ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛАДЫ
Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументi алдында әскерге шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсiмi болып өттi.
Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерi оркестрiнiң сүйемелдеуiмен елiмiздiң Әнұраны шырқалды.
Бұл iс-шара ҚР Президентiнiң жастар арасындағы ұлттық патриоттық сезiмдi қалыптастыру мақсатында тапсырылған «Қазақстан азаматын патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы» аясында нақты көрiнiс тауып отыр. Оның үстiне Қазақстан Республикасының Қарулы күштерiнiң 20 жылдығы мен «Болашақ бүгiннен басталады!» атты республикалық акциясы шеңберiнде өтуi де ерекше маңызды.
Астаналық 130 бозбала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттануға әзiрлiгiн бiлдiрiптi. Олар бiр жыл бойы ел аумағындағы әскери бөлiмдерде қарулы күштердiң қыр-сырын меңгерiп, үйiне бiлiктi әскери болып оралмақ. Отан алдындағы абыройлы мiндетiн атқаруға құлшыныс бiлдiрген осы жастардың қанатының талмай, қажырының мұқалмай, тек төзiмдерiн шыңдап, ел қорғайтын аптал азамат болып оралуына жиналған қауым тiлектестiк бiлдiрдi. 1500 қатысушының басын құрап, «Отан қорғаушылар» монументi алдындағы алаңда сап түзеген жасөспiрiмдер мен әскерге шақырылушы азаматтар, олардың ата-аналары және көптеген қызығушылық танытқан өзге де астаналықтар салтанатты шығарып салу кезiнде игi-жақсылардың сөзiн тыңдап, ақсақал аталарымыздың ақ батасына қол жайды. Тiлек бiлдiрушiлер қатарында «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов, ҚР Қарулы күштерi Ардагерлер кеңесi төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нағұманов, Астана қаласы Қорғаныс iстерi жөнiндегi департаменттiң бастығы, полковник Бақытжан Мұхаметжанов, Алматы ауданы әкiмiнiң орынбасары Түсiп Рысбеков, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев бастаған бiрқатар билiк өкiлдерi жиналды. Ал, Ұлы Отан соғысы ардагерi Петр Комиссаров пен ардагер-ақын Жамалбек Ақылбай жастарға жүрекжарды лебiздерiн айтып, аман-есен оралуларына сенiм артты.
Салтанатты шарада «Мәңгiлiк алау» ескерткiшiне гүл шоқтары қойылды. Содан кейiн әскерге аттанып бара жатқан жiгiттерге рух беру үшiн Қазақстан Республикасының әскери Аэромобильдiк «Қалқан» арнайы жасағының жаттығуларынан шағын көрiнiс көрсетiлдi.
Шынар ӘБIЛДА