Басты ақпарат

Валидаторлар жұмысын ретке келтіруді тапсырды

Астанада қоғамдық көлікке қатысты шешімін күтетін мәселелер бар. Қала әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен отырыста шаһар басшысы осы жұмысқа жауапты өзінің орынбасарын, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысын, «Астана LRT» ЖШС пен астаналық автобус парктерін қатты сынға алды. Әлеуметтік желі мен «iKomek» жедел әрекет ету орталығы арқылы келіп түсетін елорда тұрғындарының пікірлерін үнемі қарап отыратынын айтып өтті.

«Барлық даулы мәселені оқу жылы басталмай тұрып шешу керек еді. Жұмыс істемей тұрған валидаторларға бола адамдарға автобус күттіріп қою сылтау емес» деді Әсет Исекешев.
Әкімнің айтуынша, қоғамдық көліктің жұмысын субсидиялауға қаржыны мемлекет қажетті көлемде бөлген. Желідегі автобустардың шығуын 90-95 пайыз қамти алмайтын автопарктер мен астаналық жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздік сервисін қамтамасыз ете алмағандармен келісімшарт бұзылып, олардың орнын басқа автопарктер алмастырады.
Қала басшысы барлық валидаторлардың жұмысын ретке келтіруге тапсырма берді. Олай болмаған жағдайда, бағдардағы көлік санын қысқартпастан барлық жолаушылардың тегін жүруін қамтамасыз етуін тапсырды.
«Валидаторлардың тұрақты жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ете алмасаңыздар, халықты
тегін тасымалдаңыздар» деді Ә.Исекешев.
Әкім автобус қозғалысын бақылап отыратын GPS-мониторингтің жұмыс істемейтінін және оның жолаушыларға айтарлықтай қолайсыздық туғызатынын айтты. Оның сөзінше, электронды таблоның айырмашылығы 3-5 минуттан аспауы тиіс. Жиын барысында картаны толтыру ұзақ уақыт алатыны, оған 36 сағат кететіні де сөз болды.
Ә.Исекешев: «Картаны толтыруға кететін уақыт 3 сағаттан артық болмауы тиіс. Сол үшін іс жүзінде оны бірнеше минуттың ішінде болатындай етуі керек. Жүргізушілер валидаторды қайтадан жүктеп, төлемді ертерек түсетін етуі қажет» деген тапсырма берді.
Ол, сондай-ақ, «Астана LRT» ЖШС-ке тамыздың аяғына дейін жолақыны төлеудің қосымша мүмкіндіктерін қарастыруды, жолау­шыларға QR-код, смартфон және интернет-банкинг арқылы төлеуге мүмкіндік туғызуды тапсырды. Жиында әкім қазіргі түйткілдер және оның шешу жолдары туралы ұсыныстарды айтқан астаналық автопарктердің басшыларын да тыңдап шықты.
Автопарк өкілдері электронды төлем жүйесін енгізу айналымды 30 пайызға дейін ұлғайтқанын және бұл қаржының қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталатынын, соның ішінде жоғары білікті жүргізушілердің санын көбейтетінін айтты.
Электронды төлем жүйесі енгізілгеннен кейін жүргізушілердің жетіспеушілігі мәселесі қолға тие­тін жалақыны 300-400 мың теңгеге дейін көтеру әдісімен шешілген.
Автопарк басшылары билетсіз жүрушілердің көбейгенін байқап, осыған байланысты Астана әкімдігімен бірлесіп әрекет етуді және осы проблеманы шешу үшін транспорт инспекциясы мен жол-патрульдік қызметті қосуды өтінді.
Жиын қорытындысында әкім барлық өкілетті органдарға айтылған мәселелердің бәрін 1 қыр­күйекке дейін шешіп, қала бағ­дарларын қамтамасыз ету деңге­йін 90-95 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Олай болмаған жағдайда, автопарктермен келісімшарт бұзылатынын ескертті.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button