Қоғам

Мұндай мүсіндердің қажеті қанша?

Біз, яғни зейнеткерлер, күн сайын өсіп, көркейіп келе жатқан Астананың сұлулығына тамсанып отырамыз. Сол сияқты көрікті қаланың көшелеріндегі жарнамаларға, суреттерге, ескерткіштер мен мүсіндерге де күнделікті көз тастап, ішіндегі жақсыларына тәнті болып жүреміз. Алайда толған жарнама мен мүсіндердің ішіндегі көзге оғаш көрінетіндеріне бейжай қарай алмаймыз. Тіпті, сол кейбір ортадан ойып тұрып орын алған мүсіндердің астаналықтар мен қала қонақтарына, жасөспірімдерге қаншалықты қажет екенін де түсіне алар емеспіз.

Мәселен, Республика даңғылы мен Кенесары көшесінің қиы­лысында «жарты адам» мүсінінің тұрғанына көп болды. «Жарты адам» деуіміздің себебі басында қалпағы бар, костюм-шалбар киіп, галстук таққан, бір қолымен сөмкесін сүйретіп, екінші қолымен киімін ұстап тұрған ер адамның бейнесі көрер көзге түрпідей тиеді. Неге десеңіз, оның бір аяғының тізе тұсынан, екінші аяғының санынан бастап жоғары қарай ортан беліне дейін балтамен шауып алып тастағандай үңірейіп тұр. Өзі соғысқа қатысқан адамға да ұқсамайды. Ескерткіштің авторлары мұнымен не көрсеткісі келді екен? Қандай мән-маңызы, мағынасы бар мұның? Біз бұл мүсіннің түпкі мәнісін мүлде түсінбедік. Бұған «қаражатты кім төледі екен?», «мемлекет қазынасынан ба, әлде жеке адамның қаржысына жасалды ма екен?» деген сауалдар туындайды көкейімізде.
Ғаламторды ақтарып көр­сек, бұл мүсіннің атауы «Жыр­тық саяхатшы» («Рванный путешественник») екен. Интер­неттегі ақпараттарға қарағанда «Жыртық саяхатшы» мүсіні Париж, Мәскеу сияқты Еуро­падағы бірқатар қалаларда да бар көрінеді.
Бұдан бөлек, оң жағалаудағы Кенесары хан ескерткішінің қасында мешіндердің мүсіні қойылыпты. Бұл да көзге оғаш көрінеді. Осы тектес басқа да ескерткіш-мүсіндер жетіп артылады екен. Мұның бәріне аз қаражаттың жұмсалмағаны көрініп-ақ тұр. Бірақ бұлардың қоғамға қандай қажеті бар? Қандай тәрбиелік, эстетикалық мәні бар?
Байқауымызша, Астанадағы суреттер мен мүсіндердің көбі еуропаша, батыс мәдениетіне тән болып келеді екен. Ал өз қазағымыздың бейнелері сирек кездеседі. Өкінішті. Бірақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елордада көпшілікке түсініксіз, түк мәні жоқ осындай мүсіндердің жасалуына тосқауыл қойылып, есесіне өзіміздің ұлы тұлға­лардың ескерткіштері мен ұлттық нышандағы мүсіндердің қатары көбейсе деген тілегіміз бар.

Социал ҚАМЕДЕНҰЛЫ,
Сержан ТАУЫШҰЛЫ,
Жұмагүл ШАЛМАНТЕГІ,
зейнеткерлер

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button