Руханият

Астана туралы алғашқы ән

Астана Алатаудан Арқаға ауысар шақта елордасы болатын шаһар жайлы үздік әнге байқау жарияланды. Бұл өнер жарысында ақын Амангелді Жұмабек сөзін жазған Ескермес Иманбайдың «Ақмола – бас қалам» әні озып шықты. Әнді осыдан 20 жыл бұрын Астананың халықаралық тұсаукесерінде белгілі әнші, актер Нұрай Танабаев жалпақ жұртқа таныстырды.

 

«Ескермес екеуміз бұдан бұрын да бірнеше ән жаздық. Осындай байқау жарияланған соң ол маған қолқа салды. Байқауға түскен шығармаларды марқұм Нұрғожа Ораз бастаған қазылар алқасы қарады. Қорытынды отырыс 1997 жылдың сәуірінде М. Горький атындағы орыс драма театрында өтті. Сонда бас бәйге бізге берілді» дейді А. Жұмабек.


Ақмола облыстық филармониясының ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Нұрлан Хамзин) тыңдармандарға жол тартқан ән ұзақ уақыт орындалмай кетті. Астана мен Польшаның Гданьск қаласы бауырласқаннан кейін бұл туынды сол елде шырқалды.
«Бұдан соң әніміз жоғалуға айналды. Астана туралы басқа әндер шығып жатты. Соның ішінде Ербол Шәймерденұлы мен Марат Омаровтың «Арман қала – Астана» атты жақсы әні туды. Бірақ өзім әніміздің бейне немесе аудионұсқаларын іздеуге кірістім. Ұзақ уақыт табылмады. Телевизия ардагері Рафаэль Жұмабаев қайтыс боларынан 3-4 жыл бұрын болуы керек, бұл әнді тауып берді. Маған сүйінші сұрап хабарласты. Кейіннен магнитофон кассетасына жазып, әкеліп берді. Әннің тарихы осындай» дейді ақын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button