Басты ақпаратҚоғам

Қарақойын тарихынан сыр шертеді

ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері жинағы» атты еңбектің тұсаукесері және «Архив құжаттарындағы өлке тарихы» көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейі мен Астана қаласының Мемлекеттік архивімен бірлесе ұйымдастырылды.

«Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері жинағы» атты алты бөлімнен тұратын еңбектің мақсаты – Қарақойын болысының тарихын архивтік құжаттар негізінде жүйелі түрде зерделеу. Жинақтағы құжаттар хронологиялық және тақырыптық ретте жүйеленіп, құжаттардың бір бөлігі ғылыми айналымға алғаш енгізіліп отыр. Атап айтсақ, кеңестік дәуірдегі Ақмола, Атбасар өңірінің Қарақойын болысына қатысты мәселелер қамтылған жиналыс хаттамалары, ашыққан халыққа көмек жіберу, ауылдардың атауларын өзгерту, мектеп пен дүкен ашу және басқа мәселелер көтерілген жазба деректер анықталды. 1924-1929 жылдардағы Қарақойын болысындағы сауатсыздықпен күрес, ауыл мектептерінің құрылуы, күштеп ұжымдас­тыру, алғашқы ұжымдық шаруашылық, мал шаруа­шылығының дамуы туралы баяндайтын құжаттар да еніп отыр. 1928 жылы мал-мүлікті тәркілеу, ашыққан адамдарға астық үлестіру, оның ішінде берілген астықты үлестірудегі жергілікті атқамінерлердің жауапсыздығы туралы деректер де жеткілікті.

– Архив – тарих айнасы, халықтың деректі ескерткішін, ұлттың тарихын сақтау­шысы. Елордамыз Астана қаласының мемлекеттік архивінің қорындағы құжаттар тарихшылар үшін маңызы зор құндылықтар екені белгілі. Осы тарихи құжаттардың қатарында Ақмола, Атбасар уездері тарихына қатысты деректер аз емес. «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері жинағы» – ғылыми айналымға енбеген, аса құнды тарихи жәдігер. Бұл жинақ өлкетанушылар мен тарихшылардың зерттеу тақырыптары арасынан өзінің орнын табады деп сенеміз. Осы орайда Астана қаласының Мемлекеттік архив ұжымына тарихын зерттеу, сақтау жолындағы еңбегі үшін алғыс білдіремін, – деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Молдабекова өз сөзінде.

Архивтік құжаттарды ел игілігіне жарату шарасының аясында жарық көріп отырған еңбектің құрастырушысы – Астана қаласы Мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, тарих ғылымдарының магистрі Жангелді Бимолдин. Автордың мәліметінше, 1928 жылы үкіметтің қаулысымен аудандарды ірілендіру басталғанда, Қарақойын болысы біржола жабылып, аумағы Атбасар мен Қорғалжын аудандарына берілді.

– Бұл еңбек – «Архив-2025» бағдарламасының аясында жарық көрген алдыңғы қатарлы құнды құжат. Яғни отандық мұрағаттарда жаңа құжаттарды іздеу, жетіспейтін тарихи фрагменттерді қалпына келтіру мақсатында қолға алынып, бүгінде көпшіліктің назарына ұсынылып отыр, – деді Астана қаласының Мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев.

Қазақстан Республикасының Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаевтың айтуынша, Қарақойын-Қашырлы жерін зерттеу тарихшылар үшін тың тақырып.

«Жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Көшпенділер» трилогиясында осы Қарақойынға қатысты «Балуан көл» атты елді мекенді бала кезінде мекен еткенін айтты. Бұл кітаптың құндылығы – осында. Ел тарихы, жер тарихы, ұмыт болған атаулар қайта жаңғырады» деді А.Қашқымбаев.

Іргелі еңбектің лентасын қию рәсімін тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаев пен саясаттану ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышев атқарды.

«Архив құжаттарындағы өлке тарихы» атты көрмеде Қарақойын-Қашырлы жеріне қатысты Астана қаласының архиві қорынан алынған құжаттар және Қарақойын-Қашырлы жерінен археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған ескерткіштер қойыл­ды. Жиынға қатысушылар тұсаукесер рәсімінен соң, көрмені тамашалады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button