Сұхбат

«ПАРЫЗ» – ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН



Парыз 2014

Елордалық кәсіпкерлерден бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Осы тұрғыда Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ольга Демушканнан биылғы байқау ережелеріндегі өзгерістер туралы сұрап білген едік.

– Жыл сайын дәстүрлі өткізіліп келе жатқан «Парыз» конкурсы туралы айтып берсеңіз?

– Бұл байқау алдымен бизнестің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік мәселелерді шешуіне назар аудару, осы саладағы оң тәжірибені көрсету және кеңінен тарату – байқаудың басты мақсаты болып табылады. «Парыз» байқауы 2008 жылдан бері аймақтық және республикалық деңгейлерде жыл сайын өткізіліп келеді.

-Биылғы байқау ережелерінде қандай өзгерістер бар?

-Байқауға қатысуға өтінімдерді қабылдау 1 тамызға дейін ғана жалғасады. Осыған дейін желтоқсанға дейін қабылданып келген болатын. Содан кейін келіп түскен мәліметтердің шынайылығы тексеріліп, үміткерлерді сараптау кезеңі басталады. Ал желтоқсанда байқау қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.

-Байқауға кімдер қатысып, жеңімпаздар қалай анықталады?

-Екі санат бойынша – шағын және орта кәсіпкерлік, сондай-ақ ірі кәсіпкерлік субьектілері байқауға қатыса алады. Ал, үздіктер төрт аталым бойынша анықталады. Яғни, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» және «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» марапатталады.

– Үміткерлерге қандай талап қойылады?

– Ең басты талап: жеке кәсіпкерлік субъектісінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар түріндегі өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігінің ең үздік үлгілерін жария ету керек. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында қайырымдылық және әлеуметтік қызметпен айналысуы шарт. Ұйымның жұмыскерлері алдында ешқандай қарызы болмауы тиіс және бұрын-соңды ұжымдық еңбек даулары тіркелмеуі қажет.

Конкурс жөнінде толық ақпаратты 21-29-88 (Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы), 55-54-80 (Астана қаласының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы) және 22-65-95 (Астана қаласының Экология департаменті) телефондары арқылы алуға болады.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button