Басты ақпаратРуханият

Ақырын жүріп, анық басады

«Армысың, Америка, есенбісің, еңселі ел». «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған осы мақаланы тұшынып оқып, авторы жадымызда жатталып қалған еді. Бұл – 2004 жылдары. Содан бері Қуат Бораштың жолсапар очерктері мен сараптамалық мақалаларын іздеп жүріп оқуды әдетке айналдырдық.

Журналистік қаламы жар­қын өміріне жол ашып, өмір белесінде биік шыңға шыққанымен қарапайымдылығынан, кішіпейілділігінен айнымаған қарымды қаламгер Қуат Бораш 50-дің асқарына шығып, елдіктің жолында абыройлы еңбек етіп келеді.

Белгілі қаламгер Бауыр­жан Омарұлы жазғандай, 13 желтоқсанда Кенияның Республика күні. Сол Кения­ның күнқақты жігіттеріне ұқсайтын қараторы Қуат та несібесі мол азамат болып қалыптасты.

«Ол академик Зейнолла Қабдолов қырық беске, атақты Шыңғыс Айтматов қырық төртке, әйгілі актер Қасым Жәкібаев қырық үшке, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек отызға, талантты сатирик Мұхтар Шерім он беске, қаламгер-қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммед он екіге келген күні туған. Солардың жақсы қасиеттері бойына дарыған шығар, өте тәрбиелі. Ұстамды. Қарапайым. Үлкенді сыйлай біледі».

Өз басым Қуат Борашты жаңашыл журналист, тың тақырыптарға сүрлеу салған суреткер деп баға берер едім. 2004-2006 жылдары журналистиканың есігін қағып, облыстық газетке мақала жазып, шыққан сайын қуа­нып жүретін кездері Қуекеңнің ойы ерек, сөзі зерек мақалалары қолға түсті. Елдің басты газеті – «Егемен Қазақстанның» нөмірлерінен автордың мақаласын іздейміз. Сол жылдары электронды үкімет туралы жазған мақаласын газеттен қиып алып, ондағы әрбір деректі жаттап, мәнісіне мән беруге тырысқан едік ғой! Осыдан 17 жыл бұрын Қазақстанда интернет дендеп еніп, оның игілігі мен кері әсері туралы қызу талдап жүрген уақытта оқырманды цифрлық технологияны меңгеруге шақырады. Әрі АҚШ-тың дамуында интернеттің орны туралы және алғашқы қазақ сайттары туралы баға береді.

Оның ғарыш, энергетика, экономика, жаһандану, әлеу­мет және халықаралық тақырыптағы мақалалары кез келген оқырманды бейжай қалдырмайды. Қысқасы, біздің буын Қуат Бораштың қалың оқырманы болды. Оның тың тақырыпта жазылған мақалаларын сол кездегі жастар талдап, талқылап, өзіне үлгі ететін.

Рас, Қуат Бораштың қаламынан шыққан «Ұлттық сана тәуелсіздігі», «Жұмыр жердің жұмағы», «Барыстар бауырластығы», «Жаңалық жаратқанның сыйы» сынды тақырыбының өзі айқындап тұрған оқылымды мақалалар да «Егеменнің» еншісіне тиді.

Қуекеңнің курстастары мен қатарластары, әріптес­тері мен достары жылы пікір айтып, ізденімпаз, еңбекқор, талғампаз, талапшыл азамат ретінде баға береді. Оның мұндай қасиетті бойы­на сіңіруі кіндігі кесілген ауылдың киесінен һәм адамдықтың, адалдықтың қасиетін сіңірген ақсақалдар институтының жемісі деуге толық негіз бар.

Жастайынан әжесінің сіңімді әңгімелерінен жақсы мен жаманның парқын ажыратып, зейінді болып өскен оның журналистикаға келетіні айдан анық еді. Өйткені зердесіне тоқып, көңіліне түйген түйдек-түйдек ойларды мақалаға арқау етіп, оқырманына ұсынуы тиіс еді. Солай болды да, орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ облыстық басылым «Ақ жолға» мақалаларын бірінен кейін бірін ұсынып, ара тұра мақалалары шығып, жас журналист ретінде таныла бастады. Оның осындай ішкі қуаты оны С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне әкелді. Белсенді, беделді, ізденгіш, еңбекқор студенттер үшін жоғары мектеп зырғып өтіп, үлкен өмірге белсенді араласып кетеді. Қуат Бораш та белсенділігімен көзге түсіп, өзінің жазуға деген машықтығын ерте дәлелдейді.

1993 жылы еңбек жолын «Қазақстан» мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясының редакторы қызметінен бастады. Одан кейінгі жылдары «Қазақстан телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорация­сының репортері, «Райхан-ТВ» телекомпаниясының дикторы, «Тараз-ТВ» қалалық телеарнасының редакторы, «Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясы» ЖАҚ комментаторы қызметін абыроймен атқарды.

2003-2005 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің тілшісі қызметінде болды. Біздің Қуат Бораштың мақалаларын іздеп жүріп оқитын тұс осы кез. Біздің студенттік жылдармен тұспа-тұс келді.

«Егеменнің» сапында жарқылдай көрініп, тақырыптық ауқымы кең сараптамалар мен зерттеулер жазып, мыңдаған оқырманын өрге сүйреген қасиетін аңғарған басшылық жоғары қызмет ұсынады. Ойланбастан Қазақстан Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы қызметіне кірісіп кетеді. «Егемен Қазақстан» газетінде интернеттен именбе деп игілігін жазса, енді Ақорданың цифрлық платформадағы бет-бейнесін жасау міндеті тұрады. Міне, осы істе Қуат Бораш күндіз-түні ізденіп, Ақорданың порталы қалыптасып дамуында айрықша еңбек сіңірді.

Істі тыңғылықты атқарып, жауапкершілікті сезінетін сергек те сезімтал адамдар мемлекеттік құрылымның кез келген сатысында керек. Қуат Бораштың осындай қасиеттері алға жетеледі. Оған Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары, Мемлекет хатшысы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас редакторы, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы қызметін атқарғаны дәлел бола алады.

Бұл күндері Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы қызметін атқаруда.

Аса жауапты саланың мың шаруасын ұтымды үйлестіріп, саланы цифрландыру, заманға сай жетілдіру бастамасын байыптап, тыңғылықты жұмыс істеуде.

Яғни осыдан 20 жыл бұрын жазған цифр­ландыру ұранын іс жүзінде өзі атқарып, сөз бен істің арасына жалғап, қарымды қаламгер, іскер басшы ретінде қалың қазаққа сый-құрметі артып келеді.

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button