Мәдениет

Отандасымыз ордабектің кеші

Бүгін «Астана Опера» театрында Америкада тұратын отандасымыз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дарынды скрипкашы Ордабек Дүйсеннің «Мәңгі өшпес музыка» атты кеші өтеді.

Бүгінге дейін белгілі өнерпаз Ордабек Дүйсен АҚШ-тағы «Даллас Опера» симфониялық оркестрінің концертмейстері, Мексика еліндегі Колима қаласындағы өнер университетінің әртісі және профессоры, Форт Уорт қаласындағы (АҚШ) симфониялық оркестрдің әртісі секілді бірқатар құрметті атақтарды иеленіп үлгерген.
Ол жастайынан классикалық музыкаға құштар болып өседі. Қазақ ұлттық өнер университетінде атақты профессорлар Раиса және Айман Мұсақожаевалардың сыныбында оқиды. Одан кейін мұхит асып, АҚШ-тың Техас штатындағы Даллас университетінің аспирантурасы мен магистратурасын тәмамдайды. Бұл күндері талантты азаматтың есімін Америка, Еуропа және Азия елдерінің жұртшылығы жақсы біледі.
Музыкалық кеште Ордабекпен бірге оның бауыры Ілияс Дүйсен де дирижер ретінде алғаш өнер көрсетпек. Екеуі де өнерлі әулеттің перзенті. Кеште көрермен назарына австриялық классиктер Й.Гайдн мен В.Моцарттың шығармалары ойналады.
Қысқасы, классикалық музыканың қайнарын қанып ішемін десеңіз, осы кештен қалып қоймаңыз.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button