Жаңалықтар

Сот жүйесіне де талап жоғары

Президенттің бес институционалды реформасының бірінде еліміздің сот жүйесіне де айрықша міндеттер жүктеп, судьяларды іріктеуде барынша ашықтықты қамтамасыз ету мәселесін қойған еді.

Сот жүйесінің мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі, елдегі әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудегі, шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқын қорғаудағы рөлі үлкен. Осыған орай Астана қалалық соты қазіргі жаһандық қатерлерді қаперге алған экономикалық саясаттағы ерекшеліктерді ескере отырып, кәсіпкерлік пен инвестицияны соттық-құқықтық қорғау, отандық және шетелдік инвесторлардың құқыларын қорғаудың маңызын арттыру бағытында ауқымды шаралар атқаруда.
Атап айтар болсақ, инвестициялық дауларды шешу бойынша сот ісін жүргізудің жаңа моделін құру мәселелері пысықталуда. Мәселен, Парламент Мәжілісінің екінші оқылымында мақұлданған жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекс жобасында Жоғарғы сотта инвестициялық дауларды қарайтын алқа және Астана қаласының сотында мамандандырылған судьялар құрамын жасақтау қарастырылған. Жоғарғы сотта құрылатын алқа ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды, ал Астана қаласы сотының мамандандырылған судьялар құрамы инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарайды деп жоспарлануда. Бұл модель шетелдік сарапшылардың ғылыми-консультативтік кеңес жұмысына қатыстырып, инвестициялық дау-дамайды бірлесе қарауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, сот төрелігін одан әрі мамандандыру мақсатында дауларды инвесторлардың және Астана өңірлік қаржы орталығы мүшелерінің қатысуымен қарай алатын мәртебесі облыстық сотқа теңестірілген.
Соттар қызметінің ең басты міндеті – сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру, Елбасы атап өткеніндей, мейлінше ашық болуды қамтамасыз ету. Осыған байланысты электронды сот жүйесін тереңірек енгізіп, халықтың әділсотқа деген сенімін арттыру мақсатында да айтарлықтай жұмыстар қолға алынған. Қазіргі кезде «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде барлық сот органдарының қызметі кезең-кезеңімен электронды технологияға көшіріліп келеді. Заманауи озық әдістердің қолданылуы судьялар мен сот мәжілісі хатшыларының жұмысын жеңілдетіп, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, іс жүргізу ресімін жеңілдетуге ықпалын тигізіп, халықтың сот төрелігіне жүгіну үдерісін оңайлата түсуде. Сандық электронды қолтаңбасы бар ел азаматтары талап арыздарын, электронды құжат түріндегі сот хаттамаларын «электронды үкімет» (www.egov.kz) порталы арқылы жіберу мүмкіндігіне ие. Сот өндірісіне қабылданған арыздың қандай көлемде, қай дәрежеде қаралып жатқандығы туралы мәліметті елорда тұрғындары қалалық соттың ресми сайтынан біле алады. Сол сияқты сот өндірісіне қатысушылар істің жүру барысы туралы ақпарат алып, сот актілері жайында керекті мағлұматтармен таныса алады. Барлық жергілікті соттар «Е-суд» «электрондық үкімет» порталын құрып, азаматтардың электрондық талап-шағым беруіне, электрондық сот хаттамасын алуына мүмкіндік жасап келеді. Енді, міне, «Сот кабинеті» сервисі іске қосылып, халық игілігіне жол тартты.
Сот жүйесінің конституциялық дербестігі мен тәуелсіздігін нығайтуда, әділсот беделін арттырудағы басты мәселе – материалдық-техникалық және заманауи ақпараттық технологияны кеңірек енгізу. Бұл ретте сот процедураларының ашықтығы мен айқындығы, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігі, бұқара халықтың сотқа қолжетімділігі электронды инновациялық жүйені енгізу арқылы арта түспек. Қазіргі «Сот кабинеті» мен «Сот құжаттарымен танысу» қызметтері азаматтардың өз құқыларын кеңінен пайдалануларына септігін тигізеді. Бұған қоса, «Сот кабинеті» онлайн қызметі соттардың қызметін де жеңілдете түспек.
Мемлекет басшысы сот қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптарын қатайту қажеттігін, судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы керектігін атап айтты. «Қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, оны табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайлануы қажет. Кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керек» деді.
Астана қаласының аудандық соттарына тағайындалған судьялардың орташа жасы 30-35 жасты құрайды. Сондай-ақ, жаңадан тағайындалған судьялардың барлығы дерлік аудандық және соған теңестірілген соттарға бөлінді. Бұл жас маманның теориямен практиканы қатар ұштастырып, біліктілік деңгейін көтеруге, білімін іс жүзінде еркін шыңдауына жағдай жасайтыны сөзсіз.

Ренат ТАУЫМБЕКОВ,
Астана қалалық сотының кеңсе басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button