммен қарым-қатынасын дұрыс құру өз қабілетін толық көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұл ретте «Дарынды балалар, олар қандай және олардың ерекшелігі неде?» деген сауал туындайтыны рас.

Дарынды болу – күрделі құбылыс. Әрбір дарынды бала өзінше ерекше. Әрбір осындай баланың көптеген қызықты қасиеті мен қабілеті бар. Бұл балалар – ерекше, дарынды балалар, сонымен қатар өздері сияқты дарындылардан да ерекшеленеді. Олар басқаларға ұқсамайды, оны айналасындағы адамдар оң қабылдауы керек. Сондықтан бұл баланы интеллектуалды, моральдық, әлеуметтік және жеке дамуында сүйемелдейтін тәлімгер қажет. Дарынды балалаp біpден бiрнеше жұмыспен айналыса бередi. Олаp қоршаған оpтаны зеpттейді және өз зеpттеуінде шeктeлмейдi. Кішкентай кезіне жан-жағында болып жатқан оқиғаларды талдап, байланыстыра алады, болжам жасай біледі, қорытынды жасайды.

Дарынды балаларға ата-ананың да қолдауы қажет. Көптеген ата-ана балаларының бойындағы дарынды байқамайды немесе оған қатысты қиындықтан аулақ болуға тырысады. Егер баланың қабілеті олардың мүддесіне сәйкес келмесе, оларды түсінбейді және қабылдамайды. Ерекше дарынға ие балаларды құрдастар арасында да қабылдамайтын фактілер жиі кездеседі, себебі оларды «бәрін білгіш» деп санайды. Өзгелерден ерекше болу, өзіне деген басқа көзқарастан қорқатын балалар бойындағы дарынын, ерекшелігін жасыра бастайды. Ол дұрыс емес. Дарынды баланың даму ерекшелігін басқалар әдеттен тыс деп қабылдайды.

Мектепте баламен тығыз қарым-қатынас жасайтын ересектердің кәсіби қызметін психологиялық-педагогикалық қолдау деп атайды. Бала мектепке келіп, мектеп ортасына түсіп, өзінің белгілі бір міндетін шешеді, психикалық және жеке даму, әлеуметтену, білім беру және тағы басқа жеке мақсатын жүзеге асырады. Оның жанында ересектердің атқарып жатқан сүйемелдеу жұмысы – баланың сәтті оқуы, әлеуметтік және психологиялық дамуы үшін қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасауға бағытталған.

Мысалы, мен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан, сабағымды тиімді өткізу мақсатында шығармашылық жұмыс жүргіземін. Бұл арқылы да оқушылардың қабілетін, дарынын, білім деңгейін бақылай аламын. Осы жұмыстардың бірнеше түрін атап айтсам:

Мақал-мәтелдер, нақыл сөздер негізінде шығарма, қорытынды жазу;

Сурет бойынша өлең немесе шығарма жазу;

Әңгіме, ертегі сюжетін бастап, оқушыларға өздігінен аяқтату;

Берілген тірек сөздерді қолданып, әңгіме құрастыру;

Берілген шығармадағы ке­йіпкердің портретін жазу немесе салу;

Ұйқас арқылы өлең шығару;

Тақырып бойынша түрлі ребус, сканворд құрастыру;

Өлең жазу, тағы басқалары.

Материалды таңдағанда, баланың қабілетін дамыту деңгейін ескере отырып, ұсынылған тапсырмалар тым жеңіл де, өте қиын да болмауын қарастырған жөн. Оқушыға оның өзі қол жеткізетін нәтижесі маңызды, яғни алдын ала оқыту принципі күшіне ену үшін тапсырмалар баланың тәжірибесіне негізделуі керек, бірақ мазмұны мен күрделілігі жағынан баланың даму деңгейінен жоғары болуы мүмкін.

Жастардың шығармашылық дарынын дамытудың негізгі нысандары мен әдістері:

интерактивті, жобалық және шығармашылық қызмет;

шығармашылық тренингтер мен пікірталастар;

шығармашылық дарынды­лықты дамыту шеберлік сыныптары;

кейс-әдіс бойынша зияткерлік оқыту семинарлары;

оқушылардың ғылыми-­зерттеу жұмыстары;

конкурстар, фестивальдар, олимпиадалар, ғылыми-практикалық конференциялар;

студенттік ғылыми қоғам.

Ендеше «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып, құртып тынады» деген ұлы ойшыл Плутарх сөзінен тағылым алайық. Осындай жағдайды болдырмау, қабілеті ерекше балаларды қолдау – басқа емес, білікті ұстаздардың қолында. Баланың бойындағы табиғат берген айрықша қасиетін тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігі әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Баланы заманына қарай икемдеп, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту осы күннің басты талабы екенін естен шығармауымыз керек.

Әсем БЕРМАҒАНБЕТОВА,

№79 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен

әдебиеті пәні мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button