Қоғам

Отан қорғау – парыз

2022 жылдың 11 наурызынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің   Қаулысына сәйкес запастағы офицерлерді екі жыл мерзімге әскери қызметке шақыру басталды. Осыған орай газет оқырмандарының көкейінде жүрген бірнеше сауалдарды Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Арман Қияқбаевқа қойған едік.

[smartslider3 slider=2395]

– Запастағы офицерлерді екі жыл мерзімге әскери қызметке шақырудың ерекшеліктері қандай?

– Запастағы офицерлерді шақыру жыл сайын жоспар бойынша жүзеге асырылады. Сарбаздарды шақырудан бір айырмашылығы – көктемгі және күзгі шақырылым болып бөлінбей, бейбіт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 32-бабына сәйкес шақыру жыл бойы жүргізіледі.

 Биыл жалпы еліміз бойынша запастағы 190 офицер, оның ішінде Қарулы күштер қатарына 150 офицер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне 40 офицер әскерге шақырылатын болады.

Запастағы офицерлерге қойылатын талаптар: денсаулығы жарамды, моральдық-психологиялық тұрғыдан ұстамды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, бұрын әскери қызмет атқармаған, физикалық тұрғыдан кінәраты жоқ және 29 жасқа дейінгі азаматтар болуы тиіс.

Ал Қарулы күштер қатарына шақырылатын офицерлер дәрігерлер, арти­ллеристер, танк әскерлері мамандары, авиациялық-техникалық құрам мамандары, психологтар, әуе қорғанысы әскерлерінің мамандары, ракеталық-артиллериялық қару-жарақ мамандары, инженерлік қамтамасыз ету, қаржы, тыл (азық-түлік, жанар-жағар май, киім-кешекпен қамтамасыз ету бойынша) мамандарының ішінен іріктеліп алынады.

– Белгіленген әскери қызмет мерзімін өтеп болған соң офицерлер  Қарулы күштерінің қатарында қалып, әрі қарай қызметтерін жалғастыра ала ма?

– Екі жылдан соң әскери борышын атқарып біткесін запасқа шығарылып, үйлеріне қайтарылады. Ал ары қарай әскери қызмет атқаруға ниет білдірген азаматтар ҚР Қорғаныс министрлігімен бес, он немесе шектеулі зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін келісімшарт жасасып, әскери қызметін кәсіби тұрғыда атқара алады.

Өз басымды мысалға келтірсем, 1998-99 жылдары Аягөз гарнизонындағы әскери бөлімде пулеметші, қатардағы жауынгер болып мерзімді қызметімді өтедім. Содан кейін әскери бөлім басшылығының ұсынысымен келісімшартқа қол қойып, 1999-2002 жылға сержанттар лауазымында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет еттім. 2002 жылы офицерлік лауазымға тағайындалып, үш жылдан соң жылы «лейтенант» әскери атағын алдым.

Содан бері Аягөз, Семей, Алматы, Ақмола, Қызылорда гарнизондарында, Ақмола облысының Шортанды ауданы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ыстығы мен суығы қатар жүретін, қызығы да мол әскери қызметтің абыройлы міндетін атқарып келемін. Жолдасым да әскери қызметші, екі бала тәрбиелеп отырмыз. Сондықтан запастағы офицер жігіттерге мүмкіндіктеріңді жіберіп алмаңдар дегім келеді.

Әңгімелескен Әбубәкір СМАЙЫЛОВ

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button