Басты ақпаратМәселе

Несие несібені байлап отыр

Қазір еліміздегі банк саласында қордаланып қалған мәселе аз болмай отыр. Оны жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атап көрсетті. «Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен, Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді» деген еді Президент Жолдауында.

Пайызы неге жоғары?

Қазір халықтың көбі кредитке өмір сүруде. Астана қаласының тұрғыны Мұхит Санбаев та солардың бірі. Мойнында бірнеше несиесі бар ол бір қарызынан әупірімдеп құтылса, екіншісін алуға тура келіп, әзірге банк алдындағы берешегін ай сайын өтеу үшін қаражатын қатаң түрде есептеп отырады.

– Төрт балам бар. Соларды киіндіріп, қатарынан қалдырмай білім беріп, елордадан пәтер алу үшін үнемі банктен, көтеріңкі пайызына қарамай, қарыз алып келдім. Зайыбымыз екеуміз жұмыс істеген соң, әйтеуір ай сайын берешегімізді өсірмей өтеп отырмыз. Екінші деңгейлі банктердің қайтарым пайызы өте жоғары, – дейді қала тұрғыны.

Кейінгі жылдарға көз жүгіртсек, елімізде халықтың банк қарызына белшесінен батып бара жатқанын көреміз. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметі бойынша 2023 жылдың 1 маусымында тұтынушылық қарыз көлемі 8,2 триллион теңгеге жеткен. Оның жыл басынан бері 500 миллиард теңгеге өскені байқалады. Оның үстіне адамдар қарызын өтей алмай әуре-сарсаңға түсуде. Тек 2023 жылдың 1 наурызы мен 1 мамыры аралығында азаматтардың үш ай бойы өтелмеген қарызы 504 ­миллиард теңгеден 550 ­миллиард теңгеге көтерілді. Ал мұндай қарызын өтей алмаушылар саны кейінгі кезде 58 пайызға дейін өсіп кеткен.

Банктер қарыз беруде соңғы уақытта азаматтардың не табысына, не әлеуметтік жағдайына, денсаулығына қарамайтыны байқалады. Ең бастысы, жұмыс істейді деген анықтамасы болса болды. Астана қаласында бір банк ай сайын алатын 215 мың теңге еңбекақысы бар бір медицина қызметкеріне 2021 жылы кредит берген. Ал ол жылдық мөлшерлемесімен қоса есептегенде ай сайын банкке 360 мың теңге төлеуі керек болған. Есептеп қараса, алған несиесінің үстемесі елу алты пайыздан да жоғары екені байқалады. Бұл енді пайда қуушылық емей немене?! Осындай тойымсыз банктер елімізде тұтынушыларды қанап отыр десек, артық айтқандық емес.

Ал шағын кредиттік ұйымдардың араны тіпті ашылып кеткенге ұқсайды. Мәселен, «Взаймы» деген микрокредиттік ұйым (МКҰ) 2022 жылдың наурыз айында В.Машани деген азаматқа 12 күнге 120 мың теңге қарыз берген. Ал оның тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесі 292165,11 теңгеге шыққан. Тағы бір «Creditum» атты МКҰ Е.Ермеков деген азаматқа 2022 жылдың 20 қарашасында бір аптаға 70% тиімді жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 100 мың теңге қарыз беріп, басын шырғадай етіп қойған.

Айта кетейік, Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық банкі МКҰ-лар үшін кредит бойынша жылдық ең жоғарғы мөлшерлеме 45 күннен асса – 56 пайыз, ал 45 күнге жетпейтін мерзімге 20-30 пайыз деп белгіледі. Алайда оны қаперіне іліп жатқан шағын микрокредит ұйымын көрмейсіз. Еш қысылмастан азаматтармен жасасатын келісімшартын ұсақ әріптермен толтырып, жылдық сыйақы мөлшерлемелерін мың пайызға дейін шімірікпей өсіріп жібереді.

Тығырыққа тірейтін шешім

Өткен жылы Астана қаласының тұрғыны Аңсаған Жамалов алған қарызын елу пайыз үстемесімен талап еткен шағын қаржылық ұйымын сотқа берді. Расында да, елдің бас қаласы мен Алматыда микроқарыз рәсімдеушілер де, банктен несие алушылар да көп екен. Бұл жолы сот тұңғыш рет Ұлттық банк нормативтерін негізге алған азаматтың талап арызын қанағаттандырып, пайыздық үстеменің өте жоғары екенін ашық айтты. Сөйтіп, Аңсаған Жамалов несиесінің үстемесін емес, белгіленген мөлшерлемесін ғана өтейтін болды. Алайда бұл әзірге ілуде бір кездесетін жекелеген жағдай болып тұр.

Қазір осындай банктердің пайыз­дық үстемесінен зардап шеккендерге «Қарызсыз қоғам» жобасын ұсынушылар табылып отыр. Ал олар мынадай дерек келтіреді. Келтірілген зерттеулерге сенсек, елімізде тұтынушылық несиесін алатындардың 34 пайызы көпбалалы отбасылар екен. Ал 18 бен 35 жас аралығындағы жастардың 24 пайызы банктерден 3-4 кредиттен алып үлгеріпті. Мына қызықты қараңыз, шағын қаржылық ұйымдар мен банктер айлық табысы 70 мың теңге көлеміндегі азаматтарға да несие рәсімдей беріпті. Әрі олардың көбі (58 пайызы) қарызын уақытында қайтара алмай, үстеме пайызы еселенген.

«Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн» деген Мемлекет басшысының сөзі дәл уақытында айтылып отыр.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, ВТБ банк пен «Bereke bank» АҚ-та жылдық пайыз мөлшерлемесі – 21,5%. Ал «Банк Центр Кредит» АҚ – 23,6%, «Еуразиялық банк» АҚ – 23,7%, «Kaspi bank» АҚ – 24,4%, «Home credit bank» АҚ 28,5% көлемінде кредит береді екен. Бұған банктердің сақтандыру және тағы басқа міндеттерін қосыңыз. Сонда тұтынушылар кредитті 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банкке қарызын екі-үш есе қосып қайтарады.

Шындығында, Ұлттық банктің қазіргі пайыздық саясаты халықтың қамын ойлаған шешім емес. Соның салдарынан ипотека және автокредитті 25%-ға дейін, ал қарапайым адамдар алып жатқан кепілсіз кредитті 56%-ға дейін көтеріп, азаматтарды қарызға белшесінен батырып отыр.

2023 жылдың сәуір айында жүргізген мониторингке сай, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77%-ы екен. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бойынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп төлеген. Ал осы жылдың 1 сәуірінде қазақстандықтардың несиесі 30%-ға – 7,7 трлн теңгеге өскені белгілі болды. Яғни 822 мың адам «қарыз қамытын» киіп отыр. Бұл – ойлантатын мәселе.

Қазір қарапайым халыққа ауыр тиіп жатқан екі фактор бар. Оның біріншісі – қымбатшылық, екіншісі – жоғары пайыз мөлшеріндегі кредит. Қазақстанда 7,1 миллион адам кредитпен күн кешуде. Яғни халықтың 36%-ы екінші деңгейлі банктердің акционерлерін байытып отырғаны белгілі.

Тіні қатты байланыс

Қазақстандық банктердің «көмекейінің кеңдігі» туралы бұған дейін де талай айтылып, жазылды. Алайда одан бір айтарлықтай нәтиже шығып, халықтың жағдайын, мүмкіндігін ойлап жатқан банк иелерін байқамадық. Расы керек, кезінде елдегі банктерді қолдап, олардың аяғынан тік тұрып кетуіне тәуелсіз Қазақстан мемлекеті триллиондаған теңге мен миллиондаған доллар жұмсағанын екінің бірі біледі.

Астана қаласының тұрғыны, тәуелсіз сарапшы, экономист Құмар Сақтағанның осы төңіректегі пікірін тыңдағанымызда көп жайға қанық болдық.

«Біріншіден, біздің ел тек кегежесі кейін тартқан банктерді ғана алға сүйреп қойған жоқ, қаржы мекемелерін де, олардың қалталы иелерін де «қамқорлығына алды».

Мынаны қараңыз, 90-жылдардың басында ел экономикасы тұралап, жұрт ала дорба арқалап кеткен кезде банкирлердің еңбекақысы мен бонусы еселеніп жатты. Әлі де солай. Республикада ең мықты кеңселер мен қымбат жиһаздар кімде – банкирлерде. Ең мықты машинаны кімдер мінеді – банкирлер мінеді. Осының сырын білесіз бе? Білмесеңіз, айтайын. Сол банктің түпкі иесі – мемлекеттік билікке жақын жүрген алпауыттар.

Бұл – тіні қатты байланыс. «Қаржы саласының акционерлерін мемлекеттік аппараттан іздеу керек» десем, мені біреу «жала жаптың» деп кінәлай алмайды. Мен сізге айтайын, бұл әлемдік тәжірибеде бар либералдық нормаға айналған жай екен. «Мемлекеттік қызметке кірісерде бизнесіңді сенімді қолға тапсыру» дегеннің астарына үңілсеңіз, көп нәрсені түсіне бастайсыз. «Қаржы-банк сыбайластығы» деген тіркестің кейінгі кезде жиі айтылып жүргені де содан.

Ал енді осы жылдар бойы қалыптасқан сыбайластықтың тамырына қалай балта шабуға болады? Ол үшін «мемлекеттік шенеунік – жеке банк – бизнес» деген байланыстың тамырын үзу керек. Бұл тек Әділетті Қазақстанның ғана қолынан келеді. Әрі соған қатты үміттенемін».

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button