Денсаулық

Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ

Жас ұрпақты салауатты өмірге тәрбиелеуге, пайдалы дағдыларды серік етуді ынталандыруға денсаулық сақтау саласында ерекше мән беріледі. Осы мақсатта жастардың денсаулығы мен психологиялық жағдайын жақсартып, оларға қамқорлық көрсететін Жастар денсаулығы орталықтары 2008 жылдан көптеген емдеу мекемелерінде ашыла бастады. Бүгінгі таңда Астана қаласында сондай 24 орталық жұмыс істейді.

Жастар орталықтарының басты міндеттері – 10 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар мен жастар, олардың ата-аналары мен педагогтар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, репродуктивті және психикалық денсаулықты қорғау мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар мұндай орталықтар мамандары жастарға аталған бағыттарда консультациялық, емдеу-диагнос­тикалық, психологиялық көмек берумен, психоәлеуметтік және заңгерлік қызметтер көрсетумен айналысады. Физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық құрбандарына медициналық көмек беріп, құқықтық ағарту, денсаулық сақтау саласындағы құқық мәселелері бойынша кеңес береді және әлеуметтік-құқықтық қорғау қызметтерін көрсетеді.

– 2023 жылы жастар денсаулық орталықтарының саны 1,5 есе артты, бұл өз кезегінде жастар мен жасөспірімдерге арналған орталық қызметтеріне қолжетімділіктің өсуіне әкелді. Орталық мамандарының қызметтеріне жүгінген жасөспірімдер мен жастардың жалпы саны 2022 жылмен салыс­тырғанда 2,2 есе көбейді. Егер алдыңғы жылы Астана қаласының Жастар денсаулық орталықтары көмегіне 52444 адам жүгінген болса, былтыр олардың саны 116219 адамға жеткен, – дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Жастар денсаулық орталықтары бойынша бас штаттан тыс үйлестірушісі Ақмарал Бегаева.

Мұндай орталықтарда  дәрігер педиатр, дәрігер терапевт, дәрігер акушер-гинеколог, дәрігер уролог, психолог, әлеуметтік қызметкер, заңгер, медбике сынды мамандар қызмет көрсетеді. Солардың бірі қаладағы №3 емханада 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. «Жас толқын» деп аталатын бұл орталық 14 жастан жоғары оқушылар мен студенттерді қабылдайды.

– Біз елордадағы мектеп оқушылары және колледж студенттерімен тығыз байланыста жұмыс жүргіземіз. Оқу орындарына барып дәрістер, семинар тренингтер өткіземіз. Әлеуметтік қызметкерлер, салауатты өмір салты дәрігерлері ішімдік, темекіге байланысты, жарақат алуға қатысты дәрістер оқиды. Сонымен қатар қыз балаларға гинеколог, ер балаларға дерматовенеролог мамандары инфекция, жыныстық жетілу бойынша сабақтар өткізеді, – дейді аталған орталықтың психологы Айым Рахимжанова.

Оның айтуынша, психологтардың негізгі үш міндеті бар, біріншіден, олар психопрофилактикамен айналысады, яғни буллинг, күйзеліске түсу, бір жерден екінші жерге көшу, мектеп ауыстыру кезіндегі бейімделу процестеріне байланысты тренингтер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізеді. Былтыр орталық сондай 45 іс-шара өткізіп, оған 1065 жас қатысқан.

– Тек жастардың өздерімен ғана емес, олардың ұстаздарымен де жұмыс жүргізіледі. Буллингті байқаған жағдайда қандай іс-әрекет жасау керек деген сияқты сұрақтар бойынша кеңес береміз. Ата-аналардың жиналысына қатысамыз. Оларды жеке консультацияға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді маман.

Бұл дәрігерлердің екінші міндеті – психологиялық диагностика қою. Жастардың жағдайын анонимді сауалнама жүргізу, сөйлесу арқылы анықтайды, соның барысында мамандар әртүрлі психологиялық күйді зерттейтін материалдар қолданады. Анықтағаннан кейін студенттің жағдайын жақсартуға бағытталған белгілі бір бағдарламалар бойынша психологиясын түзету үшін консультациялық кездесулер өткізеді. Былтыр орталық мамандары сондай 17 студентке көмек көрсеткен. Сенім телефоны арқылы былтыр 270-тен астам қоңырау шалған жастармен жұмыс жүргізілген. Буллинг бойынша жұмыс барысында орталық қызметкерлері ювениалды полициямен тығыз байланыста болады. Психологтың айтуынша, тренингтер өткізу барысында жастардың бойындағы психологиялық проблемалары бірден анық көрініп, сыртқа шығады. Сол кезде қиын жағдайда жүрген баланы байқаған соң оларды бөлек консультацияға шақырып, коррекциялық жұмыстарға кіріседі. Бұл – олардың үшінші міндеті. Әрбір буллинг себебі отбасыдан шығуы мүмкін, сондықтан бұл проблемада ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізіледі. Балаларға психологиялық көмек беруде осындай жан-жақтан барлық тараптарды қоса отырып, кешенді көмек көрсетпесе, жақсы нәтижеге қол жеткізу қиындау.

Аталған орталықтың гинеколог дәрігері Динара Түсіпбекованың айтуынша, жастарды көбіне психологиялық, ата-анамен, достарымен коммуникация мәселесі толғандырады. Жыныстық жетілу кезінде де жасөспірімдер бойындағы өзгерістерге байланысты  қиындықтарға тап болуы мүмкін.

– Мұндай орталықтарға 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер және 18-29 жас аралығындағы жастар да өз қалауымен келіп қарала алады. Көбіне олармен күйзеліске төзімділік, коммуникация мәселелері бойынша консультация беру жұмыстары жүргізіледі. Бастысы, бәрі сенімге негізделген, яғни жастардың бізге деген сенімі артқан сайын олардың орталыққа емін-еркін келіп, жағдайын айтуы оңай бола бастады, – дейді ол.

Осындай орталықтардың тағы бірі қаладағы №10 емханада да бар. «Ozindi tap» деп аталатын орталықтың менеджері Диас Махметовтің айтуынша,  олардың жұмысы өте ауқымды және жан-жақты болып келеді.

– Біздің орталықта жастар денсау­лығына, психологиялық көңіл-күйіне, жыныстық жетілуіне, есірткі мен ішімдік профилактикасына, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына қатысты барлық сұрақтарына жауап таба алады. Мұндай орталықтардың қазіргі денсаулық сақтау саласындағы орны, маңызы өте зор деп есептеймін, себебі жастар басқа жерде айта алмаған мәселесін осында айта алады, басқа жақтан ала алмаған көмекке осы жерде қол жеткізеді. Орталықта гинеколог, уролог, психолог, заңгер сияқты жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, – дейді ол.

Жалпы мамандардың айтуынша, бұл орталықтар емханаға, соның ішінде терапевт, педиатрлар жұмысына түсетін жүктемені азайту мақсатында құрылған. Бүгінгі таңда олардың қызметі еліміздің жастары үшін, олардың өмірінде кездесетін қиын жағдайлардың алдын алып, салауатты ұрпақ сапасын арттыру үшін өте маңызды болып отыр. Мұндай орталықтарды ашу Эстония тәжірибесінен алынған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button