Қала тіршілігі

Қара суға батпаймын демеңіз…



Апта басында Төтенше жағдайлар комитеті 7-8 шілде күндері елімізде 20 адамның ажалы судан келгенін хабарлады. Жан түршіктірерлік-ақ дерек!

Сәл кейінірек баспасөз мәслихатын өткізген ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Бэккер 9 шілдеге дейінгі жағдай бойынша еліміздегі су алаптарында 137 адам қайтыс болғанын, соның ішінде 53-і балалар екенін мәлім етті.
Астанадағы төрт бірдей баланың суға батқаны туралы ақпаратты жаны күйзелмей оқымаған адам жоқ шығар. Күннің ыстығына шыдай алмаған балалар қалаға жақын су қоймасына барып, рұқсат етілмеген жерден суға секірген. «Біз халыққа осындай қайғылы жағдайларды ашық айтамыз, апаттан сақтандыратын ақпарат таратамыз. Бірақ ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Шілде айында ауа температурасы 30 градустан асып, күн қатты ыситынын болжауда. Демек, шіліңгір шілденің аптабында суға шомылатындардың саны артады. Біздің болжауымызша, суға батқан адамдардың саны да өседі» деді Владимир Бэккер.
Сонда дейміз-ау, «суға бататындардың саны өседі» деп сұрықсыз статис­тиканы жариялап, жантайып жата береміз бе? Қыршынынан қиылған балалардың обалы кімге? Әрине, қараусыз қалған баланың әке-шешесі кінәлі екені даусыз. Жаз келсе, баланың аяғын тұсап отыра алмайсың. Судағы апаттардың алдын алу үшін жүргізілген шараларға қарамастан, қара су «жұтқан» жандардың ажалына немқұрайлылық, бейқамдық, ащы суды сіміріп алып, суға түсу себеп болуда. Қауіпсіздік ережелері болғанына қарамастан, адамдар рұқсат етілмеген, өміріне қауіпті жерлерде суға шомылуда. Не істеу керек? Меніңше, жаз айлары басталмай тұрып үш министрлік: Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері халыққа жаппай суға шомылуға қатысты сақтандыру дәрістерін жүргізуі керек. Қажет болса, сақтық ережелері, тыйым салынған нәрселер жазылған жадынамаларды әр мектепке, әр сыныпқа, әр үйге таратқан дұрыс. Бұл жұмысқа БАҚ-тардан гөрі, балалардың өздері жиі «отыратын» әлеуметтік желілердің көмегін пайдалануға болады. Мысалы, бір ғана «Instagram.com» желісінде 3,5 млн бозбала мен бойжеткен тіркеліпті. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысымен неше түрлі бейнероликтер, насихаттық парақшалар шығару керек. Бір қынжылтатыны, біз алапат өрт шықса немесе көп адам суға батса, артынан санымызды соғып, өкініп отырамыз. Айтып келмейтін апаттың алдын алуға, одан жұртты сақтандыруға шарасыздық танытамыз…




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button