Басты ақпаратЖаңалықтар

Елордада 115 көше жөнделеді

Құрылыс маусымы басталғалы қалада жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 115 көше салынып, жөнделеді.

Оның 60-ы – елді мекендерде. Мысалы, Көктал-1-де – 17 көше, Өндірісте – 9 көше, Агроқалашықта – 8 көше, сондай-ақ Кирпичный, Теміржолшылар, Оңтүстік-Шығыс, Шұбар елді мекендері жол жұмыстарымен қамтылды. Бұл туралы қала басшысы Алтай Көлгінов мәлім етті.

«Бүгін бірқатар көшенің, оның ішінде №27 көшенің (Ш.Бейсекова көшесінен Тұран даңғылына дейінгі учаскеде) құрылыс барысымен таныс­тым. Осы учаскеде биыл 8 жолақты қозғалысты магистралды көшенің құрылысын аяқтаймыз. Ұзындығы 3 шақырым болатын бұл көше ауданды инженерлік желілермен және кірме жолдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта Айтматов көшесінің құрылысы аяқталғаннан кейін (Е10 көшесінен Ұлы дала даңғылына дейінгі учаскеде) Тұран даңғылының (Сарайшық көшесінен Ұлы дала даңғылына дейін), Мұхамедханов көшесінің (Тұран даңғылынан Айтматов көшесіне дейін), Е10 көшесінің (Айтматов көшесінен Тұран даңғылына дейін) жүктемесін түсіреміз» деп жазды әкім инстаграмдағы парақшасында.

Сондай-ақ қала басшысы Е52, Е41 (Бектұров және Төле би аудандары) көшелерінің құрылыс барысымен танысты. «Осы көшелер бойынша бізге тұрғындар көптеген сауалдар қойды. Көшелердің құрылысы аталған аудандардың дамуына қосымша серпін береді, сондай-ақ қала тұрғындарының өмір сүру сапасы артады. Жол жұмыстары елорданың барлық ауданын қамтыды. Екі жыл ішінде 300-ге жуық көше жөнделді. Мысалы, өткен жылы 170-тен астам көше, оның ішінде елді мекендерде 100 көше жөнделді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу саласында 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды» деп түсіндірді А. Көлгінов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button