Мәдениет

Шығармашылықты шыңдаған «шаттық»

Конгресс-холл сарайында балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық-2016» шығармашылық фестивалінің гала-концерті өтті. Оныншы мәрте өткізілген шара биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Байқау Дельфий ойын­да­рының бағдарламасы бо­йынша өтетіні белгілі. Ал ол дегеніміз – фестиваль ха­лық­тық және классикалық жанрдан бас­тап, заманауи жанрға дейін өнердің сан алуан салаларын қамтиды. Конкурс 8 жанр негізінде 15 номинация бойынша ұйым­дас­тырылды. Олар – жеке және ансамбль­дік аспапта орындау, классика, халық аспаптары, хор, эстрадалық ән, вокалдық ансамбль, халық әні, халық биі, қазіргі би, поэзия, театр, фотосурет, бей­не­леу, соны жанр және киім дизайны. Соңғы екеуі бағдарламаға алғаш рет енгізілді. Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының директоры Вадим Моторин мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы «Шаттық» осы және басқа да өзгерістерімен ерек­ше. «Жеңімпаздарға дәстүрлі ме­дальдардың орнына мерей­тойлық мүсіндер берілмек. «Соны жанр» номинациясында паркуршылар, акробаттар, гимнасттар өз өнерін көрсетуге дайын. Ал «Киім дизайнында» сән әлемінің сырына қанық талапкерлер бәсекеге түседі. Жаңа номинациялар бо­йынша жиырма бестен астам өтініш қабылданды» деді ол.

Салтанатты марапаттау рәсімін ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев алғашқы «Шаттық» байқауынан алған әсерін есіне алды.

– Осыдан он жыл бұрын фестиваль тұңғыш рет ұйымдастырылды. Он жылдың ішінде қаламыздың қаншама жас өнерпаздары фес­тивальге қатысып, үлкен өнер жолына жолдама алды. Ағайынды Жүгінісовтер сол кезде сахна төріне шығып, барлығымызды ерекше таңғалдырған болатын. Қазіргі таңда олардың қазақ эстра­дасында өзіндік орны бар. Меніңше, «Шаттық» әлі де көп­теген жұлдыздың бағын жандырады. Фестиваль ерекше құбылысқа айналды. Елорданың білім беру саласына да, мәдениет саласына да елеулі өзгерістер алып келді, – деді.

Өткен жылдардағы байқау жеңімпазы қала әкімінің орынбасарына фестивальдің дамуы­на қосқан елеулі үлесі үшін «Шаттық-10 жыл» мерейтойлық құрмет медалін табыстады.

Жас дарындар, шынымен де, көрерменге шаттық сыйлады. Сахна төрінде ән шырқалып, қыздар мың бұрыла би биледі. №37, №64 мектептің домбырашылар ансамблі көрерменді күмбірлеген күйге бөледі. «Зерде» мектебінің әншісі Ақкербез Тілеубекова во­калдық қабілетімен ерекшеленсе, №68 және №37 мектеп оқушылары Рауан Әдетхан мен Әмина Рахимова аспаптық ансамбль құрды. Концерт барысында №32 мектеп шәкірті Мирас Сартманов флейтаны сызылта тартса, №60 мектеп оқушысы Жәмилә Тілеуқұл пианиноның құлағында ойнады. Тәлімгерлер арасында «Астана Операның» болашақ жұлдыз­дары бар болып шықты. №50 мектепте оқитын Нұрғиса Әбдімомын №30 мектеп-гимназиясының хор ұжымымен өз партиясын сәтті орындап шықты. Олармен бірге №3 мектеп-гимназиясының хо­реографиялық ұжымы өнер көрсетті. Жеңімпаздар тізімінен аталған балалардың есімін кездестіруге болады.

Конкурсқа 5000-нан астам үміткер қатысты. Олардың 200-ден астамы күміс және қола мүсіндермен марапатталды. Ал 33 жүлдегерге алтын мүсін­дер табысталды. «Соны жанры» бойынша №77 мектеп-гим­назиясының клоундар театры және №14 орта мектеп оқушысы Шержон Рашитовтың өнері жоғары бағаланды. Айрықша киім дизайнымен менеджмент және бизнес колледжінің студенті Назерке Тайшыбаева ерек­ше­ленді, сондай-ақ, №54 мектеп-гимна­зиясының шәкірті Дана Сариева мамандардың жоғары бағасын алды. №56 мектеп-лицейінің тәлімгері Аружан Дарханбаева мен №4 мектеп-гимназиясында оқитын Азат Балташтың суреттері фотоөнеріне қойы­латын талаптарға сай болып танылды. №71 мен №63 мектеп-лицейлерінің оқушылары Әлия Айтжанова мен Лаура Қа­ра­мысова бейнелеу өнерімен тамсандырды. №54 мектеп-гим­назиясының қойылымы сәтті шығып, №48 мектеп-лицейдің оқушысы Болат Ибраевтың актерлік шеберлігі үздік атанды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button