Руханият

Отансүйгіштікке тәрбиелейді

2001 жылдың мамыр айында өткен «Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер» атты халықаралық ғылыми конференциясы өткен еді. Бұл алқалы жиынның шешіміне орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратындағы атриумға Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі 2001 жылдың 18 мамырында әкелініп орнатылды. 2003 жылы 17 қазанда университеттің Күлтегін атриумында Жазу тарихы музейі ашылды. Бүгінгі күні көлемі шағын болғанымен айтары мол, мазмұны терең Жазу тарихы музейінің ашылғанына 20 жыл толып отыр.

Бұл музей көрнекті қоғам қайраткерлерінің, қазақ халқының ұлт тарихына жанашыр тұлғаларының ой-арманы мен тілегінен туындаған еді.

Музей көрнекті қоғам қайраткері, белгілі түркітанушы ғалым, филология ғылымының докторы Мырзатай Жолдасбековтің қажыр­лы қызметінің нәтижесінде дүниеге келді. Белгілі ғалымдар А.Сейдімбек, Қ.Салғара, Т.Жұртбай, Қ.Сартқожа және басқа да көптеген тарихшы ғалымдар музейді дамытуға қомақты үлес қосты.

Мырзатай Жолдасбеков түркі тарихына қатысты ескерткіштер туралы «Тек түркі халықтары мәдениетінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл дүние жүзі мәдениетінің тарихында елеулі орын алатын осындай ескерткіштердің мәні зор. Сондай құнды рухани мұралардың қазақ жерінде де көптеп болғандығы – біздің халқымыз үшін үлкен мақтаныш» деген болатын.

Ғалым-қайраткерлердің ұйытқы болуымен Моңғолия жерінен тарихымызға қатысты аса құнды дүниелер әкелініп, музейіміздің маңызын арттыра түсті. Бұл музейде ежелгі түркі, финикия, арамей, брахми, соғды, ұйғыр, манихей, қидан, қытай, сириялық, армян, моңғол, тод, араб, латын және кирилл әліпбилерінің үлгілері бар.

Тарихымыздың куәсі болатын Тоқтамыс хан жарлығы, Уәли сұлтан, Абылай ханның мөрлері, Кенесары Қасымұлы хатының көшірмелері, Несториан құлпытасы, Талас көне түркі І жазба ескерткіші, қыштағы араб графикалық жазу, Елтеріс Құтлұғ қағанның бас мүсіні, Күлтегін кешенінің кірпіші, қыш кірпіштегі жазу, В.Томсеннің ескерткіш бюсті музей мазмұнын байытып тұр. Еуразиялық кеңістіктегі түркі халықтары қолданған жазу үлгілері – әлемдік мәдениеттің аса құнды мұралары. Мұражай ЕҰУ оқытушылары мен студенттеріне осындағы жәдігерлерді оқу-әдістемелік ісінде пайдалануға жәрдемдеседі.

Университетімізге ресми сапармен келген қонақтар ресми делегациялар, меймандар музейге арнайы кіріп, көп мағлұмат алды. «Тәуелсіздіктің жемісі» конференцияға, Қазақстан тарихшыларының конгресіне Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, университеттегі алқалы жиын мен отырыстарға қатысушылар, құнды кітаптар таныстырылымына келген меймандар, Үндістан делегациясы, экология саласы жөнінен шет ел қонақтары музейімізді тамашалады. Университетте Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай салтантты шараға келген делегация,  Италия, Иран, Қытай, Америка елдерінен келген меймандар болды.

Мектеп программасында Күлтегін тарауын өткізуге байланысты Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің, №22, 64, 38, 54, 50, 56, 62, 35, 22 мектеп-лицейлерінің оқушылары Күлтегін тасы және жазу тарихы музейімен толық түрде танысты. Мектеп оқушыларының музейден алған әсерлері өте жақсы екенін жеткізіп, ықыластарын білдірді. Келешекте осы оқу орнына түсетін ойлары бар екендіктерін де айтып жатты. Сонымен қатар олар да сыныптан тыс музей туралы, тарихи мұралар туралы курс жұмыстарын жазады.

Мектептерде практикадан өтіп жүрген студенттер өз сыныптарымен келіп, сабағын өткізуге мүмкіндік жасалған. Түркология мамандығы бойынша оқып жатқан студенттерге музейде дәріс өткізетін аудитория ашылды. Университетімізде өткен «Ашық есік» күні де музейге экскурсия ұйымдастырылды. Жалпы Астанаға келген жекелеген қонақтар, кафедраларға келген ресми меймандар да музейге жиі келіп тұрады.

Қала мектептерімен байланыс орнатылып, «Музейде бір сағат» жобасы аясында «Жазу тарихы» музейінің жұмысымен таныстырылады. «Түркі жазуының даму жолы», «Көне түркі жазба мәдениеті бойынша білімдерін жетілдіру жолдары» тақырыптары жөнінде ақпарат беріледі. Оқушылар  ескерткіштің тарихы мен маңызына ерекше назар аударды. Олар халқымыздың өткені мен бүгіні туралы мол мағлұмат алып, елге, жерге деген сүйіспеншіліктері арта түседі.

Күлтегін тасындағы жазбалар батырлық пен қайсарлыққа, елге деген құрмет пен мақтанышқа баулиды. Күлтегін ескерткіші кез келген жастың бойында ұлт­жандылықты, елін сүюге деген патриоттық сезімді оятары анық. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Тарихи жәдігерлерімізді жиып-теріп, алтыннан да қымбат асыл сөздерін зерттеп, мән-мағынасын аша білсек, еліміздің тәуелсіздігінің тарихына, мәдениетіне қосып отырған үлесіміз мол болмақ. Сол сияқты Жазу тарихы мұражайының ерекшелігі өте зор. Музейді көрген әр азаматтың жүрегіне күш-қуат, рух еліміздің тәуелсіздігінің берік болатынына үлкен сенім тудырады.

Бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің көркейіп, беделінің биіктей беруіне тілектеспіз және мақтан етеміз.

Тамара ҚОЖАМҚҰЛ,

Жазу тарихы мұражайы  меңгерушісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button