Қазақ хандығына арналды
«Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде – «Нұр Отан» партиясының қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Айтулы шара осы жылы атап өтетін қазақ хандығының торқалы тойының қарсаңында өтіп отырған маңызды жиындардың бірі десек болады. Конференцияда ұлтымыздың ұлы тарихынан салиқалы сөз қозғайтын өзекті тақырыптар таңдап алынды. Дәлірек айтқанда, Қазақ хандығы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет ретіндегі генезис мәселелері; Қазақ хандығының дерекнамасы мен тарихнамасы; Хандық биліктің дәстүрлі басқару институттарының эволюциясы және Қазақ хандығы тарихындағы мемлекеттік нышандар секілді ауқымды мәселелер талқыланып, жан-жақты қамтылған байыпты баяндамалар жасалды. Шара аясында «Қазақ хандығы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық сипаттағы мемлекет» және «Қазақ хандығынан тәуелсіз Қазақстанға дейін» деп аталатын екі секция жұмысы ұйымдастырылған. Ғылыми жиынды жинақы жүргізген тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған, шараға алыс-жақын елдерден келген тарихшы ғалымдарға орнымен сөз беріп, ел тарихының өткені мен бүгініне тың тұжырымдар жасап, тарихи танымымызды терең түйсінуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, ғылыми жиын барысында «Қазақ хандығына арналған» кітап көрмесі мен графика-сурет шебері Рахымжан Қасымжанның «Еуразия көшпелілері» атты графикалық көрмесі өтті.
Азамат ЕСЕНЖОЛ