Қалалық жас инспекторлар слеті
Елордалық Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Астана қаласының Білім басқармасымен бірігіп жол қозғалысының қалалық жас инспекторлар слетін өткізді. Шараны өткізу, негізінен, балалар жол-көлік жарақатының алдын алуды, жол қозғалысының жас инспекторларын тәрбилеу мақсатын көздейді.
Іс-шараны ашқан Астана қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары,
полиция полковнигі Сабыр Жүсіпбеков М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында жыл сайын ұйымдастырылатын слетте биыл алты мектептің ең мықты отряды бақ сынасатынын және қазылар алқасына жол-патрульдік полициясының ең мықты жас көмекшілерін анықтау талабы қойылғанын атап өтті.
Қалалық слет бағдарламасына: «Жол жүру ережелерінің білгірлері», «Саппен жүру және ән айту», «Велосипедпен мәнерлеп жүру», «Жас санитар», «Білімпаз байқауы», «Жас реттеуші», «Үгіт бригадасы байқауы» және «Жас инспектор туралы ең мықты өлең» сияқты сегіз байқау енгізілді.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды ең көп балл жинаған №70 мектептің жас инспекторлар командасы иеленсе, екінші орын – № 64 мектеп-лицейіне, үшінші орын №38 мектеп оқушыларына бұйырды. Барлық командалар бағалы сыйлықтармен және жүлделермен марапатталды.
Жеңімпаз команда ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында Қостанай қаласында Қазақстанның өңірлік жарыстары жеңімпаздарының қатысуымен өтетін Ғазиз Байтасов атындағы жас инспекторлардың республикалық слетінде Астананың намысын қорғалмақшы.