Басты ақпаратРуханият

Орны бөлек Оралхан

Биыл көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толады. Біз осы орайда жазушының қарындасы Ғалия БӨКЕЙҚЫЗЫМЕН әңгімелесіп, орны бөлек Оралхан жайлы сөз қозғаған едік.

Мерейтой қалай өтіп жатыр?

– Ғалия апай, әңгімені тойдан бастап, оймен тұжырымдасақ деп отырмын. Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы қалай аталып өтіп жатыр?

– Оралханның 80 жылдық мерейтойы өзінің туған жерінен бастау алды. «Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, мазмұны мәйекті салтанатты шараны жақында қайта ашылған Катонқарағай ауданының әкімдігі жауапты болып өткізді. Осы орайда шараның жоғары деңгейде өтуіне көп күш салған Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиаханұлына айрықша алғыс айтамын. «Жас келсе – іске» дегендей, ерен іскерлік танытып, ауданның жаңа ашылғанына, қаражаттың тапшылығына қарамай, туған жеріміздің тумасы деп Оралханды ұлықтап жатқанына тойға келген дүйім жұрт разы болды.

Жазушының 70 жылдығында сол кездегі облыс бастығы Бердібек Сапарбаевтың мұрындық болуымен Катонқарағайда Оралханның үлкен ескерткіші қойылған еді. Биылғы мерейтой қарсаңында сол ескерткіштің төңірегі әсем бау-бақшаға айналып, шара сол саябақтың ашылуымен басталды. Сондай-ақ жазушының туған жері – Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей-үйі ашылды. Бұл үй бұрын жекеменшікте – менің атымда тұрған еді. Ағам сол үйде туып-өскен. Біраз шығармасы осы үйде жазылған еді. Ол бұрын да «Оралхан Бөкейдің музей-үйі» деген атпен Оралханның туған жеріне қадам басқан қонақтардың ат басын бұрмай кетпейтін жеріне айналған. Осы үй аудандық деңгейде қалып қоймай, облыстың қарамағына алынса деп көп талпындым. Облыс әкімдеріне дейін барып, табанымнан тозған едім. Ділдар Қалиаханұлы бауырымыз осы жұмысқа белсене кірісіп, облыстық Мәдениет басқармасымен хабарласып, соңында «Оралхан Бөкейдің музей-үйі» тарихи жәдігер ретінде облыстың қарамағына өтті. Енді ол облыстың бір мекемесі ретінде жұмыс істейтін, 4-5 штаты бар, Үкімет қаржыландыратын орынға айналды.

«Оралхан Бөкейдің музей-үйі­нің» алдына қойылған (гипстен) мүсін жел жеміріп, жауын ша­йып, әбден тозған еді. Мерейтой қарсаңында ол да жаңарып, мүсін мрамордан қойылды. Шарада сол бюсттің ашылуы да болды. Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгі табысталды.

Ағамның 60 жылдығында «Оралхан», 70 жылдығында «Біздің Оралхан» деген кітап жарық көрсе, биылғы 80 жылдығында ауданның қаржыландыруымен «Шолпандай таң алдына туып-батты» атты жаңа кітап баспадан шыққан. Катон­қарағайдағы тойда сол кітаптың да тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрме ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О.Бөкей мұражайына сыйға тартты. Шара соңы бұқаралық спорт жарысына ұласты.

Оралханның 60 жылдығына барған жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз «Катонқарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқара көк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…» деп жазып еді. Мына кереметті қараңыз, сәйкестік пе, жоқ әлде шынымен де ағамның аспанда жүрген өршіл рухы ма, кім білсін, бір қыран той өтіп жатқанда үш күн бойы аспанда қалықтап ұшып жүрді.

– 80 жылдық шаралар осымен бітті ме?

– Жоқ. Шырайлы шығыста өткен бұл шара алдағы уақытта Астана, Алматы қалаларында жалғасады. Бұйырса, Катонқарағай ауданындағы азаматтардың қолдауымен 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Одан кейін «Қар қызы» пьесасы сахналанады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйым­дастырып, ақындар айтысы өтеді. Айтыстың үлкен сахнаға шығуында да ағамның үлесі бар. 80 жылдық мерейтойдың соңын айтыспен түйіндеудің бір мәні осында.

Облыс көлеміндегі іс-шараларға келсек, биыл Оралханды еске алу шарасы Шығыс Қазақстан облысындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада басталған. Сол кітапхана «Кітапхана – ХХІ ғасырдағы сауаттылық түрлерінің қозғаушы күші» деген тақырыпта ауқымды шара өткізді, яғни бүкіл республикадағы кітапханашылардың басын қосып, жаңа технологиялар арқылы Оралхан шығармаларын қалай насихаттау жөнінде 2 күндік ғылыми конференция өткізді. Жазушылар одағының облыстық филиалы ғылыми конференция, мүшәйра ұйымдастырды.

Жазушының атына көше беріледі

– Біз 2020 жылы «Астана ақшамы» газетінде жазған «Оралханның орны өгейсіп тұр» деген мақаламызда «Астананы Арқаға көшіру идеясына ең алдымен үн қосқан жазушылардың бірі – Оралхан. «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып тұрған кезiнде қарамағындағы журналист Досымхан Қапасовқа арнайы тапсырма берiп, «Ақмола Қазақстанның астанасы болуға лайық» деген атпен талдау мақала жазғызды. Келесі мақаланы Сафуан Шаймерденов жазды. Оның соңы тарихи жаңалыққа ұласқаны белгілі. Бірақ сөйткен Оралханға елордадан тіпті бір көшенің бұйырмағаны өкінішті» деген едік. Астана көшелерінен Оралханға әлі орын шықпай тұр ма? Мүсінін қойсақ деген сыбыс жоқ па?

– Ағам 1992 жылдың шiлде айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бiрге жұмыс сапарымен осы Ақмола облысына келдi. Осы жолсапар жайлы «Сенбiден сенбiге дейiнгi Президенттiң бiр аптасы» атты мақала жариялады. Осы жолы Президент Ерейментауға келгенде журналистерге ой салып: «Түбiнде астананы Ақмолаға қарай жылжытуымыз керек. Бұл жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастыруымыз қажет. Оған журналистер, сiздер, үлес қосуларыңыз керек» дептi. Ағам Алматыға келе салысымен өзiнiң қарамағындағы очерк және ­публицистика бөлiмiнiң басшысы Досымхан Қапасов деген журналист жiгiттi Ақмолаға аттандырып, «Сен барлығын егжей-тегжейлi зерттеп, «астананы Ақмолаға көшiруiмiз керек» деген мәселенi көтеретiн материал дайында» дейдi. Сол жылдың қыркүйек айында бұл мақала газет бетiнде жарияланады. Сөйтiп, Арқаның төрiндегi кербез астанамыздың пайда болуы жолындағы баспасөз бетiндегi ең алғашқы мақаланы басып, Астананы көшіру идеясын халыққа жеткiзген Оралхан ағам едi. Сосын да мен, сіздер жазғандай, елордада ағама бір көше берсе жөн еді деп ойлаймын. Жақында қалалық Тіл басқармасының басшысы хабарласып, Астанадағы А30 көшесін Оралхан Бөкейдің атына беруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Республикалық комиссия бекітсе, бұл тілегіміз де орындалады.

Мүсін туралы мәселеге келсек, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрды салынатын кезде «ғимарат алдына қазақ драматургиясының дамуына үлес қосқан бірқатар қаламгердің мүсіні қойылады, соның бірі – Оралхан» деген сөз шыққан еді. Бірақ кейін аяқсыз қалды.

– 1998 жылы республикалық Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы (Оралхан оқулары) басталғаны белгілі. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан байқау да соңғы жылдары сап тыйылған. Оның себебі неде?

– 1998 жылы Мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаев тіл мерекесі аясында Оралхан Бөкей оқуларын өткізуді ұсынды. Ұлықбек Есдәулет ағамыз ережесін жазды. Кейін ол үш деңгей бойынша өтетін маңызды шараға айналып еді. Өкініштісі, оған соңғы кездері «Оралханның оқулары жылда өте бере ме?» деп кейбір жазушылар қарсы болыпты деп естідім. «Неге тоқтап қалды?» деп Мәдениет министрлігіне хат та жаздым, жауап болмады.

Бұл байқау Оралханның атындағы оқу болғанмен, шын мәнінде, Қазақстандағы барлық жазушының шығармалары насихатталатын еді. Сонымен, қаулымен бекітілген Оралхан оқулары тоқтап қалды. Біраз адамға хабарластым, бірақ нәтиже болған жоқ. 20 жылға жуық жалғасын тапқан шара соңғы рет Шымкентте өтті де, біржола жабылды. Жақында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа басшысы Мереке Құлкеновке хабарласып, жағдайды айттым. «Мен де ойлап жүр едім бұл шара неге тоқтап қалды деп, сұрастырайық, ізденіп көрейік» деді. Енді сол кісіден жақсы хабар күтіп отырмын. 80 жылдығында ол шара қайта жалғасын тапса жақсы еді.

Бұл арада аталған байқаудың «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы» деп тектен-текке аталмағанын ескерген дұрыс. Себебі бізде жазушы көп болғанмен, Оралхан сияқты прозалық шығармаларды жатқа оқитын жазушы аз. Кезінде жазушы Шерхан Мұртаза «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз байқауы – өте дұрыс жасалған қадам. Өйткені ол ән де айтатын. Көркемсөз оқығанда жандыратын. Әсіресе Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін» жатқа айт­қанда арқаланып кететін. Ғажап әуенмен оқитын» деп оң бағасын берген еді. Ол Абайды, Лермонтов шығармаларын да жатқа оқитын. Демек, «Оралханның оқулары» байқауы жазушының осы қа­сиетін де ескерген. Оның үстіне, «Оралхан оқуларында» жалғыз Оралханның шығармасы ғана оқылсын деген шарт жоқ, барлық қаламгердің шығармасын оқуға мүмкіндік бар. Әдебиет пен өнерді дәріптейтін осындай байқауға алдымен қаламгерлердің қарсы болғаны қалай айтсақ та түсініксіз.

– Оралханның оқырман ­қолына жетпеген шығармалары бар ма?

– Жоқ, тек үш пьесасының ғана бағы жанбай жүр. Оның бірі – Желтоқсан оқиғасын арқау еткен «Желтоқсан желі» деген пьеса. Ызғар басылмай тұрған кезде жазылған бұл шығарма өтпей қалды да, қайта өңделді. Оны сол кездегі Әуезов театрының режиссері Сәулебек Асылхановқа беріп кеткен екен. Ол пьеса қойылмады да, ағам қайтыс болғаннан кейін маған әкеп берді. Қазір менің қолымда тұр. Сол шығарма сахнаға көтерілсе деп армандаймын. Ал қалған 2 пьесасы екі адамның қолында. Оның бірі Сәулебек ағаның қолында. «Қазақтың қасіреті» деген шығарма, ол ешбір жерде жарияланбаған. Біреуге беріп едім дейді, тауып берем деп уәде берген, күтіп жүрмін. Ал екінші шығармасы – «Шыңғысхан» деп аталатын туынды. Үндістанға кетіп бара жатқан кезде режиссер Нұрқанат Жақыпбаевқа «мен келгенше қарап, дайындай бер» деп беріп кеткен екен. Сол пьесаны да ала алмай жүрмін.

Айман екеуінің махаббаты айрықша еді…

– Оралханның шығарма­шылық биікке көтерілуінде Айманның үлкен үлесі бар десек қателеспейтін шығармыз. Ардақ жеңгеңізді Шыңғыстайға алып бармақ болғанда, анаңыздың «өзім босаға аттатқан Айманды келін деп білем» деген сөзі де көп жайды аңғартса керек.

– Ағам мен Айман жеңгем екеуі керемет жарасым тапты. Шыны керек, ағам көп шығармасын сол Айман жеңгемізбен бірге тұрғанда жазды. Өйткені ол бәрін емеуріннен түсінетін, бабын жасайтын. Ардақ жеңгеммен 4-5 жыл ғана бірге болып, өмірден озды ғой. Демек, ағамның барлық шығармашылық дәуірі Айманның қасында өтті.

Екеуінің үйленуі де қызық. Екеуі махаббат байласқанмен, Айманның шешесі «қызым Мәскеуде оқыған» деп бізге бергісі келмеді. Ол кезде ағам аудандық газетте істеп жүрген еді. Ат-атағы да танымал емес. Әкем құдалықпен сөйлесіп барса, Айманның анасы қызының Мәскеуде оқығанын алға тартып, келісім бермепті, соңынан шешем барып көндіріп қайтты. Құдалық жүріп, той болатын кезде күйеу қалыңдығын алғалы барса, шешесі үйге қамап алып, қызын үйден шығармай қойыпты. Сонда Айман жеңгем үйдің артқы терезесінен шығыпты да, ағаммен еріп біздің үйге келді. Бір ғажабы, сол жылы ерте көктемде 3 қазымыз жоғалып кеткен еді. Шешем «біреу сойып жеп алды ғой» деп жүретін. Ағам жеңгемді алып есіктен кіргенде, Құдайдың құдіреті, әлгі жоғалған қаздарымыз балапандарын ертіп, жеті қаз болып, қақпадан ағаммен қатар кірді. Жұрт мұны жақсылыққа балап, құтты келін болады екен деп жатты. Шешем балаларына ақ дастарқаннан шашу шашса, қаздарға жемнен шашу шашып қарсы алды.

Іле-шала қуғыншы келді, олармен әзер келіссе, енді осы қуғыншылардың бәріне жағалы киім кигіз деген талап қойды. Бұған бүкіл ел таңғалды. Шешем «Бөкей-ау, мыналар не дейді? Осыншама жағалы киімді қайдан табамыз?!» деп әкеме жүгіріп келді. Әкем ауылдағы дүкенге барып, түн ортасында есігін ашқызып, дүкендегі барлық жағалы киімді қарызға алып келіп, қуғыншыларға кигізгені бүгінге дейін есімде.

Ол кезде ауылдың Мәде­ниет үйінде той болмаған, ағам алғаш рет сол Мәдениет үйінде той жасап, жиылған жұрт сонда сыймай қалған еді. Ағам шаңырақ көтерген күні «Бөкейдің жалғыз ұлы үйленгенде тоқты апармаймыз» деп көршілер еркек қойдан ақ сарбас әкеліп, қорамыз қойға толып еді. Ол да жұрттың әкемді қатты сыйлайтынының көрінісі ғой. Бірақ бәрін берген тағдыр ағам мен жеңгемді бір шикі өкпеге зар қылды. Тағдыр солай болды.

– «Астымда құлынды бие, үстінде құйрық-жалсыз мен келемін» деп жазады Оралхан «Ұйқым келмейді» әңгімесінде. Әр кітабы шыққанда әке-шешесіне «сендерге сыйлаған балам осы» деп қол қойып беретін Оралханның артында кім қалды?

– Ардақ жеңгемізден Айхан, Айжан есімді бір ұл, бір қыз сүйді. Екеуінің де атын ағам өзі қойған. Айманның «ай»-ын, Оралханның «хан»-ын алып, Айхан деп қойып еді. Қазір немерелері де өсіп келеді.

Кейіпкерінің көбін танимын

– Оралханның шығармаларындағы кейіпкерлер туралы не білесіз? «Атау кередегі» Нұрке кемпір, «Сайтан көпірдегі» Аспан, «Қасқыр ұлыған түндегі» Ардақ кім, өмірде болған ба?

– «Атау кере» романының («Қауіпті будан») жазылуына да сол Нұрке кемпір себеп болды. Ауылымызда Мұхтархан деген кісінің шешесі, бүкіл ауыл «сары кемпір» дейтін кісі болды. Өзі, орыс кержақтың қызы болғанына қарамастан, кимешек-шылау­шын тастамай, 5 уақыт намазын қаза қылмайтын, отыз күн ораза ұстайтын тақуа, дегдар адам еді. Оның басқа ұлт екенін үлкендер болмаса, біз біле бермейтін едік. Сол кісі қыс мезгілінде қайтыс болды. Әймен деген апайым бар еді, мектепте мұғалім. Ал сары кемпірдің келіні Сақыштай да сол мектепте жұмысшы еді. Енесі қайтыс болған соң, әріптестері көңіл айта барыпты. Үйге таяп қалғанда: «сонда қалай көңіл айтамыз? Орысқа да «алдынан жарылқасын» дейміз бе?» деп Әймен апайым әзілдеген ғой, осы сөзге қатты күлген әйелдер үйге кірген соң да күлкісін тыя алмаса керек, содан жөнін айтып, түсіндіріпті. «Бұлардың көңіл айта келіп күлгені несі деп ренжіме» деп болған оқиғаны айтса, Сақыштай «Жасы келген адам ғой, дегенмен апамның қылығына өзім де таңғалып отырмын» деп мынадай оқиғаны баяндапты: «Енем қайтыс болардың алдында дәретін алып келіп, кәлимасын мұсылманша қайырып болған соң, «Сақыштай, менің сандығымның ішінде кішкентай қобдишам бар, соны әперіп жіберші» деді. Ол кісінің мұндай сандығы бар екенін бірінші рет көрдім. Енем сандықты алды да, ішіндегі Інжіл мен крестін алып шықты. Сосын Інжілін кеудесіне қойып, өз дінінде мінәжатын айтып, крестіне шоқынып жатып көз жұмды».

Әймен апайым осы әңгімені үйге айтып келді. Ағам ол кезде іссапармен ауылға келіп жатқан. Осы әңгімені естіп, ағам сары кемпірді зерттей бастады да, кейін ара туралы ізденді. Мен ол кезде Алматыдамын, Ұлттық кітапханадан араға байланысты материалдарды мен арқылы алғызып, оқып, бірнеше жылдан кейін «Атау керені» жазды. Шығарма Алматыда Жазушылар үйінде бастап жазылған. Бірақ онда жаза алмадым деп, шешем қайтыс болған жылы Шыңғыстайға келіп, Бұқтырманың жағасында жазып бітірді. Ағам тез жазатын, бірақ жазу үстеліне отыруы қиын еді. Маған «сенің міндетің – маған күніне 3 литр қымыз ішкізесің, тамағымды беріп, жазу үстеліне отырғызасың» деп тапсырды. Мен соны орындадым. Осылайша, біздің қара шаңырақта жазған соңғы шығармасы осы «Атау кере» болды.

Ал Аспан – Еңбек ауылында тұратын біздің көрші Күндебаев деген ақсақал. Ол кісіні де көрдім. Кейін ағамның шығармасының желісімен «Сайтан көпір» деген фильм жасалды ғой, сол фильмде Аспан рөлін Ыдырыс Ноғайбай аға сомдады. Образды ашу үшін Ыдырыс аға біздің үйге келіп, Күндебаев ағамыздың жүріс-тұрысын зерттеді. Ол кісінің шолақ аяқпен қалай атқа мінетінін толық бейнелеу үшін өз аяғын буып тастап машықтанды.

Тағы бір жолы ағам іссапармен ауылға келіп жатқан. Сол кезде Өрнек ауылында бір қызды қасқыр жеп кеткенін естіді. Қыз қасқырлардан қорғану үшін бір бау шөпті өртегені, қасқырлар мазақ қылғандай шашын қарға шаншып кеткені жұрт аузында айтылып жүрді. Міне, осы оқиға «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасына арқау болды. Биғаңды да білемін, әпенді қылығы бар кісі еді, жарықтық. Демек, мен ағамның кейіпкерлерінің кім екенін тоқсан пайыз білем десем де болады. Көбі – сол Алтай алқабының адамы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button