Саясат

Елді елең еткізген

Трамптың қарқыны қатты

Брюссельде бейсенбі күні өткен НАТО саммитінде Дональд Трамп аталған ұйымнан шығып кететінін айтып, одақтастарын қорқытты.

АҚШ президенті мүше елдер Солтүстік альянс­қа беретін қаржыларын көбейтпесе, тап осылай жасайтынын мәлімдеді. «Егер әріптестерім тез арада өздерінің жалпы ішкі өнімдерінің 2 пайызын қорғаныс саласына бөлмейтін болса, америкалықтар өздерінің мүдделеріне сәйкес келетін істерді жүргізетін болады» деді Трамп саммитте сөйлеген сөзінде.
Саммиттің екінші күнінде, бағдарламаға сай, әңгіме Украинамен және Грузиямен келіссөздер жүргізу, Ауғанстандағы ахуалды талқылауға бағытталуы тиіс еді. Бірақ Дональд Трамп алғашқы күнгідей тағы да сөзді бірден бұзып тастап, өзінің бұған дейін айтып келе жатқан мәселесін қыс­тырып жіберді.
Бұдан алдын Германия тарапы саммитте қорғанысқа жұмсалатын шығынды Вашингтон талап еткен деңгейге жеткізетінін мәлімдеген еді. Енді ГФР үкіметі 2024 жылға дейін жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызын осы мақсатқа жұмсайтын болды.

Тәліптер төбеден төніп тұр

Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысының содыр­лары Тәжікстанмен арадағы шекара бойларын басып алды.

Кеше олар шекара­дағы Хваджа Гхар уе­зінің шекара аумағын бақылауға алды. Енді олардың бұл өңірдің барлық территориясын басып алу қаупі төніп тұр. Бұған қоса, қоңсылас жатқан Дашти-Кала, Янги-Кала және Даргад шаһарлары да тәліптердің қарауына өтіп кетуі мүмкін.
Ауғанстан үкіметі әзірге бұл қарулы қарақшыларды қайтара алатындай күшке ие болып отырған жоқ. Ал «Талибан» жауынгерлері тағы Құндыз провинциясындағы Тахармен көрші жатқан Дашти-Арчи уезінің Пули Моманд қаласында тұрған үкімет әскерлері бөлімшесіне шабуыл жасады. Ұрыс­та ауған армиясының 32 әскери қызметкері қаза тауып, 20 сарбаз жараланып қалды. Содырлар олардың барлық қару-жарақтарын, техникалары мен оқ-дәрілерін өздерімен бірге алып кетті.

Тасқын құрбандары – 195 адам

Жапонияның батыс қапталында орын алған нөпір су тасқынында қаза тапқандар саны 195 адамға жетті.

Kyodo агенттігінің хабарлауынша, бұлардан бөлек тағы 60 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қазір іздестіру жұмыс­тарына 70 мыңнан астам адам тартылған. Тағы 6,7 мың адам баспанасыз қалған.
Премьер-министр Синдзо Абэ тасқыннан қатты зардап шеккен Окаяма провинциясында болып, ондағы нақтылы жағдаймен танысты. Ал жұма күні келесі префектура – Эхимеге аттанды.
Жапонияда су тасқыны 7 шілдеде басталып, барлығы 15 префекту­раны топан басып қал­ды. Нәтижесінде жүздеген ғимарат қирап, автомобиль және теміржолдар бүліншілікке ұшырады. Билік қауіп қыспағында қалған 6 млн тұр­ғынды басқа жаққа көшуге шақырып отыр. Тасқын салдарынан Mazda және Mitsubishi көлік жасау зауыттары жұмыстарын тоқтатты.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button