Жаңалықтар

«Қалғымайтын» банкомат қайда бар?



Редакцияға Нұржан Дауылбаев есімді жігіт хабарласты. Астанаға қонаққа келген ол көшедегі жұмыс істемейтін банкоматтардың санын тізіп берді.

«Түн жарымда ақша қажет болып қаланың біраз банкоматтарын шарладым. Сол күні Жеңіс даңғылы-47, Абай көшесі-24, Мирзоян көшесінде орналасқан   «Казкомның» банкоматтары жұмыс істемей тұрды. Республика даңғы­лындағы «Темірбанк» банкоматы да қызмет көрсетпеді. Осы даңғылдың бойындағы «Альянсбанктің» екі банкоматынан да ақша алу мүмкін болмады. Соңында «БТА» банктің  банкоматын жай байқай салайын десем, ол да алдыңғылардың кебін киіп тұр. Тәулік бойы қызмет көрсетеді деген банкоматтар осылайша Астанада «қалғып» тұр» дейді ол.

Аталған мәселе бойынша екінші деңгейлі банктерге хабарласып, төмендегідей түрлі жауап алдық.

Алексей ОКИТА,«Темірбанк» АҚ ақпараттық технология бөлімінің бастығы:
– Кейде техникалық себептерге байланысты қызмет көрсетпейтіні – заңдылық. Жарық сөніп қалғанда немесе басқа да кешірімді себептер туындауы мүмкін. Бірақ, Республика даңғылында орналасқан банкомат дәл қазір жұмыс істеп тұр.

Сая ТҮСІПБЕКОВА,«БТА Банкі» АҚ жалақы жобаларын тарту жөніндегі маман:
– Ол банкомат тәулік бойы істейді. Мүмкін сол сәтте ақша таусылып қалған шығар. Әйтпесе, күні-түні қызмет көрсететінін халықтың бәрі біледі.

Гүлден ҚУАНЫШҚЫЗЫ,«Казкоммерцбанк» АҚ банкомат бойынша қызмет көрсету секторының қызметкері:
– Біздің банкоматтардың көбі тәулік бойы жұмыс істейді. Кейде техникалық себептерге байланысты 5-10 минутқа байланыс болмай қалуы мүмкін. Ондай жағдай ұялы байланыс телефондарында да болады ғой. Сондықтан, Абай даңғылында бір банкомат істемей қалса, қалған төрт банкоматтың қызметіне жүгінсін. Егер дәл сол уақытта бәрі бірдей қызмет көрсетпей тұрса, бұл туралы банк бөлімшесіне хабарлассын.

 

P.S «Альянс Банк» қызметкері Азамат есімді жігіт, бұл мәселе бойынша телефон арқылы (телефоны 580-191, ішкі 23074) жауап бере алмайтынын жеткізді. «Мен сізді танымаймын, ол жігітті де біл­мей­мін. Сондықтан мазалаған сауал туындаса, ресми түрде бастығымның атына хат жазып, алып келіңіз» деді. Бірақ суыртпақтап тұрып, бан­ко­мат­тың «қалғып» тұруы жылына бір рет болатын про­фи­лак­тикалық шараға сәйкес келіп қалуы мүмкін екен­дігін білдік.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button