Мәдениет

Құндылығы басым «Құнанбай»

11216260_997169743672520_960603253_n

Қазір интернеттің заманы, рахат. Әлемге аты шыққан қандай киноны көргің келсе, соны күнделікті телміріп отырған «терезеңе» жүктеп аласың да, көре бересің. Көрген дүниең таңдантып, таңдай қақтырар. Бірақ сенің құпия кодыңды дәп басып, Құранда айтылғандай, «бір-бірімізді тану үшін ұлт пен ұлысқа бөліп жаратқан» Құдірет күшін сол кинолар қазаққа көрсете алады деп айта алмас едік (өзгелер өз киносынан өзін көре алатын шығар, онымен бәсіміз жоқ). Басқа жұрттың қалай екенін қайдам, өзіміздің өзіміз жайлы түсірген көп дүниелеріміз сипаланған соқыр секілді, көбінде мүлт кетіп жатады. Өткен сенбіде Алты Алашқа сауын айтып, Қазмедиа орталығында тұсауы кесілген «Құнанбай» көркем фильмі  қышыған жеріңе дөп тиетін, шын мәніндегі ұлттық деген статусқа ие жақсы дүние болыпты. Оны өзіміздің түйсігіміз түйді, маңайымыздағы көрерменнің де көзінен мөлдіреп үзілген тамшы жастан байқадық. 

Аталмыш киноның режиссері – Досхан Жолжақсынов, сценарийін жазғандар: жазушы, мәдениеттанушы, қазақ руханиятының таңғажайып құбылысы марқұм Таласбек Әсемқұлов пен осы киноны қоюшы-режиссер. Композиторы – Төлеген Мұхамеджанов. Басты рөлдерде Досхан Жолжақсынов (Құнанбай), Нұрсифат Салықова (Зере), Әліби Сырайлы (Абай), Айдос Бектеміров (Барақ), Майра Омар (Күңке), Қарагөз Сүлейменова (Ұлжан) ойнаған. Киноның жұрт көңілінен шығып, қызу талқыға түсіп жатқаны да осы әртістердің тікелей еңбегі екені айтпаса да түсінікті жәйт. Абай Әбдірахман өлгенде жазған өлеңінде:
«Арғы атасы қажы еді,
Бейіштен тартқан шәрбатты.
Жарықтықтың өнері,
Айтуға тілді тербетті,
Адалдық, ақыл жасынан,
Қозғапты, тыныштық бермепті.
Мал түгіл, жанға мырза еді,
Әр қиынға сермепті.
Мұңлы, шерлі, жоқ-жітік,
Аңсап алдын кернепті.
Бәрінің көңілін тындырып,
Біреуін ала көрмепті.
Әділ, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнекті.
Тәубесін еске түсіріп,
Тентекті жиып жерлепті» деп әкесі Құнанбайдың болмыс-бітімін ашады. Әрине, Құнанбайды Абайдай білетін ешкім болмас, ешкім де Құнанбайдың бағасын хәкімдей білмес. Абай мәлім еткендей, сол әділ де тура, күрделі де қайшылықты тұлғаны кәнігі, кәсіби актер Досхан Жолжақсынов сәтті сомдап шыққан. Бұл киноның тағы бір жаңалығы – бұрын ешбір киноға түсіп, рөлдер сомдамаған, Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы Нұрсифат Салықованың Зере образын соншалықты шынайы сомдап, бүкіл қазақ кейуаналарына тән қасиетті саф күйінде жұртпен қайта қауыштырғаны болды. Ел басқармақ тұлғаның қалай болмағы кесек-кесек диалогтармен Зере рөліндегі Нұрсифат апамыздың аузымен айтылғанда, расында Алашқа аты мәшһүр ананы тірі көргендей күй кештік. Тіпті, «Құнекеңді айдап бара жатыр» деген хабар жеткенде ойбайлап жылаған қатын-қалашты бір зекіп тиып, үй маңындағы өрелеулі атқа міне сап, басына қара бұлт айналған аға сұлтанның соңынан шауып жететін жерінде біз пақыр да елмен бірге көзімізді бір сығып алдық. Құнанбайдың Құдайдың алдында нақақтығына көз жеткізіп, әжімді жүзін мұң бүркеп, баласының соңынан қарап тұратын ана бейнесінің жабылған түйсіктер мен үзілген тамырларды дір еткізбеуі мүмкін емес еді. Өзге де актерлар мен актрисалар туралы жеке-жеке жазуды мақаланың көлемі көтермейтіндіктен, осы жерден тоқтаймыз. Ал айтпауға болмайтын тағы бір дүниелер – ұлттық тұспалдар. Кинодағы жер дауы, жесір дауы, кісі құнына байланысты билер сотындағы амал-қарекеттер өткенмен бір қауыштырып, өшкенді жандырған. Сөз алса қамшы ұстап, келіссе қамшысын жерге тастайтын қазақ, ымыраға келсе насыбай атып, «дәм» айқастыратыны кеше болған, бүгін жоқ, ұмытылған салт-тұғын. Сол жоғалған жосын жотасын көрсетті. Абақтыда отырған Құнанбай орыс тергеушісінің Кенесары хан туралы тергеуіне берген жауаптары, аз диалогпен Кенесары ханның шапқыншылыққа қарсы күресінің түп мәнін айпарадай ашқаны сценаристің шығармашылық қуатын тағы бір әйгіледі. Құнанбай қолына түскен кісен-шынжыр сақалын сылауға мүмкіндік бермейтіні отаршылдық қамытын милықтата киген қазақ тағдырын тұспалдаса, итжеккенге айдалып бара жатқанда аға сұлтанды алып қалатын Барақ пен Құнанбайдың төс қағыстыратыны – сүйекке сіңген қазақы қағиданы, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақ жаратылысын тілсіз түсіндірді. Кино соңында Құнанбай қажы баласы Абайды азан әуелеген мешіт мұнарасына бағыттап, жол сілтейтін тұстарының бәрі көрермен өзі шешімін табатын жұмбақтар, режиссерлік шешімдер…
Көтергені тоқсан тоғыз нарға жүк 95 минуттық тарихи драманы көріп, әсерінен айыға алмай ойланып келе жатып, қазақтың көзі тірі классигі, асқар таудай алып Әбіш Кекілбайұлымен жолым түйісті. Көктен тілегенім жерден табылып, осы кино туралы бір-екі ауыз пікір алуға орай туды. «Бұл өзі күрделі тақырып. Шынын айтқанда, Мұхтар Әуезовтің өзі қинала-қинала барып, беріден қайтқан тақырып. Беріден қайтса да оның көкейінің арғы жағында не жатқаны көрініп тұратын. Сол үлкен тақырыпты, үлкен желіні індетіп қаза білгені, жеріне жеткізе толғана білгені, тебірене білгені – бұл фильмнің негізгі табысы болып есептеледі. Кино көңілімнен шықты» деді абыз ақсақал. Өзіміздің әсеріміз адыра қап, киноның үлкен суреткердің көңілінен шыққанына қуандық, қазақ үшін қуандық.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button