Қала тіршілігі

Осы отырған отырыс бір ғанибет емес пе?…



Астана тек зәулім ғимараттарымен ғана емес, жасыл-желек, саябақ, гүлбақтарымен де әдемі. Бас шаһарда қызықты орындарымен қатар, бір сәт дамылдап, тізе бүгіп отыруға арналған орындықтарға да баса мән беріледі.

Елордада әдемі ою-өрнекпен безендірілген ерекше орындықтар жетерлік. «Нұр жол» желекжолының бойындағы орындықтардың екі жақ шеті қазақтың оюы өрнектелген мраморлармен қапталған. Орындықтар отыруға да жайлы. Мұндай әдемі әрі жайлы орындықтар қаладағы алаңдармен қатар, көшелердің қалтарыс-бұлтарыстарында, саябақтарда да сансыз. Сондай-ақ Астананың 20 жылдығы қарсаңында пайда болған ерекше аялдаманы атап өтуге болады. Республика даңғылының бойындағы «BUS» деген үлкен жазумен орнатылған аялдамада автобус күткен жолау­шыларға тізе бүгуге ыңғайлы.

Жалпы, қаладағы орындықтар ағаш, темір сияқты түрлі материалдардан жасалған. Олардың айшықталып, безендірілуі де әртүрлі. Енді әйнек орындық та пайда болды. Жақында ғана «Бәйтерек» монументі алаңына Астананың 20 жылдығына орай, қалалық мәслихаттың 6-шақырылым депутаттары сыйға тартқан әйнек орындық қойылды. Арқалы орындықтың жоғарғы жағында көрсетілген QR код арқылы мәслихаттың электронды сайты мен фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына кіруге болады. Елорданың мерейтойына жасалған мұндай сыйлықтар аз емес. Мысалы, Астананың сол жағалауындағы жаңа веложолдардың бойында 39 смарт орындық орнатылды. Бұл орындықтар – Астананың 20 жылдығына Павлодар облысының жасаған сыйы. Жаңа орындықтардың смартфондарға блютуз арқылы қосылу және динамика арқылы музыка тыңдау қызметі бар. Сондай-ақ телефонды сымсыз және USB порт арқылы қуаттауға болады. Орындықтар электр қуатын күн батареялары арқылы алады. Ең бастысы, бұл орындықтар велосипедтер үшін тұрақ қызметін де атқара алады. Смарт орындықтардың жаңа веложолдардың маңайына орнатылуының себебі де сол. Қытайда жасалған ақылды орындықтардың біреуінің бағасы – 1,2 млн теңге. Әр орындықтың үш жылға дейін кепілдік мерзімі бар.

Қаланың қауырт тіршілігінен бір уақ тыныстап, осындай заманауи әрі жайлы орындықтарға отырып, газет-журнал, кітап оқудың өзі бір ғанибет емес пе…




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button