Басты ақпаратБілім

ОҚУШЫЛАР МЕКТЕППЕН ҚАУЫШАДЫ

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы педагогтарына арналған «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» атты дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Онлайн-кеңеске елорда әкімі Алтай Көлгінов, Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай және астаналық білім беру орталықтарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.

Ең әуелі кеңесті ашқан басқарма басшысы барлық ұстаздарды дәстүрлі форматта басталатын жаңа оқу жылымен құттықтап, онлайн оқу кезінде үйренген үрдісті естен шығармай ұтымды пайдалана беруді ұсынды. Қала әкімі өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Халықтың жыл сайынғы өсуін ескере отырып, Нұр-Сұлтан әкімдігі оқу орындарының құрылысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 3,5 есе асады. «Елордада жыл сайын ішкі көші-қон есебінен де, бала туу артуынан да тұрғындар саны өсуде. Соңғы 10 жылда оқушылар саны 3 есе артты. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны өсіп келеді. Өткен оқу жылында мектепті 7 мыңнан астам түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24 мыңға жуық бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттайды. Олар бітірушілер санынан 3 еседен астам көп. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл тамаша көрсеткіш, бұл тиісінше мектептердің көбірек салынуын талап етеді» деді Алтай Көлгінов.

15 мектеп салынады

Сонымен қатар, қала әкімі биыл 15 мектеп салынатынын атап өтті, бұл – 40 мыңнан астам жаңа оқушы орны. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе және 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Құрылыс кезінде мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы да ескеріледі: IT және STEM-кабинеттер арқылы оқушылар 3D-объектілерді құра алады, роботтардың үлгілерін жасай алады, ғылыми-техникалық білімдерін бірден практикада қолдана алады. Оқу орындары қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын алаптарында салынуда. Елордада алдағы 5 жылда жол картасы аясында 67 мектеп салу жоспарланған. Оқу орындарын салу, оның ішінде жеке инвестиция тарту есебінен жүргізілуде. Бұл үш ауысымды және оқушылары тым көп мектептердің проблемасын шешеді.

 

«Ashyq» жобасына қосылған

Нұр-Сұлтан мектептерінде оқу жылы дәстүрлі оффлайн-форматта басталады. COVID-19 таралуын болдырмау үшін бірқатар шаралар қабылданды: Нұр-Сұлтанның барлық оқу орындары «Ashyq» жобасына қосылды, мұғалімдер вакцинацияланды, мектептер қорғаныс құралдарымен жабдықталуда. «Өткен оқу жылы ұстаздар мен оқушылар үшін оңай болған жоқ. Осыған қарамастан, педагогтар, оқушылар және олардың ата-аналары қашықтан оқыту форматынан өз деңгейінде өтті. Олар шыдамдылық танытып, оқуға және сапалы білім алуға ниет білдірді. Бірақ қашықтан оқыту оффлайн оқытудың орнын баса алмайды. Жоғары сапалы білім алу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» жүйесіне қосылды. Бұл жоба өз тиімділігін көрсетті, ал сүзгі біздің педагогтар мен оқушыларды қауіпсіздендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектептің медициналық пункттерінің жұмысын күшейту, оқу орындарын қорғаныс құралдарымен жабдықтау тапсырылды. Сақтық шаралары толық қабылдануы тиіс» деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімі мұғалімдер мен оқу орындарының қызметкерлері, сондай-ақ ата-аналардың өздері арасында жаппай вакцинациялаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бүгінде елордада педагогтардың 99%-ы (бұл 16 мыңнан астам) және техникалық персоналдың 97%-ы (5 мыңға жуық) вакцинацияланды. Вакцинация сіздің денсаулығыңызды да, айналаңыз­дағы жандардың және жақындарыңыздың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді. Вакцинация арқылы ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін ғана қала бұрынғы, карантинге дейінгі режимге орала алады.

 

Педагогтар жалақысы өседі

Елордалық мұғалімдердің жалақысы соңғы екі жылда 50 пайызға өсті. 2022 жылы педагогтардың еңбекақысы тағы 25 пайызға артады. Алтай Көлгінов «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдер үшін қандай жағдайлар жасалатыны туралы да айтты. «Біз оқу орындарының құрылысына ерекше назар аудара отырып, әлеуметтік нысандарды жүйелі түрде салып жатырмыз. Мектептердің қажетті санын одан әрі салатын боламыз. Алайда біздің балаларымызды мектеп қабырғалары емес, мұғалімдер оқытады. Ел басшылығы біздің педагогтарымыз үшін жағдай жасау­ға ерекше көңіл бөліп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға, 2021 жылы тағы 25 пайызға өсті. Келесі жылы мұғалімдердің жалақысы тағы да артады. Ұстаздардың жалақысы 2024 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсіп отырады. Сондай-ақ біліктілік санаты үшін қосымша ақы қарастырылған. Біз өз тарапымыздан тұрғын үй жағдайларын жасау бойынша жұмыс істейміз: кезекте тұрғандарға тұрғын үй сертификаттарын бөлеміз, бағдарламаны қазақстандық тұрғын үй компаниясымен (ҚИК) бірлесіп жалғастырамыз. Сондай-ақ 2019 жылы жас мұғалімдерді қолдау үшін 350 орындық жас педагогтар үйі салынды» деп атап өтті елорда әкімі.

Сонымен қатар, елорда әкімдігі мұғалімдердің кәсіби дамуына назар аударады. Оzat жобасын іске асыру аясында мектептер мен колледждердің 400 пән мұғалімі РІЅА тапсыр­маларына білім алушыларды дайындау бойынша біліктілікті арттыру курстарында оқудан өтті. Кембридж университетімен бірлесіп SHARE жобасы іске қосылды. Бірлескен зерттеулер жүргізілуде, ақпарат алмасып жатыр, пандемияға дейін шетелдік іссапарлар ұйымдастырылды және тағы басқа. Кадрларды тарту үшін жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуға гранттар бөлінеді. Мысалы, биыл жұмысқа 800-ге жуық педагог қабылданды. Мұғалімдерге жағдай жасау бойынша жоғарыда аталған барлық шаралар жүйелі негізде жүргізіледі.

 

Балаларға 800 млн теңге бөледі

Нұр-Сұлтан әкімдігі жалпыға міндетті оқу аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек ретінде 800 млн теңге бөледі. Биыл материалдық көмекпен қамтылатын оқушылар саны артты, ал 2020 жылдан бастап сомасы да өсті. Осылайша, әлеуметтік аз қамтылған отбасының әрбір оқушысына көрсетілетін көмек мөлшері 40 мың теңгені құрайды. «Мәселен, отбасында 4 бала болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді. Осылайша, бір отбасы мектеп киімін, аяқ киім мен оқуға қажетті керек-жарақтарын сатып алуға 160 мың теңге жұмсай алады. Биыл жалпыға міндетті оқу бағдарламасы 11 тамызда басталды. Біз балалар санын да, сонымен қатар ыңғайлы және таңдау болуы үшін компаниялар мен сауда орындарының санын да көбейттік. Өткен жылы бұл соманы бір балаға 40 мың теңгеге дейін ұлғайттық. Жалпы білім берумен 15 мыңнан астам оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Қажет болса, бұл сандарды қосымша арттырамыз. «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы аясында оқушыларға көмек көрсетеміз. Бұл бағдарламамен тағы 7 мың бала қамтылады. Сонымен қатар, аудандық әкімдіктер 2 мыңнан астам оқушыға керек-жарақтары бар рюкзактар табыстайды» деді Алтай Көлгінов.

Жалпыға міндетті оқу аясында көмек алуға өтініш беру үшін ата-аналар бала оқитын мектепке жүгінуі қажет. Жалпы оқыту шеңберінде көмек келесі санаттағы оқушыларға көрсетіледі:
– мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
– АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасылардан шыққан балаларға;
– жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған отбасыларда тұратын балаларға;
– ТЖ салдарынан шұғыл көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға;
– білім беру ұйымының алқалы органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жататындарға.

Көмек «Атамекен» ҰКП ұсынған «BMC Sales» цифрлы платформасы арқылы көрсетіледі, онда жеке нөмірі көрсетілген арнайы карталар пайдаланылады. Әлеуметтік бірліктер қозғалысын жеке кабинеттерде алушылар, әлеуметтік педагогтар, бағдарлама әкімшілері қадағалайды, бұл қаражаттың мақсатты және айқын пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

Көктем Қарқын

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button