Басты ақпаратҚұқық

Қайда асығасың?

Темір тұлпар тізгіндегендердің көбі, әсіресе, жастар жағы үнемі бір жаққа асығады да жүреді. Соның салдарынан өткен аптада Астана қаласы бойынша 42 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 18 адам зардап шеккен, 2 адам көз жұмған. Ең бір аяныштысы, зардап шеккендер мен жараланғандардың ішінде үш жас пен алты жас аралығындағы төрт бала болды.

Қала көшесі жарыс алаңы емес…

Жол полициясында он бес жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан Ербол Саматовтың айтуынша, жол-көлік оқиғасының кем дегенде 70-80 пайызы жылдамдықты арттырудан болатын көрінеді.
– Менің өмірлік тәжірибемде байқағаным, балаға 25 жасқа толмай машина сатып алып беру көпе-көрнеу қауіпке бас тіккенмен бірдей, – дейді ол.
Расында да, жиырманың айналасындағы жас жігіт су жаңа ылпып тұрған темір тұлпардың тізгініне отырғанда оның бойында бірден желік пайда болары сөзсіз. Жақында басты көшелердің бірінде жылдамдықты 85-90 шақырымға дейін көтерген жүргізушіні тоқтатып, айыппұл хаттамасын толтырғанымда, ол «инспектор мырза, сіз мені қалада рұқсат етілген максималды жылдамдық сағатына 60 километр деп жазалап жатырсыз. Бірақ ешкім бұл қалада сағатына 60 шақырым жылдамдықпен жүрмейді ғой» дегені. Міне, бұл – он сегіз жасында емін-еркін «Toyota Camry-70» маркалы соңғы үлгідегі автокөлік тақымдап жүрген жап-жас жігіттің ой-түсінігі.
Ал шындығында осындайлардың салғырттығынан көбіне бейкүнә жандардың өмірі үзіліп кетіп жатады.
Статистика мәліметіне сүйенсек, жол апаты, негізінен, жүргізушінің ішімдік ішуінен және жылдамдықты шамадан тыс арттыруынан болатындығы дә­лелденген. Сонымен қатар, мамандар сағатына 60 километр жылдамдықпен келіп тоқтаған көліктің тежегіш жолы 3-4 метр болса, сол жылдамдықты 5 километрге арттырса, тежегіш жолы 8-10 метрге ұзарып кететіндігін айтады. Бұл – сағатына 80 километр жылдамдықпен келе жатқан автокөлік тежегішті басқанымен, 15-20 метрге дейін тоқтай алмайды деген сөз. Сондықтан кейінгі кезде Орал, Атырау, Ақтау қалаларында рұқсат етілген ең жоғары жылдамдық сағатына 40-50 шақырым болып белгіленген. Нәтиже күткендегідей, жол-көлік оқиғасындағы адам шығыны 30 пайызға дейін азайған көрінеді.
Бұрын жылдамдықты сағатына 10-нан 20 километрге дейін көтергендерге – 10, 20-дан 40-қа де­йін асырғандарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын. Жүргізу­шілерден «айыппұл көлемі шамадан тыс жоғары» деген бірқатар арыз-шағымдар түскеннен кейін осы жылдың қаңтар айынан бастап жоғарыда айтылған айыппұл тиісінше 5 және 10 айлық есептік көрсеткішке дейін азайтылды. Бірақ одан жүргізушілердің тәртібі түзеліп кете қойған жоқ.
Тіпті кейбір бай-бағландардың ерке-тотай балалары «кімнің машинасы жүйрік?» деген сыңайда қаланың шеткері көшелерінде автожарысқа шығатын көрінеді.
Қазір кейбір мамандар Астана қаласының өзінде көшедегі рұқсат етілген ең жоғары жылдамдықты сағатына 60 километрден 50-ге түсіруді ұсынады. Сонда олар жол-көлік оқиғасының кем дегенде 30 пайызға азаятындығын айтады. Бұл да көп болып ойланатын мәселе.

Қауіпсіздік белдігінің септігі мол

Көп жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытып кетіп жатады. Ал шындығында, тіпті көшенің келесі бұрылысына дейін баратын болсаңыз да, қауіпсіздік белдігін тақпай, көлігіңізді орнынан қозғауға тыйым салынады. Өйткені көп жағдайларда жол-көлік оқиғасы кезінде адам жанын сақтап қалатын осы қауіпсіздік белдігі екендігін мамандар дәлелдеп отыр.
Сарапшы-мамандар қауіпсіздік белдігінсіз көлік орындығына отырғызылған он манекеннің барлығы да апатты жағдай кезінде шашылып кеткенін айтады. Ал қауіпсіздік белдігін тағып, жасаған тәжірибе кезінде машина бірнеше рет төңкерілгенімен, манекендер сол күйі орнында қалғандығы анықталды.
Бұдан кейін зерттеуші-мамандар «алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам өлімін – 50 пайызға, ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу 75 пайызға дейін азайтады» деген тұжырым жасаған.
Қалай дегенде де, қауіпсіздік белдігінің көлік ішіндегі адамның қатты жарақаттанбасы үшін септігі мол екендігі көрінеді.
Мұны жол полициясы инспекторлары да растайды.
«Өткен жылы автокөліктерге балалар орындығынсыз жолау­шылар тасымалдауға тыйым салынатын «жүргізушіге балаларға арналған ұстап тұру құрыл­ғылары немесе балаларды қауіп­сіздік белбеуін тағуға мүмкіндік беретін құрылғылары болмаған жағдайда 12 жасқа дейінгі балаларды тасымалдауға рұқсат етілмейді» деген арнайы қаулы шыққанда, қоғамда біраз дүрбелең туып, артынан адамдар сабасына түскен еді. Қазір кез келген жүргізуші мұның сәбилердің қауіпсіздігі үшін істелген игі шара екендігін түсініп отыр» деп еске алады олар. Ал негізі, қауіпсіздік белдігін тағуды міндеттеп, кө­лікте балаларды орындыққа бекітудің себептері мынада екен. Мәселен, автокөлік сағатына 60 км жылдамдықпен жүріп келе жатып кілт тоқтауға мәжбүр болды делік. Осы кезде машина салонында отырған адамның салмағы 30 есе өсіп кетеді екен. Орта есеппен алдыңғы орындық­та отырған адамның салмағы 70 келі болса, ол 200-250 келі салмақ­пен алға жылжитын көрінеді. Сонда белдікті тақпаса, алдыңғы терезеден ытқып шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан көлікке отырғанда қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуыңыз керек.

Рульде ұялы телефон ұстамаңыз

Автокөлік жүргізіп келе жатып қалта телефонымен біреулермен қызыл кеңірдек болып мәселе талқылайтын жүргізушілерді талай байқаған шығарсыз. Түптеп келгенде, бұлар жай жол ережесін бұзушылар ғана емес, өзгенің, нақтырақ айтсақ, сіз бен біздің өмірімізге қауіп төндіруші болып саналады.
Статистика мәліметтері Алматы қаласында тек бір аптада жүргізілген рейд кезінде 180 адамның, Астана қаласында 120 адамның рульде келе жатып ұялы телефонмен сөйлескенін тіркеген. Ал тіркелмегендері қаншама?! Өйткені ұялы телефонмен сөйлескен сәтті арнайы қондыр­ғымен суретке түсіріп алмаса, жол полицияларына олардың машина жүргізіп келе жатып сөйлескенін дәлелдеу қиынға соғатын көрінеді.
Жол жүру ережесінің 591-бабына сәйкес, көлік жүргізу­шісіне ұялы телефонды қолдануға қатаң тыйым салынған. Бұл талап орындалмаған жағдайда, 10605 теңге көлемінде айыппұл салынады. Тағы бір ескеретін жай – көлік жүргізушісіне шылым шегуге де тыйым салынады. Себебі шылым шегу кезінде де жүргізушінің ойы бөлінеді. Әрі темекі түтіні көзге кері әсер етіп, көру қабілетін 70 пайызға дейін төмендетеді екен.
Әр жүргізушінің жол ережесін білуі ғана шарт емес, бұлжытпай орындауы да міндет. Оны көпе-көрнеу бұзу тек өзіңе ғана емес, айналадағы басқа адамдардың өміріне де қауіп төндіру екенін түсінген жөн.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button