Мәслихат

Мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Астана қаласының «Өндіріс» тұрғын алабындағы өзекті мәселенің бірі мектеп жағдайы болып тұр. Қолданысқа жарамай қалған ескі мектеп-кешеннің орнына салынып жатқан жаңа мектептің құрылыс барысына тұрғындар наразы болып отыр.

Жақында Астана қаласының екінші сайлау округынан сайланған Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов құрылысы проблемаға айналып тұрған мектепке арнайы барып, мердігер компанияның басшыларымен, құрылысшылармен кездесті. Бұл жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, Amanat партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов және тұрғын алаптың белсенді тұрғындары қатысты.

Бұл мектеп ескі №12 мектеп-­кешеннің орнына салынып жатыр. Екі қабатты ескі мектеп-кешенде балабақша да болған еді. Әбден тозығы жетіп, апатты жағдайда деп танылған сол мектептің оқушылары 2020 жылдан бері басқа мектептерге ауыстырылған. Ал 600 орынға лайықталып салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы түрлі себеппен кешіктіріліп жатыр. Осы мәселе бойынша Дәулет Тұрлыханов құрылыс компаниясы басшыларымен, қала әкімінің орынбасарымен, қалалық мәслихат депутаттарымен бірқатар мәселені талқылап, құрылыстың неліктен баяулап тұрғанының себеп-салдарын айқындады. Құрылысты жүргізуші «Гидропром» ЖШС директоры Исламбек Култуманов ең басты мәселе қаржыландыруға байланысты болып отырғанын айтады. Қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов мектеп құрылысын бастаған бірінші мердігердің тарапынан жобалау жұмысында қателік кеткенін, кейіннен ол құрылыс компаниясымен шарттың бұзылғанын, осындай жағдайға байланысты жобалау-сметалық іс-шаралар қайта жасалғанын жеткізді. Демек, осындай себептерге байланысты қаржыландыру процесі қайта қаралған, өзгерген.

«Қазіргі кезде қажетті қаражат көлемі нақтыланды, құрылысты жедел жүргізу үшін қаржыландыру ашылды. Күні кеше 200 миллион жіберілді, одан кейінгі ретімен жүргізіледі» деді қала әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда мектеп құрылысында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылысты жүргізуге мүдделі тараптармен ағымдағы мәселені талқылап болған соң, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қолда бар мүмкіндіктің бәрін мейлінше тиімді пайдалана отырып, мектеп құрылысын белгіленген мерзімнен қалдырмай бітіру қажеттігін айтты.

– Бұл жағдай қала шетінде тұратын адамдарға әлеуметтік қиындық туғызып отыр. Қаншама ата-ана мен балалардың проблемасы. Сондықтан бұл мәселе шешілуі керек. Балалар оқуын жаңа жылда жаңа мектепте жалғастыруы қажет. Әкімдік те, мәслихат та, басқа да тараптар өзіне тиісті жұмысты атқарады, – деді Д.Тұрлыханов.

Қала шетіндегі тұрғын алаптың, ел ішінде «Кирпичный» деп аталатын ауданның әлеуметтік проблемасы болып тұрған мектеп құрылысын депутат ұдайы назарда ұстайтынын айтты.

Сонымен қатар жиын барысында қала әкімінің орынбасары Н.Нұркенов тұрғын алапта қоғамдық кеңістік және жекеменшік балабақша салынатынын айтты. Бұл бағытта жобалау жұмысы басталғанын жеткізді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button