Қоғам

«Қазақ еліне мың алғыс!»

Былтыр бас қаламыздың қақ төріне «Қазақ еліне мың алғыс!» атты ескерткіш орнатылған. Монументтің ерекшелігі сол өткен ғасырдың зобалаң жылдары түрлі ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының мейірімділігін бейнелейді. Бірер күн бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен Алғыс күні қарсаңында бұл орынға гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Салтанатты жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, еліміздегі түрлі этно-мәдени бірлес­тіктердің өкілдері, рес­публикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары қатысты.
– Қазақстан халқы осы­мен төртінші жыл қатарынан Алғыс айту күнін атап өтіп жатыр. Елбасының бастауымен қолға алынған бұл мерекенің маңызы өте зор. Өткен ғасырдың қилы-­қыстау кезеңдерінде қазақ жеріне қаншама адам жер аударылып келді. Сонда қазақ халқы ішер асын, тұрып жатқан үйін бөлісіп, сол жандардың тіршілікке ілесіп кетуіне үлкен көмегін тигізді. Ал тұтқында жүргендерге көмек ретінде сүттен жасалған құрт лақтырып, аштықтан аман алып қалған. Қазір бұл ел олардың да Отанына айналды. Міне, Алғыс айту күні қазақ халқының осындай дархан көңіліне алғыс білдіру үшін құрылған мереке, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының бұрынғы орынбасары Леонид Прокопенко.
Ал «Корей этномәдени бірлестігі» төрағасының орынбасары Роза Пак елордада 5500-дей корей ұлтының өкілі тұратынын тілге тиек ете отырып, олардың 350-ге жуығы арнайы орталықта белсенді жұмыс істейтінін жеткізді.
– Қазақ халқының ау­малы-­төкпелі жылдары көрсеткен көмегін кезекті рет еске алып, ата-­бабаларымыздың рухына тағ­зым ету үшін гүл шоқ­тарын әкелдік. Сол бір қиын кезеңдерде тарығып, қиыншылық көріп жүргеніне қарамастан шеттен келген көптеген ұлтқа құшағын ашты. Анам 1937 жылы 24 жасына қарағанда Талдықорған маңайына жер аударылыпты. Қазір ол кісінің жасы 100-ден асты, денсаулығы жақсы, ширақ. Әлі күнге дейін қазақ елінің жасаған жақсылығын аузынан тастамай, жиі айтып отырады, – деді Роза Пак.


Ал тұла бойы қазақ деп тұратын, қазақ деп жүрегі соғатын шешен-ингуш этномәдени орталығының өкілі Магомед Сукалов Ақмола өңірінде туып-өскенін айтып, өткен шақ­тағы естеліктерімен бөлісті.
– Шешен ұлтының қазақ жеріне келгеніне 75 жыл болып қалды. Бұл жердегі қазақтың қам­қор­лығының арқасында өмір сүріп кеттік. Қазақ балаларымен құлын-тайдай бірге өсіп, тұрмыс­тың тауқыметін де бірлесіп өткердік. Шешен халқы бұл елдің жақсылығын ешқашан ұмытқан емес. Құран оқылған тұста қазақ халқын батамызға қосып отыру әдетке айналып кеткен. Осындай құрметі үшін қазақ халқына алғысымыз шексіз!» деп ағынан жарылды Магомед Сукалов.
Жиынға жиналғандардың бірі – «Возрождение» неміс қоғамының өкілі Алена Ренер ата-­әжесінің көрген қиындықтары туралы бөлісті.
– Әжем айтып отыратын, жер аударылу туралы шешім қабылданғанда өздерімен бірге кішкене ғана сөмкесін алып жүруге рұқсат беріпті. Ал жол бойғы қиындыққа бірнеше баласы шыдамай, қайтыс болып кеткен. Келген кезде барар жері, кірер үйі болмаған соң жергілікті қазақтар бауырына басыпты. Қазір елімізде 180 мыңдай неміс азаматы бар. Бәріміз Отанымызды Қазақстан деп білеміз. Өзім Германиядан бөлек әлемнің бірнеше еліне ба­рып келдім. Бірақ дәл қазақ халқындай өзге ұлт өкіл­деріне мейіріммен қарағанын байқамадым. Осы жағынан Германияның Қазақстаннан үйренері көп деп айтар едім, – деді ол.
«Қазақ еліне мың алғыс!» монументін бас қаламыздың 20 жылдығына арнап Қарағанды облысы сыйға тартқан болатын. Бұл ескерткіш қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға жер аударылған көптеген ұлт өкілін бауырына басқан дана халқымыздың ме­йірімділігін бейнелейді.

Ольга АНДРИЕВСКАЯ, «Злата» болгар мәдени орталығының басшысы:

Елбасына алғыс айтамын

– Алғыс айту күнінің алар орны ерекше. Өткенге көз жүгіртіп, тарих қойнауына үңілер болсақ, ата-бабаларымыз жер аудару, аштық, қала берді ату жазасына кесілу секілді түрлі қиындықтар көріп, жақындарынан айрылды. Мұндай тар жол тайғақ кешу уақытында көмек қолын созған қайырымды жандар қашанда алғысқа лайық.
Қазір біз бейбіт күнде жайбарақат өмір сүріп жатырмыз. Осындай ынтымағы жарасқан еліміздің әрбір азаматы мен Елбасына алғыс айтқым келеді.

Ольга АНДРИЕВСКАЯ, «Злата» болгар мәдени орталығының басшысы:

Біздің күшіміз – бірлікте

– Бүгінде біз ынтымағы мен ырысы, татулығы мен бірлігі жарасып тұрған елде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрып жатырмыз. Мұнда түрлі этномәдни орталықтар ашылып, әрбір этнос өкілі өз ана тілін толық меңгеріп, ата-бабаларымыздың тарихын, салт-дәстүрін үйренуіне жағдай жасалып отыр.
Біздің күшіміз – бірлігімізде. Осының арқасында күн санап дамып келеміз. Әлемге бір шаңырақ астында көптеген ұлт өкілі өмір сүре алатынын дәлелдеп, үлгі көрсетіп жүрміз. Өткен ғасырдың қиын кезеңдерінде көмек көрсеткен қазақ халқына мың алғыс!

Тамара ШИРМЕР, «Оберег» украиндар қоғамының төрайымы:

Мейірім мерекесі

– Бұл күн аз ғана уақыттың ішінде игілігі мол дәстүрлі мерекеге айналып кетті. Біз ашаршылық, соғыс уақытын көрсе де мойы­май, өмірлік ұстанымынан айрылмаған, шеттен келген жандарға көмек қолын созып, кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген ата-бабаларымызға алғыс білдіреміз!
Ата-бабаларымыз жер аударылып келгенде қазақ халқынан жылулық көріп, қолдау тап­қан. Осының арқасында украин ұлты Қазақстанды өз Отаны ретінде танып, осында өмір бойы қалып қана қоймай, еліміздің экономикалық және гуманитарлық әлеуетін арттыруға белсенді араласты.
Байтақ Отанымызды мекендеп, оның дамуына үлес қосып келе жатқан жандарға алғыс айтамын! Елімізде бейбітшілік пен ұлтаралық келісім нығая берсін!

Дмитрий ОСТАНЬКОВИЧ, «Радима» белорус мәдени орталығының төрағасы:

Сыйластыққа не жетсін!

– Бүгін еліміздің әрбір азаматы біздің тату және көпұлтты қазақстандық отбасымыз өткен ғасырдың аумалы-төкпелі жылдары біраз жанның тағдырын тоғыстырып, соның нәтижесінде қалыптасқанын біледі. Қазіргі уақытта түрлі этнос өкілдері жер аудару, ұжымдастыру секілді сан алуан қиындықтарды өткерген уақытта өз жеріне, үйіне паналатып, мейірімділігін көрсеткен қазақ халқына алғысы шексіз.
Алғыс айту – қай уақытта болмасын адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнататыны белгілі. Қазақстан халқын осындай маңызы зор мерекелердің бірі – Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, өзара сыйлас­тық, достық пен мықты ұлтаралық келісім тілеймін!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button