Ел тынысы

Қауіпсіздік мәселесіне немқұрайды қарамайық!

Астанада қыркүйек айында Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары өтеді деп жоспарланған. Жарысқа 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Спорттық жарыстар мен мәдени шараларға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Осындай ірі спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ету осы саладағы бұрыннан жинақталған шетелдік және отандық тәжірибені ескере отырып, сондай-ақ оның барысында ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған ұйымдық-құқықтық қауіпсіздік шараларының кешенін әзірлеу маңызды.

Бүгінгі қоғам үшін табиғи апаттармен қатар, Ресей Федерациясында Crocus City Hall сауда орталығында болған қайғылы оқиғадан кейін адам көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болды. Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы немесе 70 мыңға жуық сауда нысандары бар. Оның жартысы – Алматыда, төрттен бірі – Астанада, қалғаны облыс қалаларында орналасқан. Сарапшылардың пайымдауынша, ойын-сауық аумақтардың бестен бір бөлігі ғана сапа және қауіпсіздік критерийлеріне сәйкес келеді. Еліміздегі сауда нысандарының сапа деңгейі дамыған елдердің көпшілігінен төмен.

Сауда ойын-сауық орталықтарында жүздеген түрлі сауда орындарымен қатар, дәмхана, мейрамханалар, кинотеатр­лар, батут және ойын алаңдары бар. Мұндай орындар адамдардың сауда жасап, негізгі бос уақытын өткізетін орынға айналғаны анық. Мәселен, ең ірі сауда үйлерінің бірі «Хан шатырға» жұмыс күндері келушілер саны 40-50 мың адамды құраса, демалыс және мереке күндері 120 мың адамға дейін жетеді. Яғни қауіпсіздік мәселесі маңыз­ды. Қауіпсіздік стандарттарына сәйкес, мұндай орталықтардағы балалар ойын бөлмелері мен кинотеатрлар екінші қабаттан жоғары болмауы және апаттық шығудан 20 метрден алыс болмауы керек. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген сауда орталықтарында балалар ойын алаңдары жоғарғы қабаттарда орналасқан, ал эвакуациялық жолдары қарастырылмаған. Сондай-ақ эвакуациялық сатыларда мүгедектердің жүріп-тұруына арналған пандустар жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, сауда орталығында бір қабатта мыңнан астам адам бір мезетте бас қосатын ондаған қоғамдық тамақтандыру орындары бар. Мұнда қуатты аспаздық құрал-жабдықтарды пайдаланғандықтан, өрт шығу қаупі жоғары.

Құқықтық статистикаға сәйкес, 2023 жылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе сақтамағаны үшін 13 978 әкімшілік құқық бұзушылық оқиға тіркелген. Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу фактілері мен құлыпталған апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіштердің болуы немесе олардың болмауы, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты фактілер анықталған.

Сарапшылардың пікірінше, ғимараттардың қызметкерлерін төтенше жағдай бойынша оқытуға барынша назар аудару маңызды. Мысалы, Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының зәулім ғимараттары 2001 жылы 11 арнайы қызметкерлерді тұрақты даярлаудың арқасында Morgan Stanley банк холдингінің 2700 қызметкерін эвакуация­лауға көмектесті. Бұл компанияның 7 адамы эвакуация туралы хабарламаны елемегендіктен қайтыс болды. Сондай-ақ соңғы кездері әлемдік қауымдастық елдері лаңкестік қауіптерге тап болып отырғанын айта кеткен жөн. Сондықтан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік – ірі халықаралық спорттық шараларды сәтті өткізудің басты шарттарының бірі.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, сауда орталықтарының кіреберістері мен адам көп жиналатын жерлердегі қауіпсіздікті күшейтуге (күзетшілер санын көбейту, оларды арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету), қызметкерлерді жүйелі оқыту, сондай-ақ эвакуация­лау және оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге назар аударуыңызды сұраймын. Эвакуация­ны қамтамасыз ету жүйелерін қосымша сынақтан өткізу (жарық дисплейлері, есіктердің құлпын ашу және эскалаторларды тоқтату), дауыстық хабарламаларды тексеру, сондай-ақ жазғы демалыс алдында мектеп және жоғары оқу орындарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша арнайы оқу сабақтарын өткізуді қарастыруды ұсынамын.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button