Мәдениет

Қарттардың көңілін көтерді

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Халықаралық қарттар күніне арналған «Ата-ана ұлағаты – ұрпаққа аманат» концерті өтті. Кеш Астана қаласы әкімдігі, қаланың Ардагерлер кеңесі және елорданың «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.

Концертке келгендер алдымен Қарттар мерекесіне орай қойылған көрмені тамашалады. Мұнда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарына баратын зейнет­керлердің қолөнер бұйымдары мен салған картиналары орын алды.  Концертке Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қатысып, жиналған қауымды құттықтады. Ол өз сөзінде қала әкімдігі елорда ардагерлеріне жасап жатқан қамқорлығы жайлы айтты. Соның ішінде әр емханада геронтология кабинеттері ашылғанын, қаланың төрт ауданында қарттарға арналған  сауықтыру орталықтары жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Келесі жылы қала зейнеткерлерін Қатаркөл демалыс орнынан басқа республиканың бес санаторийіне жіберу туралы жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сансызбай Сейітжанұлы Астананың өркендеуіне елеулі үлес қосқан, «Мемориалды аймақ» атты екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен жауынгерлерді іздестіру тобын құрған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Майдан Құсайыновты 80 жас мерейтойымен қала әкімі атынан құттықтап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый-
сыяпат жасады.

Концерт барысында астаналық филармонияның қазақ оркестрі, белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Алтынай
Жорабаева, Азамат Жылтыркөзов, Арайлым Рақымқызы, басқа да әншілер өнер көрсетті. Қарттардан құралған өнер ұжымдары да концерттен тыс қалған жоқ. «Есіл толқындары» халықтық  ардагерлер ансамблі композитор Кентау Назарбектің «Арайлы Астана» әнін ұсынды. Сондай-ақ  қалалық ардагерлер ұйымының «Арқа әуендері»,«Ветеран», «Елорда» халықтық хорлары мен ансамбльдері көрермендердің көңілін көтерді.

              Ғалия БАЛТАБАЙ,              

                              Астана қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобы жетекшісінің орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button