Қарулы күштерімнің қауқары
Дұшпаннан өткен досты да көрген дана бабаларымыз оңтайлы жерде қайраулы қанжар, жараулы ат ұстап өмір кешкені бекер болмаса керек-ті. Енді сол жаужүрек жұрттың бүгінгі Қазақстанында қандай қару бар?
Доктринамызға сай дайындық
О бастағы – тек қорғаныс мақсатында және мейлінше бейбіт шешім іздеуді ұстанамыз деген әскери доктринамыз, әскери саламыздың тәуелсіздік жылдарындағы барлық әрекетін айқындап берген болатын. Президент Н.Ә.Назарбаев 2011 жылдың 11 қазанында №161 Жарлығымен қайта жаңғыртқан доктринамызда бейбітшілікті ғана қалайтынымыз анық білдірілген. Бұл жерде, құжат жүзінде жер бетінде «бейбітшілікті» қаламайтын мемлекет қалмағанын атап өткен жөн. Бірақ, Қазақстанды әскери салада сөзі мен ісі қатар жүретін бірегей мемлекет десек болады. Айталық, АҚШ доктринасындағы сияқты, «мемлекетіміздің мүддесі үшін кез келген әрекетті арымыздың борышы деп санаймыз» деген сияқты «құқықтық» саңылау қалдырылмаған. Немесе ақпарат құралдары арқылы өздерін бейбітшіліктің ақ көгершініміз деуге аз қалып отырған Солтүстік Корея да «ебін тауып», құрлықаралық зымырандар мен атом қаруын сынап отыр.
Бұл орайда аталмыш доктринамен таныс емес құрайқайшылардың барын да өкінішпен атап өтуге мәжбүрміз. Арасында ересек азаматтар бары кәдімгідей таң тамаша қалдырады. Мысалы, «мен кеше деректі фильмнен АҚШ-тың лазерлі жерсерігін көрдім, біздер болсақ – әлі калашпен жүрміз» дейді. Мұндайлар қару-жарақтың алыстан талқандауға және жақын ұрысқа арналған екі түрі болатынын білмейді. Айтыңызшы, Қазақстан он мың шақырымдық стратегиялық зымыранды не істеуі мүмкін? Әрине, Қазақстанның қазіргі мәселелері – тактикалық мәселелер. Жаяу әскердің маңызы әлі кетпей тұр. Мазасыз Ауғанстан, соңғы онжылдықта әрі-сәрі күйдегі көршілер ойдағы қарудан гөрі белдегі қаруға назар аударуға мәжбүрлейді. Ал, ол жөнінен әзірге кем емеспіз.
Біргеміз, берік іргеміз
Әлбетте, доктринамыздың бейбіт сарынына қарап, елімізді бейқам ұйықтап жатқан дәуге теңеген болмас. Және тамаша әскери дәстүрлер тоғысқан Қазақстан ондай болуы да мүмкін емес.
Бүгінгі заман талабы сол. Көптеген қорғаныс мәселелерін басқа елдермен бірлесе отырып шешпесе, өз иығымызға көтерілмес зіл болатыны анық. Мысалы, әуе кеңістігімізді Ресеймен бірлесе отырып қорғаймыз. Береріміз де бар. Мәселен, Сарышаған радиолокациялық кешені арқылы жер бетіндегі кез келген нүктеден ұшып шыққан нысанды бақылап отырамыз. Бұларға қоса, өзіміздің жалпы саны 400-ге жуық Су-24(М, МР), 25, 27, МиГ-29, 31, 35 шабуылшы, шабуылшы-бомбалаушы ұшақтарымыз бар. Ал алдын ала хабарлауға, стратегиялық нысандарды пассивті қорғауға (радиолокация), белсенді қорғауға (нысанды атып түсіретін «Жер-әуе» зымыран кешендері) арналған бірқатар жабдықтар және барын есепке алсақ, аспанымызға әзірге сырттан келер қауіп жоқ. Бұл орайда естен шығып кете беретін бір жәйт бар.
90-жылдары атом қаруынан бас тарта отырып, біздер осы аймақтың және әлемнің көшбасшы мемлекеттерінен біртұтастығымызға кепілдік те алғанбыз.
Каспий теңізіне түрен салып, теңіз флотын құрғанымыз есімізде. Қазір Теңіз флотын қарауыл кемелермен өз күшімізбен жарақтап отырған жайымыз бар. Әрине, мұнда да басты мақсатты бірден айқындап алған жөн. Кейбір тұстарда үлеске бөлу мәселесі әрі де бұралаң Каспий аймағының статусы бізге бей-жай қалуға рұқсат бермейді. Бас салып, аймақ алпауыттары – Ресей мен Иранның теңіз күштеріне теңесу мақсат болған жоқ.
Бұларға қоса, Қасымдар мен Баукеңдердің дәстүрі бар жаяу әскерлердің жарағын айтсақ, олар да қарудан кенде емес. Артиллериямыз «С-75», «300» зымырандарынан бастап зеңбіректерге дейін қамтамасыз етілген. Аймақтағы болжалды әскери мәселелерді шешуге толық жетеді. Шынжыртабандардың да үлкен паркі бар. Ал енді автоматты мылтықтар мен мина лақтырғыштар, т.с.с. сияқты қойын-қолтық ұрыс құралдары жөнінен аймақтағы көршілерден артық болмасақ, кем деп ойлауға негіз жоқ.
Біздің Еуразиялық аймақтың қызық тұсы сол: тарихта бұрын-соңды болған қақтығыстардың тәжірибесі солайымен жүзеге аса бермейді. Бұл жағынан біз ерекше жағдайдамыз деп айтуға болады. Соңғы кездері көп айтылып жүрген лаңкестік және экстремистік топтардың қаупі бетпе-бет, позициялық ұрыстың көптеген қағидаларын іске алғысыз етіп отыр. Ауғанстан бағытында тосқауыл болып отырған мемлекеттердің тәжірибесі соны көрсетеді. Аздаған топтарға бөлініп, мейлінше ұтқыр қимылдайтын, көбіне елдің ішінен іріткі салатын лаңкестердің қаупі енді жалпы әскер саласында интеллектуалдық құрамның артатынына меңзейді. Қарадүрсін мылтық оғы енді қалқа емес.
Көрінетін ұшақтар көгімізде…
Қазақ интернетін «шетелдік қару неге алмаймыз?» (Бұл жерде – Ресейдікінен бөтен – Е.О.) деген сауал өткен аптадан бері кезіп жүр. Өткен аптадағы өкінішке толы ұшақ апаты мен одан кейінгі ресми-бейресми көзқарас оқырман қауымды бір толқытып алды. Тіпті, «Стелс-технологиямен жасалған көрінбейтін ұшақ неге алмаймыз осы?» деп жүргендер де жетіліп-артылады. Бұл орайда милитаристік әлемде қалыптасқан бір үрдістің назардан тыс қала беретіні көрініп тұр.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс пен Шығысқа бөлінген екі әлем өмірге көптеген қағидалар алып келді. Мысалы, «NATO» ұшағы Варшава блогындағы елдер мен оларға сыбайлас мемлекеттерге сатылмайды. Оның өз жөні бар. Айталық, ұшақ пен зымыранның қызуға төтеп беретін материалдарының құрамы – аса сақ құпиялардың бірі. Ендеше, жауыңа қаруыңды сату – өз қолыңмен барлығын апарып бергенмен тең. Сәйкесінше, КСРО да ешқашан «NATO» мен оның сателлиттеріне ұшақ пен зымыран сатқан емес.
Енді КСРО күйрегеннен кейін, қаржы тапшылығының қамыты Ресейді көп ұстанымдарын қайта қарауға мәжбүрледі. Ал, NATO болса, сол ұстанымымен қалды. Ендеше, бүгінгі саяси ахуалда, ШЫҰ құрамындағы Қазақстан ешқандай да «F-117», «22-Raptor», «Rafale» сынды NATO-лық үлгідегі ұшақтарды сатып ала алмайды. Олар, тіпті, Қытайға да сатылмайды.
Сонымен, әңгімемізді қару-жарақ саласында көрпемізге қарап көсіліп жатқанымызбен ақтайық. Әзірге көрінетін ұшақтар да жарап жатыр. Ал аспанымыз дәйім осындай ашық, ел тыныш болсын.
Ерлан ОСПАН